• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 08 Тамыз, 2022

Баға бақыланады

800 рет
көрсетілді

Қазақстан нарықтық экономикалы ел дегенімен, мемлекет бәрібір баға саясатына араласуға мәжбүр. Жақында мемлекет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) бөлшек сауда бағаларын бақылауды енгізді. Оның мақсаты – әділ және болжамды баға белгілеуді қамтамасыз ету.

Алдымен ӘМАТ тізімін атап өтейік. Олар – 1-сұрыпты ұн, 1-сұ­рыпты ұннан жасалған нан, түтік кеспе (өлшеніп сатылатын), қара­құмық (өлшеніп сатылатын), күріш (өлшеніп сатылатын), картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, құмшекер, күн­­бағыс майы, сиыр еті (сү­йек­­тері бар жауырын-төс бө­лігі), тауық еті (сан және жі­лін­шік сүйегі), жұмсақ қап­та­мадағы сүт (майлылығы 2,5%), жұмсақ қаптамадағы ай­­ран (май­лылығы 2,5%), сары май (тұздал­маған, май­лылығы ке­мінде 72,5%), тауық жұ­мырт­қасы (I санаты), ас тұзы («Экстра»-дан басқа) және сүз­бе (майлылығы 5-9%).

Сауда және интеграция ми­нис­трлігінің хабарлауынша, шек­ті сауда үстемесінің рұқсат етіл­ген мөлшері өндірушінің сату бағасының немесе көтерме сауда жеткізушінің сатып алу баға­сының 15%-ынан аспайды. 15%-дан асып кетсе, әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 204-4-бабы негізінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

ӘМАТ бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында Сау­да комитеті «үй жанындағы» дүкен­дердегі сауда үстемесін бақылау бойынша әкімдіктерді үйлестіруді жүзеге асырмақ. Кейінгі аптада жүргізілген рейд кезінде 40,3 мың «үй жанындағы» дүкен қамтылып, онда 734 сауда үстемесін бұзу­шы­лық анықталған.

«Ең көп бұзушылық Нұр-Сұл­тан қаласында (278) және Шығыс Қазақстан облысында (80) анықталды. Одан әрі Түр­кістан облысында (38), Батыс Қазақстан облысында (33), Қостанай облысында және Маң­ғыстау облысында (32-ден), Жеті­су облысында (30) бағаны негіз­сіз өсірген. Түсіндіру жүргізу нәти­жесінде сауда объектілері ӘМАТ-қа сау­да үстемелерін 5-15%-ға дейін тө­мен­детті. Бұл ретте сауда үстемесін асыра пайдаланғаны үшін әкімшілік сипаттағы шаралар қолданылды, ішкі сауда субъектілеріне қатысты ескерту түрінде 126 әкімшілік хаттама толтырылды, 1 айыппұл салынды», делінген сауда комитетінің хабарламасында.

Сауда комитетінде атап өт­кен­дей, тексерістер ірі қалалар мен облыс орталықтары, сондай-ақ аудан орталықтарында да жүр­гізілмек. Мониторингтік топ­тардың құра­мына қоғамдық ұйым­дар мен пар­тиялардың өкіл­дері де кіреді.