Тәні саудың – жаны сау. Ал денсаулықты нығайтуға спорттың тигізер ықпалы зор. Президент жанындағы «Dara» дарындыларды қолдау қоры ұйымдастырған «Tartyl Fest» турникке тартылу фестивалінде 275 атыраулық бақ сынады. Оларға облыстық әкімдік қолдау көрсетті.
Фестивальдың амбассадоры – Street workout қозғалысының негізін қалаушылардың бірі Айтым Жакуповтың айтуынша, мақсат – бұқаралық спортты дамыту, жастарды саламатты өмірге баулу. Сол себептен оған қатысушылардың жынысына да, жасына да шектеу қойылмады. Қатысуға ниет білдіргендердің бәрі тіркелді.
Қатысушылардың арасында 6 жасар екі бүлдіршін бар. Оның бірі – Ибрагим Асқарұлы турникке 15 рет тартылып, көрермен ықыласына бөленді. Ал екіншісі – Әбдірахман Есенжан 8 мәрте тартылып, спортқа бейім екенін көрсетті. Атыраулықтардың арасынан ең жасы үлкен қатысушылардың легін бастаған 64 жастағы зейнеткер Бақтығали Қаракөзов жастардың құлшынысын оятты.
– Турникке тартылу – жас талғамайтын спорт түрі. Зейнеткер болсам да турникке тартылуды әлі тастамай келемін. Бұл жарысқа жастарды жігерлендіру, құлшынысын арттыру үшін қатыстым, – дейді Бақтығали Қаракөзов. Жігіттермен бірге турникке бір бойжеткен тартылды. Ол – 17 жасар Дана Әбдірова. Оның есімі тек атыраулықтарға ғана емес, Азия құрлығына да танымал. Бала күнінен дзюдо спортымен айналысады. Биылғы сәуірде дзюдошы ару Ташкент қаласында өткен Азия кубогінің иегері атанған еді.
Ал жақында Тайланд елінің астанасы – Бангкок қаласында жалауы желбіреген Азия чемпионатында 57 кило салмақта сынға түсті. Бұл доданың финалында Үндістан балуаны Линтой Чанамбамнан ұтылып, Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Бірақ турникке тартылу татами шеберіне оңай болмады.
Атыраулық жігіттер турникке 4 917 мәрте тартылды. Оның ішінде ең үздік нәтиже Амангелді Утеповтің еншісіне жазылды. Ол турникке екінші кезеңде 33 мәрте тартылып, 80 килоға дейінгі салмақ категориясында үздік деп танылды. Ал 32 рет тартылған Тимофей Хван мен Ақжол Салихадин 18-35 жас тобында 65 килоға дейінгі салмақта бірдей нәтиже көрсетті.
«Tartyl Fest» спорт фестивалінде 9 салмақ категориясы бойынша бірінші орын иеленген жеңімпаздарға 200 мың теңгенің сертификаты мен Нұр-Сұлтан қаласында 8 қыркүйекте өтетін гранд-финалға жолдама берілді. Екінші орын жүлдегерлеріне 100 мың теңгенің, үшінші орынға ие болғандарға 50 мың теңгенің сертификаты тапсырылды.
Атырау облысы