Тегін түстеп, аты-жөнін атамай-ақ қояйық. Әнеугүні Б. есімді жерлесіміз телефон арқылы хабарласатын алаяқтардың арбауына түсіп, жиырма миллион теңгеден астам қаражатты бөтен елдің шотына аударып жіберген. Тақырға отырған азамат төрт бірдей банктен 16 миллион теңгенің несиесін арқалап қалды. Құқық қорғау органдары қаскүнемді қолға түсірмек түгілі, ізіне түсе алмай дал болып отыр.
Әлгі азамат тым сенгіш болар ма, тіпті банкте жылдар бойы жинап келген 2 миллион теңге депозитін шешіп, салып жібергенін байқамай қалыпты. Оқиға былайша өрбіген екен. Б.-ға әлдебір ер адам телефон соғып, өзін Ішкі істер министрлігінің тергеушісімін деп таныстырған. Оның атынан азамат Д.-ға бас сенімхат берілгенін және екінші деңгейлі банктерден ол тап қазір Б.-ның атына несие ресімдемек болып жатқанын хабарлайды. Жалған тергеуші тіпті қоңырауды Ұлттық банктің «қызметкеріне» ауыстырып, ол өз кезегінде Халық банкінде «рәсімделген» несие туралы растаған. Зәресі ұшқан Б. жөпелдемеде не істерін білмей сасқалақтағаны анық. Әлгілердің қаскүнем әрекетін қайдан білсін, берген нұсқаулықтарының барлығын орындап, «алынбаған несиені» жабу үшін бірнеше банктен қомақты сомада қарама-қарсы несие ресімдейді. Сөйтеді де, бір теңгесін қалдырмай көрсеткен шотқа қаражатты аударып жібереді. Онымен қоймай, депозиттегі сары майдай сақтап келген ақшасы да кете барады.
Облыстың прокуроры Қайрат Әбдіханов дабыл қақты. Соңғы бір жылда интернет арқылы алаяқтардың арбауына түсіп, қомақты қаржысынан айырылған азаматтар саны тым көбейіп кеткен. Егер 2018 жылы алаяқтық сипаттағы қылмыстардың үлесі жалпы қылмыстық оқиғалардың оннан бір бөлігін құраса, қазір әрбір үшінші қылмыс алаяқтық санатында екенін айтады.
Алаяқтық схемаларда қаскүнемдер көбіне құқық қорғау органдарында жұмыс істейтін жоғары шенді лауазым иелерінің атын жамылады екен. Осы жылдың алғашқы жартысында өңірде алаяқтық бойынша тіркелген қылмыс саны 26 пайызға (802-ден 1011-ге дейін), оның ішінде интернет технологияларды пайдалану арқылы жасалған қылмыс саны 34,7 пайызға өсіп кеткен. Алаяқтық фактілері бүгінгі күні соңғы онжылдықта ең көп таралған қылмыс түрі – ұрлықтан да асып түсті. Бұл ақпараттық технологиялардың белсенді дамуымен байланысты. Күнделікті өмірде смартфондарды, банктік қосымшаларды жиі пайдаланатын, онлайн платформалар арқылы тауарлар сатып алатын және тағысын-тағы құрбандарды қаскүнемдер іздеп жүріп құрығына түсіреді.
Соңғы кездері инвестициялық жобалармен бүркемеленген алаяқтықтың түрлері белең ала бастады. Өзгені қойып, ел билігінің басында отырған лауазымды тұлғалардың фотосуретін қойып қойып, жұртты арбайды. Осы ретте тағы бір мысал айтып өтейік. Павлодар қаласының П. есімді азаматы әлеуметтік желіде Kaz Minerals компаниясына инвестиция салу арқылы табыс табуға болатыны туралы хабарландыруды көзі шалып қалған. Әлгі сайтқа тіркелсе, ғайыптан бір адам телефон шалып, өзінің брокер екенін жеткізіпті. Пайда тапқың келсе, ұялы телефонына тез арада SvchiKorb қосымшасын жүктеп ал да, ондағы шотты елу мың теңгеге толтыр деп кеңес береді. Кейіннен қаскүнем бірнеше сәтті келісім жасалғаны және шотқа «виртуалды табыс» түскені туралы хабарлап, сүйінші сұрайды. Жәбірленуші жалған брокерге сенді ме, әлде өте көп ақшаның буына мастанды ма, одан да көп соманы бірінен соң бірі ашкөздікпен аудара бастаған. Ақыр соңы жалпы сомасы сегіз миллион теңгеге толтырған. Ең қызығы, телефон тұтқасының ар жағындағы алаяқ бұл сомамен шектелтпей, операциялардың көлемін 12 млн теңгеге апарып бір-ақ тіреген. Сөйтіп, ертесінде жалған брокердің телефоны сөніп қалады. Осылайша, ойда жоқта олжаға кенелмек болған жерлесіміз аяқастынан сан соғып, жәбірленушілердің қатарын толықтырды.
Облыс прокуратурасының дерегінше, қазіргі уақытта әртүрлі интернет-алаяқтық қылмысын (пәтерді жалға беру, интернетте сату, телефон алаяқтары және т.б.) жасады деген күдікпен 17 тұлғаға қатысты іс тергеліп жатыр. Жыл басынан бері осы санаттағы істер бойынша аймақта 29 адам сотталды.
Мұрат ҚАПАНҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»