• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Тамыз, 2022

Энергетикалық қауіпсіздік – өзекті міндет

501 рет
көрсетілді

Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – мемлекеттің ұдайы назарындағы басты мәселелердің бірі. Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та осыған қатысты бірқатар тапсырма берген болатын.

Дизель отынына сараланған бағалар белгіленбек

Қазіргі таңда электр энергия­сы қуаттарын іске қосу, атом электр стансасын салу, дизель отыны тапшылығын болдырмау – қоғамда жиі талқыланатын тақырыпқа айналды. Бұл сала­лардағы қордаланған жайттарды шешу үшін қандай жұмыстар қол­ға алынып жатыр, әңгімеміз осы жөнінде.

Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, Қазақстан Республикасына күні­не 4,5 мыңға жуық жүк көлігі кіре­ді, оның 70%-ы – шетелдік көлік. Осындай жағдайға байланысты республикадағы жанар-жағармай құю стансаларындағы төмен бағалар орташа айлық тұ­тынудың шамамен 120 мың тоннаға өсуіне алып келеді.

«Қалыптасып отырған жағ­дайға орай қазіргі уақытта ми­нис­трлік дизель отынына сара­ланған бағаларды көздейтін бұй­рық жобасын әзірледі. Бағалар резиденттікке, тұтыну көлеміне және көлік түріне байланысты сараланады. Осы бағыттағы жұ­мыс мүдделі мемлекеттік орган­дармен және тараптармен жал­ға­сатын болады. Екіншіден, жол битумының тапшылығын бол­дырмау тапсырылды. Жүр­гізілген жұмыс нәтижелері бо­йынша Ресей Федерациясынан гуд­рон импортына квота 280-нен 430 мың тоннаға дейін, сон­­дай-ақ Ақтаудағы битум зауы­тында битум өндірісіне ұл­ғай­тылды, бұл отандық битум өн­ді­рушілерге өндірісті 300 мың тоннаға арттыруға мүмкін­дік береді. Нәтижесінде, жыл са­­йын­ғы жиынтық қуат көлемі жы­лы­на 1,2-1,3 млн тоннаны құ­­рай­тын болады, бұл жол құ­ры­­лысы үшін ішкі нарықтың қа­­жет­­тілігін жабуға мүмкіндік бере­ді», деді ведомство басшысы.

Министрдің айтуынша, тапшылық жол-құрылыс ком­па­нияларының битумды біркел­кі іріктемеуіне байланысты туын­­дайтынын атап өтті. Атап айт­­қанда, қысқы-көктемгі ке­зеңде битум өндіруге өтінім­дер іс жүзінде келіп түспейді. Осы­­ған байланысты ведомс­тво Индустрия және инфра­құры­­лым­дық даму министр­лігі­мен бір­лесіп, қысқы және көк­тем­гі ке­зеңде битум сатып алу үшін бір­ыңғай өнім беру­шіні айқындау мәселесін пысықтауда.

Сұйытылған газ саудасын қадағалау мүмкіндігі

Мемлекет басшысы газ өндіру жөніндегі жаңа жобалар үшін фискалдық преференцияларды пысықтауды тап­сырған еді. Энергетика министрі бұл тапсырманың орындалу барысын да баяндады. Бүгінгі таңда жер қойнауын пайдалануға, оның ішінде газ жобаларына арналған Жақсартылған модельдік келісімшарт тетігін енгізу бойынша заң­намалық өзгерістер топтамасы әзірленген. Мәселен, салықтан босату түрінде реттеушілік және фискалдық преференциялар көзделеді. Сонымен қатар газ жобалары үшін газға ынталандыру бағасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде.

«Заңнамаға тиісті түзетулер осы жылдың соңына дейін қабылданады. Бұл шаралар шамамен 93,6 млрд текше метр көлемінде газдың жиынтық қоры бар газ кен орындарын игеруді және 2030 жылға қарай жылына 6,7 млрд текше метр көлемінде тауарлық газды қосымша өндіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бағалық ауытқуларға жол бермей, сұйытылған мұнай газының сауда-саттығын іске қосу бойынша шаралар қабылдау тапсырылды. Мәселен, сұйытылған мұнай газы биржасына көшу 2023 жылғы 1 қаңтарға ауыстырылды. 2022 жылғы 20 шілдеде биржалық сауда-саттық кезінде бағаның күрт көтерілуіне жол бермеуге мүмкіндік беретін Биржалық сауданың үлгілік қағидаларына өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар бүгінгі таңда сұйы­тылған мұнай газын көлікке ілеспе жүк­құ­жаттарды ресімдеуге міндетті тауарлар тізбесіне енгізу, өткізу көлемі мен баға­сын көрсете отырып, автогаз құю стан­сасының фискалдық чектерді шығаруы бойынша талаптарды қатаңдату секілді өзгерістер пысықталуда», деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, бейінді мемлекеттік органдардың бақылауындағы тапшы тауарлар үшін бірыңғай тауар биржасын айқындау мәселесі де қарастырылуда. Аталған шаралар ашықтықты қамта­масыз етуге және сұйытылған газ саудасы кезіндегі операцияларды қадағалауға мүмкіндік береді.

