• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 07 Тамыз, 2022

Сапа қайтсе жақсарады?

208 рет
көрсетілді

Жол сапасы туралы айтыла бастаса зар илейміз. Елімізде жалпы ұзындығы 96 мың шақырым болатын автожол бар. Соның 24 мыңы – республикалық, 71 мыңы жергілікті маңызға ие. Бірақ қай өңірдің жолы туралы айтсаң да қолыңа ілінер ілік көп. Өңірлер арасын жалғайтын жолдарды былай қойғанда, алақандай қала ішіндегі жолдардың өзі жыл сайын сүріліп, жыл сайын төселіп жатады. Егер көлік бөлшектері базарында сеңдей соғылысып бөлшек іздеген жүргізушілерді көрсеңіз, онда оның көлігінің бұзылу себебінде Қазақстан жолдарының үлесі аса мол деп білгейсіз.

Біздің шенділерде Президент айтпаса қозғала қоймайтын жаман бір әдет бар. Егер әлдебір проб­лемаға Мемлекет басшысы на­зар аудармаса, демек ол проб­лемаға біздің де назар аударуымыз қажетсіз деп ұғынатын сияқты...

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев «Жол сапасы мүлде сын көтер­мейді. Үкіметке «ҚазАвтоЖол» мен «Қа­зақ­автодорды» бірікті­ріп, бірың­ғай автожол компания­сын құру­ды тапсырамын. Нәтижесін­де, қызметкер саны да қысқа­ра­ды», деген еді.

Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрлігінің хабарлауынша, жол құрылысының сапасын жақсарту үшін министрлік жүйелі шаралар мен жаңа тәсіл­дерді әзірлеп жатыр. Ең бірін­ші кезекте, кепілдік мерзі­мін­де ақаулар пайда бол­ған жағ­дайда техникалық, автор­лық қа­д­ағалау және тапсырыс беру­шінің жауапкершілігін күшейту көзделеді. Одан соң әлемнің 100-ден астам елінде қолданылатын ФИДИК элементтерін (мердігер, тапсырыс беруші және инженер арасындағы өзара қарым-қатынас) енгізу арқылы толық аяқталған схема бойынша EPC келісімшарттарын енгізу (жобалау, пайдалану және құрылыс) жоспарланған.

Үшінші міндет – жаңа технологияларды енгізу және кадрларды даярлау.

«Бұдан басқа, сапаны қамта­масыз ету және жергілікті атқа­ру­­шы органдарға қаржылық тәуелділікті жою үшін «Көлік ­туралы» заң жобасының шеңбе­рінде бірыңғай шартқа қол қою тетігі уәкілетті органмен және Сапа орталығымен пысықталатын болады. Бұл шартқа қарамастан әкімдіктердің атына ескертулер беруге және олардың міндетті түр­де орындалуын талап етуге мүм­кіндік береді. Биыл жер­гілікті жолдардың сапасына бақылау жүргізу барысында 9 мыңға жуық сынама алынды, олардың 2,5 мың сынамасы немесе 28%-ы талаптарға сәйкес келмейді», делінген министрлік хабарламасында.

Ескертулерге қарамастан, тап­сы­рыс берушілер объектілерді қа­­­былдап жіберген. Мұның соңы кей өңірде қылмыстық істің қоз­ға­луына (Ақтөбе облысында, Шым­кентте) әкеліп соқтырып жатыр.

«Сонымен қатар қаржылан­дыруды тепе-тең бөлу мәсе­лесі өзекті болып отыр. Міндетте­ме­­лерге қарамастан жекелеген облыстар бұл талаптарды сақ­­та­майды (Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстары). Мысалы, Мемлекет басшысының тапсырмасына қарамастан, Батыс Қазақстан облысында жергілікті жолдарды дамыту қарқыны төмен. Өткен жыл­дың қорытындысы бойынша рес­публиканың орташа көрсеткіші 80% бола тұра өңірдегі жолдар­дың нормативтік жай-күйі 39%-ды құрады», дейді ведомство.