Көмірімен әйгілі рекордсмен қала Екібастұзды сүреңсіздік жайлап тұр. Шаһардағы көпқабатты тұрғын үйлер алдағы қақаған қыста жылусыз қалуы әбден мүмкін. Себебі ондағы жалғыз жылу-электр орталығы технологиялық тұрғыдан әбден тозып, қазандықтары қаусап, құлағалы тұр. Ал кәсіпорын иелері өндірісті жаңартуға қаржы салмақ түгілі, өз қызметкерлері алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін орындай алмай отыр. Бұл келеңсіз жағдай – 140 мыңнан аса тұрғыны бар қала үшін дабыл қағарлықтай мәселе. Түйткілдің түйінін тарқатуға Үкімет деңгейінде араласпаса, қақаған қыста үлкен апат орын алуы ғажап емес.
Петропавлдың жолын құшпасын...
Екібастұз жылу-электр орталығы – өңірдегі ең көне энергетикалық нысандардың бірі. Құрылысы осыдан 70 жыл бұрын Екібастұз ГУЛАГ-ында жазасын өтеген «саяси қылмыскерлермен» қолға алынып, 1962 жылы толық тапсырылған. Алғаш құрылған уақытта да үлкен кедергілерге кезігіп, су тапшылығына тап келген. Көп уақыт техникалық суды кәдімгі цистернамен тасып келген кәсіпорын кейін Қ.Сәтбаев атындағы су арнасының салынуымен бұл машақаттан құтылады.
Тәуелсіздік жылдары бұл орталық бірнеше инвесторды ауыстырып үлгерді. Қолдан-қолға өтіп, ақыр аяғы «Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы» құрамына енетін «Павлодарэнерго» АҚ меншігіне өтіп тынды. Алайда өңірдің энергетика саласындағы бұл алпауыт компания екібастұздық жылу беретін кәсіпорынды оңдырмады. Негізінен бұл станса жылу мен электр энергиясын өндіреді. Одан шығатын барлық қуат қала қажеттілігі үшін жұмсалатынын айту керек. Жеке тұтынушылар мен заңды тұлғалардан жылу мен электр жарығы үшін түсетін төлемақы, төлемақы болғанда ай сайынғы миллиондаған қаражат акционерлік қоғамның қалтасына құйылады. Өкінішке қарай, ол соманы ешкім тап басып айтып бере алмайды. Жеке компанияның басшылығы бұл қаражаттың көлемін құпия түрде ұстап, сыр шашқысы келмейтінінде де бір гәп жатқан сыңайлы.
Бүгінде Екібастұз ЖЭО-да алдағы қысқа қазандықтар мен турбиналарды, технологиялық желілерді дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр-мыс. Алайда жақында оған арнайы барған жергілікті мәслихаттың депутаттары жағасын ұстап қайтыпты. Жай кісі босағасын аттап баса алмайтын стратегиялық нысанның іші шынымен көңіл құлазытарлықтай деседі. Ондағы қаусап тұрған қазандықтар, итеріп қалса құлайтындай жағдайға жеткен ішкі технологиялық желілер, халық қалаулыларының бәтеңкесіне жабысқан шаң-тозаң барғандарды қатты шошытыпты.
Екібастұз қалалық мәслихатының депутаты Арман Әмірғалиновтің сөзіне сүйенсек, «Кәсіпорын тозудың ең соңғы шегінде тұр. Егер жағдай қазіргі тұрғыдан өзгермесе, біздің ЖЭО Петропавл- дағы ЖЭО-2-нің кебін құшатыны анық».
– Бұл орталықтың ішкі тіршілігіне қатысты күмәндарым расталды. Кәсіпорында ағымдағы жөндеу жұмыстары өте баяу, жоспарланған шаралардың небәрі 20 пайызы орындалғанын естіп білдік. Екіншіден, жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігерлердің барлығы анықталмаған. Себебі компаниялардың көбі атқарған жұмысы мен көрсеткен қызметі үшін бұған дейін жылу орталығынан ақшасын ала алмай, сарсаңға салыныпты. Одан мықтап сабақ алған жергілікті құрылыс-монтаждау фирмалары енді ол жаққа аттап басқысы келмей отырғанға ұқсайды. Тіпті барлық жоспарланған жөндеу жұмысы толық атқарылған күннің өзінде де қысқа небәрі 7 қазандық дайын болатын көрінеді. Қыс суық болса, бұл көлемдегі қазандықтардың шамасы қаланы жылумен дұрыс қамтуға жетпейді, – дейді А.Әмірғалинов.
Оның үстіне, шаһардағы жылу желілерінің жағдайы да тым аянышты. Барлық жылу құбырының 89 пайызы тозып, шіріп тұр. Құдай бетін аулақ қылсын, алдағы қыста қыс кәріне мініп, сақырлаған сары аяз апталап тұрып алса, көнерген құбырлардың шыдас беретініне ешкім кепіл емес. Осы уақытқа дейін небәрі 500 метр құбыр ауыстырылып, 3 мың метрге жуық желі ағымдағы жөндеуден өткен. Ағымдағы жөндеу құбырды жаңарту деген сөз емес, ескісін жамап-жасқау екенін зейінді адам бірден түсінер. Ал онсыз да іші-сырты тотығып, иненің ұшына ілігіп тұрған желілер сәл мүмкіндік берілсе саңылау табуға даяр тұратыны айдан анық.
«Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-ның бас директоры Павел Мельничук бу және су жылыту қазандықтарын жөндеу шынымен нашар жүріп жатқанын мойындайды. Мәселен, №12 қазандықтағы жұмыстар небәрі 46 пайызды, №13 қазандықта 39 пайызды құраса, №6 қазандық бойынша белгіленген шараларға мердігер мүлде кіріспепті. Тағы бір қазандық бойынша мердігер табылмай отыр. Жұмыстардың кестеден кешігуінің себептері әртүрлі дейді. Яғни қажетті құрал-жабдықтар дер кезінде жеткізілмеген, материалдар бағасы үнемі құбылып тұратындықтан, келісімшарттарды қайта-қайта бұзуға тура келіп тұр. Алдағы қысқа жоғарыда аталған қазандықтардан бөлек тағы 3 қазандықты талапқа сай ету керек. Алайда бұл нысандарда жұмыстың қашан басталатынын бас директордың өзі тап басып айта алмайды. Анығы, кәсіпорын басшысының өзі қысқа әзірлік сапасы өткен жылға қарағанда айтарлықтай төмен боларын мойындап отыр. «Павлодарэнерго» АҚ-ның екібастұздық еншілес компанияға мүлде жанашырлық танытпайтынын да емеурінмен жеткізді. Мысал үшін, еңбек ұйымы қазіргі уақытта қызметкерлеріне аванс беруге және салықтарды төлеуге 75 млн теңге таба алмай, шарқ ұрып отыр.
Байтал түгіл, бас қайғы
Ең сорақысы, кәсіпорынның өзге еңбек ұйымдары алдындағы қарызы да қордаланып, жылдан-жылға ұлғаюда. «Горводоканал» мен «Богатырь Көмір» кәсіпорындарына жүздеген млн теңге берешек екен. Кәсіпорынның көрсеткен қызметі үшін бюджеттік ұйымдар мен тұтынушылар жалпы сомасы 500 млн теңгеге жуық қарыз болып шықты. Бірақ оның жуыр уақытта қайта қоюы да күмәнді.
Шаһардағы «Отарқа» газетінің жазуынша, таяуда қалалық мәслихат депутаттары кезекті рет кәсіпорынға барып, ұжыммен кездесу өткізгенде қарапайым жұмыскерлердің шағымы айтылған. «Құбыр қаптаушы Райгүл Умиева еңбек етуге жағдай жасалмағанына, еңбекақының төмендігіне шағынды. Тағы бір жұмыскер жұмыс орнының ластығын, шаң-тозаң жұтып әзер тыныстайтындарын айтты. «Бақсақ, бақа екен» дегендей, зияндылығы үшін берілетін сүт 2 айдан бері қолға тимепті, жеке қорғаныш құралдарын көруден қалған. Амалдың жоқтығынан пайдаланылған құралдарды жуып, қайта киеді екен. Мұны естіген халық қалаулылары бас шайқаса, депутат Серік Макаров: «Еңбекті қорғауға жауапты адам жұмысты тоқтатпай қайда қарап жүр?» деп сұрау салып еді, Марина Русинова: «Айтылған сөздің бәрі ақиқат. Мұндайда жұмыс тоқтатылуға тиіс. Алайда оған басшылар рұқсат бермейді», деді», деп жазады қалалық газет.
Осындайда халқымыздың «Байтал түгіл, бас қайғы» деген нақылы еріксізден еске түседі. Жұмыскерлерін қарапайым қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ете алмай отырған кәсіпорын басшылығына «өндірісті жаңартыңдар» деп талап қою қаншалықты қисынды?
Білгеніміздей, бүгінде жылу орталығындағы еңбекақының аздығынан жұмыскерлер де көп тұрақтамайды екен. Ал компания басшылығы бұл тығырықтан шығу үшін қолданыстағы жылу және жарық тарифтерін көтерейік деп ұсыныс тастаған. Бұл ұсынысты қалалық мәслихаттың депутаттары қабылдамапты. Онсыз да көпшілік тұтынатын тауарлар үсті-үстіне қымбаттап, кейбір қызмет түрлері аспандап бара жатқан уақытта тарифті өсіру қисынға келмейтін, жұртшылықтың ашу-ызасын тудыратын құбылыс екенін халық қалаулылары жақсы түсініп отырғанға ұқсайды.
Ең ұтымдысы – мемлекетке өткізу
Осы күрделі мәселе бойынша облыстық мәслихат депутаты, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Серік Сәдуқасовты әңгімеге тарттық. Серік Тельманұлы жақында Екібастұзға барып, орталықтағы жағдайды өз көзімен көріп қайтқан.