Қосымша 240 МВт электр қуаты енгізілмек

Б.Ақшолақовтың айтуынша, Мем­лекет басшысының электр энергиясы қуаттарын іске қосу және Біртұтас электр энергетикасы жүйесінің Оңтүстік және Батыс аймақтарындағы электр желілерін күшейту жөніндегі жобаларды уақтылы іске асыруды қамтамасыз ету тапсырмасы аясында бүгінгі таңда 340 МВт электр қуаты іске қосылды. Жыл соңына дейін қосымша 240 МВт электр қуатын енгізу жоспарлануда.

«Сонымен қатар ұлттық электр желісін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде, Батыс энергия аймағының электр желілерін күшейту бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары бар. Жобаның аяқталу мерзімі – 2023 жыл. Оңтүстік энергия аймағының электр желілерін күшейту бойынша техни­калық-экономикалық негіздеме әзірле­нуде. Техникалық экономикалық негіз­деме әзірленгеннен кейін жобаны іске асырудың параметрлері мен мерзімдері айқындалатын болады», деді министр.

Мемлекет басшысы қойған барлық міндет ведомствоның тұрақты бақы­лауында және белгіленген мерзімде іске асырылады.

АЭС құрылысы бойынша жаңа мәліметтер

Б.Ақшолақов Қазақстан атом электр стансасын салу үшін АҚШ технологиясын қарастырмайтынын айтты.

«АЭС-қа қатысты қысқаша айта кетейін. Бұған дейін лайықты техноло­гия таңдау процесі жүріп жатқанын айт­қан едік. Әзірше қандай да бір техноло­гияны таңдап алған жоқпыз. Өткен жылы Түркия, Франция, Оңтүстік Кореяға барып көрдік, Біріккен Араб Әмірліктеріне сапарладық. Жоспарда венгер нысандары бар. Барлық станса әртүрлі технологиямен салынған. Түркияда ресейлік «Росатом» технологиясы тұр», деді министр.

Оның атап өтуінше, аталған елдердегі технологиялардың барлық оң және теріс жақтарын саралау қажет.

«Бірнеше нұсқа бар. Не мемлекет өзі салады не болмаса технология лицензияларына салу мүмкіндігі беріледі. Қауіпсіздік, сейсмикалық зерттеу әлі жүргізіліп жатыр. Дегенмен шамамен құрылыс алаңын айқындап қойдық, ол – Үлкен елді мекені. Осы уақытқа дейін 5 технологиядан тұратын қысқа тізім болған. Біз АҚШ технологиясын қарастырмаймыз деп шештік. Себебі референттік емес блоктан салынады», деді Б.Ақшолақов.

Биыл энергетика саласында 14 жоба іске асырылады

Халықтың табысын ұлғайту бағдар­ламасы шеңберінде мұнай-газ-химия, газ және энергетика салаларында, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері саласында жобалар іске асырылуда. 2025 жылдың соңына дейін шамамен 34 мың жұмыс орнын құра отырып, 73 жо­баны іске асыру жоспарланған. Осы жылы 14 жоба іске асырылып, 9,5 мың жұ­мыс ор­ны құрылады, оның ішінде І жарты­жыл­дықта 6 мыңға жуық жұмыс орны ашылды.

«Отын-энергетика кешенінің ең перспективалы салаларының бірі – мұнай-газ-химиясы. Еліміздің батыс бөлі­гінде мұнай-газ-химияны дамыту үшін қажетті көмірсутек шикізатының кен орындары шоғырланған. Мәселен, Атырау облысында биыл қуаты жылына 500 мың тонна болатын әлемдегі ірі полипропилен өндірісінің бірін іске қосу жоспарланып отыр. Осы жылдың ІІ жартыжылдығында өнімнің бірінші партиясы алынбақ. 2024 жылға дейін Атырау облысында Қашаған кен орнынан алынатын шикізат базасында қуаты 1 млрд текше метр шикі газ шығаратын газ өңдеу зауытын және Батыс Қазақстан облысында қуаты жылына 130 мың тонна болатын метанол өндіру зауытын салуды аяқталады. Бұдан басқа, қуаты жылына 1,2 млн тонна полиэтилен және жылына 186 мың тонна бутадиен өндіру жобалары пысықтаудың әртүрлі сатысында. Осы жобаларды іске асыру шеңберінде тартылатын инвестиция сомасы – шамамен 14 млрд долларды құрайды және 2025 жылға дейін 14 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. 2022 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша мұнай-газ саласында 3 240 жұмыс орны құрылды, жыл соңына дейін қосымша 689 жұмыс орнын құру көзделген», деді министр.

Газ саласында 10 инвестициялық жоба жүзеге асуда

Газ саласында газ тасымалдау жүйе­сін салуға, жаңғыртуға, жылу электр орталықтары мен елді мекендерді газбен қамтамасыз етуге, сондай-ақ тауарлық газдың ресурстық базасын ұлғайтуға бағытталған 10 инвестициялық жоба іске асырылуда. Он жобаның екеуін осы жылы аяқтау жоспарланған, алтауы іске асыру сатысында және екі жоба бо­йынша жұмыстар 2023 жылы басталады. «Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде 2,6 мың жұмыс орны, оның ішінде 2 447 уақытша, 154 тұрақты жұмыс орны құрылады. Биыл І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 855 жұмыс орны құрылды, сондай-ақ жыл соңына дейін қосымша 1 141 жұмыс орнын құру жоспарланған. Электр энергетикасы саласында 2025 жылға дейін 6 мың уақытша және 698 тұрақты жұмыс орны құрылатын 17 инвестициялық жоба іске асырылады. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған жылу электр орталықтарын жаңғырту бойынша 12 инвестициялық келісім іске асырылуда, сондай-ақ Алматы қаласының кабельдік желілерін қайта жаңарту және Батыс Қазақстан мен Атырау облыстары арасында транзиттің екінші тізбегін салу жүргізіліп жатыр. Осы жылдың соңында Алматы қаласындағы 2-ші жылу электр орталығында қуаты 400 МВт-қа дейінгі бу-газ қондырғысының құрылысы баста­лады. Бірінші жартыжылдықта 905 жұ­мыс орны құрылды, екінші жартыжыл­дықта 85 жұмыс орны құрылмақ», деді министр.

Сонымен қатар Қызылорда және Түркістан облыстарында бу-газ қон­дыр­ғысын салуға арналған аукцион аяқтал­ғандығын айтты.

Жаңартылатын энергия көздерінің 40 жобасы іске қосылады

Елімізде әлемдегідей жаңартылатын энергия көздері секторын дамытуға үлкен көңіл бөлінуде. Соған сәйкес жа­салған бағдарлама шеңберінде энерге­ти­калық кешенді жаңғырта отырып, 2025 жылға дейін 3,2 мың жұмыс орнын құру және жаңартылатын энергия көздері бойынша 40 жобаны іске қосу көзделген. Биыл 900-ден астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 11 жаңартылатын энергия көзі жобасы іске қосылмақ.

Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда 5 нысан өз жұмысын бастады. Оның ішінде 3 күн электр стансасы және 330 жұмыс орны құрылған 2 жел электр стансасы бар. Жыл соңына дейін қосымша 577 жұмыс орны ашылады.

Сондай-ақ ведомство басшысы ірі жер қойнауын пайдаланушылар жүзеге асыратын жобаларға тоқталды.

«Биыл Қарашығанақты кеңейту жобасын іске асыру басталды. Өндіру сөресін қолдауға бағытталған осы жоба шеңберінде 2025 жылға дейін шамамен 2,6 мың жұмыс орнын құру жоспарлануда. Ағымдағы жылға жоспарланған 2 мың жұмыс орнының 1,5 мыңы құрылды. Қашаған кен орнында су тазарту қондырғысы бо­йынша жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар Қашағанда өндіруді ұлғайту үшін 2А фазасы мен 2Б фазасын кеңейту жобалары қарастырылуда. Бұл жобаларда 2025 жылдың соңына дейін шамамен 3 мың жұмыс орны құрылады. Сонымен қатар ірі жер қойнауын пайдаланушылардың (ТШО, НКОК, КПО) айналасында түрлі жабдықтарды өндіруге және жеткізуге арналған 18 келісімшарт жасалды. Бұдан басқа, үш компания әлеуметтік нысандар құрылысы аясында 2 мыңға жуық уақытша, нысандар пайдалануға берілгеннен кейін 600-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашатынын атап өткен жөн. «ҚазМұнайГаз» компаниясы 2024 жылға дейін Астрахань-Маңғышлақ магистральдық су құбырын реконструкция­лау және кеңейтудің бірінші кезегін іске қосуды жоспарлауда, оның шеңберінде 1 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. 2023-2024 жылдар аралығында Маңғыстау облысындағы Тоқымақ кен орнында теңіз суын тұщыландыру зауытын салу жоспарлануда, мұнда құрылыс кезінде 242 жұмыс орны, сондай-ақ пайдалануға берілгеннен кейін 116 жұмыс орны ашылады», деді министр өз сөзінде.

Оның айтуынша, 2022-2024 жылдар кезеңінде Жаңаөзен қаласында жаңа газ өңдеу зауытын салу кезінде 361 жұмыс орны құрылатын болады.