– Шынын айтайын, жағдай өте алаңдатарлық. Маман ретінде байқағаным, Екібастұздағы ЖЭО қысқа әзірге дайын емес. Ондағы жөндеу жұмыстары қаржының немесе қажет бөлшектердің жоқтығынан тоқтап тұр. Кезінде мен көп жыл Екібастұз қаласында тұрдым. Дәл осындай күрделі жағдай бірінші рет кездесіп отыр. Кәсіпорын жергілікті бюджеттен жыл сайын миллиондаған субсидия алатынын бұрыннан білетінмін. Алайда дәл осындай күйге түседі деп кім ойлаған. Өндірістегі 10 қазандықтың небәрі 7-еуі ғана биыл қысқа дайын болады делінді. Ол қаланы жеткілікті жылу параметрлерімен қамтуға жетпейтіні белгілі. Серіктестік директоры Карл Вебердің пікірінше, бұл тығырықтан шығудың бірнеше жолы бар. Біріншісі, «Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы» миллиардтап қаражат төгіп, өндіріс технологиясын толық жаңартуы керек. Екінші жолы – мемлекет меншігіне қайтару. «Павлодарэнерго» АҚ кәсіпорынның активтерін нөлге бағалап, оны қазір тегін бере салуға даяр тұр. Меніңше, мемлекет балансына берілген күннің өзінде де жағдай бірден оңалып кетпейді. Аяққа тұрғызу үшін кемінде 3 жыл уақыт керек. Ал ЖЭО-ны жаңартуға жұмсалатын қаражатты Екібастұз қаласы түгілі, облыстық бюджет те тауып бере алмайды, – дейді С.Сәдуақасов.
Сондықтан ең дұрыс жолы бұл мәселеге Энергетика министрлігі араласып, нысанды толықтай «Самұрық-Қазына» иелігіне беру керек деп санайды депутат.
Ал директор К.Вебердің өзі ЖЭО 2022-2023 жылғы жылыту маусымын бірдеңе қылып атқарып шығар, ал келесі жылы нысан жұмыс істейді дегенге сенімді емес екенін ашық түрде жеткізді.
Өткен аптада облыстық табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментінің басшысы Ибрагим Тангиевпен кездесуде «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-ның басшылығы қожайындары орталықты басы бүтін тегін бере салуға келісетіндерін тағы бір мәрте растады. Бұған дейін қала билігі кәсіпорынды өзгеге сату туралы ұсыныспен бірнеше мәрте шыққан. Өз активтерін 11 млрд теңгеге бағалап келген серіктестік бүгінде шынайы құнымыз 500 млн теңге деп мойындап отыр. Аудиттік тексеріс жүргізіліп, нақты құны белгіленер болса, бұл баға одан сайын төмендеп кетпесіне кім кепіл? Себебі онда технологиялық тұрғыдан бағалайтын өндірістік құндылық қалмаған дейді мамандар.
Бір қызығы, осы аптаның сейсенбі күні Павлодар облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Салханов: «Павлодарэнерго» АҚ ақпаратына сәйкес, Екібастұз жылу-электр орталығын сату кәсіпорын жоспарында жоқ. Екібастұз қаласы әкімдігінің Екібастұз жылу электр орталығын сатып алу және техникалық аудит жүргізу мәселесі де қарастырылмаған», деп мәлімдеді. Басқарманың ресми ақпаратында айтылғандай, қазіргі уақытта кәсіпорында №6, 12 қазандықтар және №1 турбина жөнделуде. Бұдан басқа №13 қазандық жоспардан тыс ағымдағы жөндеуге жатқызылыпты. «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан заңына сәйкес электр стансаларының, электр желілерінің, тұтынушылардың электр қондырғыларының энергетикалық жабдықтарының пайдаланылуы мен техникалық жай-күйін бақылауды мемлекеттік энергетикалық қадағалау мен бақылау жөніндегі орган, яғни Энергетика министрлігі атынан Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті жүзеге асырады.
Түйіндей айтқанда, көмірлі қаладағы жылу-электр орталығының қазіргі ахуалы алаңдатарлық. Энергетика саласының жілігін шағып, майын ішкен мамандар бұл қиындықтан құтылудың жолы кәсіпорынды қала билігіне тапсыру екенін айтады. Жекеменшік компания тұрғындардың қысқы қауіпсіздігін ойлап, өз бетімен ұтымды ұсыныстар ойлап табатыны күмәнді. Монополистер бізді бұл тығырықтан мемлекет қана құтқарады деген баяғы әніне тағы басты. Жуықта мәселе облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында талқыланып, орталықтың тағдыры шешіледі деп күтілуде. Біздің тілегіміз, шаһар жұртшылығы үшін тиімді шешім қабылданса екен. Ел билігі Екібастұздай кенге бай қаланың халқын жауапсыз монополистің қолында қалдырып қоймайды деп сенеміз.
Мұрат ҚАПАНҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы