• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 09 Тамыз, 2022

Гузалия Гафурова: Азия ойындарында үшінші рет топ жарғым келеді

958 рет
көрсетілді

«Қола деп барып, алтын алдым»

– Оңтүстік Кореяның Инчхон қала­сындағы Азия ойындарынан соң отбасын құрдыңыз. Қызды болдыңыз. Отағасы да каратэ спортының шебері. Қате­леспесем, қызыңыз алты айлық ке­зінде Таразға келіп, жаттығуға кіріс­тіңіз. Азия ойындарында екі рет қата­рынан топ жаруыңыздың сыры неде?

– Алланың қалауымен 2016 жылы тұрмыс құрдым. Отбасын құру – әрбір адамның арманы. Арада бір жыл өткен соң ана болу бақыты бұйырып, Раяна есімді қызымыз дүние есігін ашты. Сол 2017 жылдың желтоқсан айында жеке бапкерім қоңырау шалып, алдағы қаңтар айынан бастап жаттығуға кірісуіміз керек екенін айтты. Оған дейін әңгімелесіп жүрген кезімізде де байрақты бәсеке алдында бабыма келуім керектігін түсіндім. Әйтсе де қызым алты айлық кезінде жат­тығуға кірісемін деген ойым болған жоқ.

Алайда ерте бастан қамданбасақ, рейтинг бойынша Азия ойындарына үлгермейтін едік. Сондықтан отағасы, қызым үшеуміз елордадан Таразға көшіп келдік. Сөйтіп, «ұрыста тұрыс жоқ» деп іске кірістік. Нұр-Сұлтан қаласында жүріп те дайындықты пысықтайтын мүмкіндікке ие едім. Бірақ бірінші­ден, өзімнің туып-өскен жеріме деген патриоттық сезімім Таразға тартты да тұрды, екіншіден, бапкерімді сатып кететіндей көріндім. Оның үстіне туған жерімді қатты жақсы көремін.

Азия ойындарында екі рет қатарынан жеңіске жетуімнің себебі неде? Ең алдымен, бұл Жаратқанның маңдайға жаз­ғаны, бұйырғаны. Екіншіден, бапкерім екеуміздің ұзақ уақыт бойы төккен тері­міздің өтеуі шығар. Декреттік демалыс­тан қызым алты айлық кезінде ерте шық­қаныма еш өкінбеймін. Соның нәти­жесінде, сегіз ай дайындалдым. Екін­ші рет қатарынан құрлықтық ойындарда топ жаруым менің ғана еңбегім емес, бапкерімнің де білгірлігінің, кәсібилігінің нәтижесі.

Мұндай жарысқа қарсыластар дайын­дықсыз келмейтіні анық. Өйткені Азия ойындары төрт жылда бір рет өтеді. Деңгейі жағынан біз үшін Олимпия ойындарынан кейінгі екінші аламан. Негізінде ешкім мені чемпион атанады деп ойламаған. Оған себеп, декреттік демалыста болдым. Үшінші орын алсам сол жетеді деген оймен барғанмын. Алайда ондай сөзді естігенде бапкерім маған ұдайы ұрсатын. «Енді ғана қайтадан оралып жатырмын ғой» десем: «Сен бәрібір чемпион боласың, жеңесің! Біздің қолымыздан бәрі келеді. Біз мық­тымыз. Сен соған сенуің керек!» деп жігер­лендіретін. Осы сөздерді күніге қайталап, миыма құйып отырды, құйып отырды.

Қысқасы, додадағы қарсыластар мықты болды, ал біз олардан да мықты екенімізді көрсеттік. Жартылай финалда қабырғамды жарақаттап алдым. Финалға сол жарақатпен шықтым. Коман­дамыздағы білікті дәрігер көмек­тесті. Дегенмен жылдам қимылдауым, секіруім қиынға соқты. Сондықтан тактиканы қорғанысқа құрдық. Жекпе-жектің соңғы секундында ғана соққы жұмсауды жоспарладық. Бәрі де біз ойлағандай болды. Мили секунд қалғанда негізгі әдісімді қолданып, соққыны дарыттым. Бапкерім төрешілерден бейнеқайталауды көрсетуді талап етті. Осылайша, соңғы секундқа дейін 0:0 болған есеп 2:0-ге айналып шыға келді.

– Жанкүйерлер сіздің қол жет­кізген жетістіктеріңізді жақсы білге­німен, спортқа қалай келгеніңізді біле бермейді. Жаттығуды қанша жасы­ңызда бастадыңыз?

– Спортпен 12 жасымда шұғылдана бастадым. Анам «осы қызым өз-өзін қорғай алатын болсын» деген оймен мені жаттығу залына жіберіпті. Алайда кәсіби спортшы болсын деген ниеті болмаған шығар. Спортқа бет бұрғаныма бір ай толмай тұрып-ақ жарысқа қатысып, жеңімпаз атандым. Содан бастап анашым: «Бұл спорт сенің жұлдызыңды жарқырататын секілді. Алла бұйыртса, әлі талай мәрте чемпион боласың», деп мені қанаттандырып жүрді.

Ол кезде Байзақ ауданына қарасты Қызылжұлдыз ауылында тұрдық. Сон­дағы Намазбай Ақшабаев атындағы орта мектепте каратэ секциясы ашылып, сол жерде сүйікті спортыммен айналыса бастаған болатынмын.

– Бапкеріңіз Дулатбек Құсбеков сіздің кішкентай кезіңізден жеңіске же­телеп келеді ғой… Одан өзге қандай жат­тықтырушылармен жұмыс істе­діңіз?

– Ол кісі сол жылдары колледжді бітіре салысымен мектепке бапкер болып жұмысқа орналасты. Мен ең бірінші қатысушы ретінде секцияға жазылдым. Дулат ағайды тек қана бапкер ретінде емес, өзімнің үлкен ағам ретінде құрметтеймін, сыйлаймын. Бойындағы барлық жақсы қасиетін үлгі тұтамын. Тек спортта ғана емес, өмірде де маған қол ұшын беруге әзір тұратын азамат.

Облыс құрамасының сапына енген кезде Дулат ағайдан бөлек Болатжан Нәрметов каратэнің қыр-сырын үйретті. Сол кезде ол кісі біздің облыстың аға жаттықтырушысы қызметін атқарды. Аға жаттықтырушы оқу-жаттығу жиындарын өткізіп тұрды. Ол жиындарға Дулат ағай да барып жүрді. Дегенмен жауапкершілік жүгі Болатжан Нәрметовтің иығына түсті. Сондай-ақ федерация президенті Марат Стамқұлов та бос уақытында біздің жаттығуымызға келіп, қасымыздан табылды. Өзінің тәжірибесімен бөлісіп жүрді. Кейін Дулат ағаймен бірге Арман Сұлтанбеков те жаттықтырды. Асхат Қосақовтан да айла-тәсілдерді үйрен­дім. Асхаттың шәкірттерімен бірлескен жаттығулар өткізетін кездеріміз болды. Ондай сәттерде дайындық жұмыстарын Асхат жүргізеді. Оған да қатысып көр­дім. Ұлттық құраманың қатарына қо­сылған сәтімде Парвиз Мансұров ұлт­тық құраманың бапкері болатын. Сол ақтаулық азаматтың да тәлімін алдық. Тәжірибесі мол бапкерден де көп­теген дүниені үйрендім. Ұлттық құ­рамаға ұзақ жыл еңбек сіңірген осы кісі Қазақ­стандағы каратэнің дамуына, әлемдік деңгейде танылуына бір кісідей үлес қосты деп айтуға толық негіз бар. Айта берсек әңгіме көп. Басқа да мықты бап­керлердің шарапатын көріп жүрмін.

«Әділет Раянаға Болгариядан кимано әкелді»

– Осыдан біраз жыл бұрын Раяна қызыңыздың киманосы бар екенін әлеуметтік желіден көрдік. Жалпы, тұңғышыңыздың каратэші болғанын қалайсыз ба? Оған сол киманоны отағасы Әділет әперді ме, әлде сіз бе?

– Спорттық киімді әкесі Әділет Болга­риядан әкеліп берген болатын. Ол кезде Раяна алты айлық еді. Әрине, спортшы бола ма, болмай ма, ол жағын өзі ше­ше­ді. Қазір оны жаттықтыруға аса көп уақы­ты­мыз жоқ. Әкесі жаттықтырушы ретін­де еңбек етіп жүр. Мен де қазір тек спорт­шы емеспін, жаттықтырушымын. Раяна мектепке барғаннан кейін жатты­ғуы­на мықтап ден қоямыз. Спорт ұнаса, жалғас­тырар, ұнамаса өзі шешеді. Қай саланың маманы боламын десе де қол­даймыз.

– Сіз екінші мәрте Азия ойындарына аттанғанда қателеспесем, Раяна 1 жастан енді асқан болатын. Қызыңызға жоғарыда айтқандай ата-енеңіз қарады ма, әлде Әділет пе? Бәл­кім өзіңізбен бірге жарысқа алып кеткен боларсыз…

– Мен Азия ойындарына қатысқан кезде және дайындық барысында Раяна­ны ата-енем қарады. Әділет ала таң­нан қара кешке дейін жұмыста болады. Сондықтан ол қанша жерден қаласа да, физикалық тұрғыдан қызымызға қарауға шамасы келмес еді. Оның үстіне Раяна бірінші кезекте ата-апасының қызы. Дайындық процесі мен Азия ойындарын қоса есептегенде 25 күн бойы қызымды көрмедім. Бұл мен үшін өте ауыр болды. Қазір де ара-тұра оқу-жаттығу жиы­ны кезінде апталап қыздарымды көр­меймін (Гузалия жақында ғана екінші рет декреттік демалыстан шықты – Т. М). Бірақ бұл – менің таңдауым. Осы жолды қалап алған соң көздеген мақсаттарға қол жеткізу, маған сенген адамдардың сенімін ақтауым керек. Алайда мен не істесем де, отбасымның болашағы үшін еңбектенемін.

– Кезінде анаңыз сіздің спортшы болуыңызға мүдделі болғанын түсін­дім. Дегенмен уақыт өте келе туыс­тарыңыз: «Гузалия, сен қыз бала­сың, осы каратэ дегенді тасташы» деп өтініш айтпады ма?

– Анам да, туған-туысқандарым да, Әділет те, ата-енем де ешқашан менің жолыма тосқауыл болған емес. Қайта айналамдағы кез келген азамат тарапынан тек қана қолдау көріп келемін. Маған сенім артқан сайын жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуге тырысамын. Сол жолда талмай тер төгемін.

Әділет маған жар ретінде ғана емес, бапкерім ретінде де қарайды. Кейде үйде жүргенде «теп, ұр» деп қолын тоса қалады. Мені үйде жарыстарға психологиялық тұрғыдан дайындайды. Тірлік істеп жатқан кезде де жаттығу жасатып қоятыны бар. Онысы ұдайы бабымда болғанымды қалағаны әрі арқа сүйер азаматым бар екенін білдіргені. Қазақ таза, адал азаматтар дүниеге келген отбасыны «текті әулет» деп атап жа­тады. Мен де сондай текті әулеттің бірі Үсенбаевтардың отбасының келіні болғанымды мақтан тұтамын.

«Сол жеңіліс көңіл күйімді нілдей бұзды»

– Жеңіс, әрине, эйфориялық сезім сыйлайды. Жеңілген сәтте қандай күйде боласыз. Кімдер бірінші болып қасыңыздан табылып жұбатады?

– Расында да, жеңістің дәмі тәтті. Шаттанасың. Шын пейіліңмен қуанасың. Тек ғажайып сезімді бастан өткересің. Шынында да, эйфориялық күй кешесің. Ол сәттегі сезімді сөзбен айтып жеткізудің өзі қиын ғой. Тек сезіну керек. Спорт болған соң, өкінішке қарай, жеңілістер де болып тұрады. Жеңіліс адамға өз әсерін тигізбей қоймайды. Көңіл күйің бұзылады. Өз-өзіңе ренжисің. Бұрындары сәтсіздікке ұшыраған кездерде анам, әпкелерім, достарым жұбатып отыратын. «Бүліне қойған ештеңе жоқ. Бұл бар болғаны спорт қой. Ондай-ондай болып тұрады. Ең бастысы, амансың, денің сау. Алда сәулелі күндер күтіп тұр. Әлі-ақ бәрі жақсы болады» деген сияқты сөздермен көңілімді аулайтын. Қазір ол санатта Әділет және ата-енем бар.

Раяна дүниеге келгелі бері сәтсіз­дік­терге ұшыраған сәттерде бірінші кезек­те соның алдында ұялып жүрдім. Кәдім­гідей қысыламын. Өйткені оны апталап көрмеймін ғой. Жаттығу залында жүремін. Шүмектеп тер төгемін. Ал жеңілген кезде: «Мүмкін сол уақытта қызымның қасында отыруым керек пе еді. Оны тастап, сонша дайындалған­да ойдағыдай нәтиже көрсете алма­дым», деп бір кісідей күйзеліске түсемін. Не қызымның қасында бола алмаймын, не медаль жоқ. Өзіме сол үшін өкпелеймін. Сондай-ақ бапкерлерім мен туған-туыстарымның алдында да қатты ұяламын. Сенімдерін ақтай алмадым деп ыңғайсызданамын.

– Сіз үшін кәсіби спорттық мансап маңызды ма, әлде отбасы ма?

– Әрине, мен үшін бірінші кезекте отбасым, туған-туыстарым, жақындарым жоғары тұрады. Алайда спорт – менің өмірімнің бір бөлшегі. Қазірге дейінгі өмірімнің жартысынан көбін сүйікті ісіме арнадым. Сондықтан спортты төмен қоюға болмайды. Алайда отба­сың­ның орны бөлек. Отбасының жылуына, қолдауына ештеңе жетпейді. Ең маңыздысы да – сол.

– Алғашқы жеңісіңіз бен алғашқы жеңілісіңіз есіңізде ме?

– Оны ұмыту мүмкін бе екен? Ең алғашқы жеңісіме Қаратау қаласында өткен жарыста қол жеткіздім. Ол кезде спортпен шұғылдана бастағаныма бір ай да толмаған болатын. Бұл – менің бірінші жарысым. Ең бірінші турнирімде бірінші орын алғаным естен кетпейді. Балалық көңілмен өте қатты қуандым, бақыттан басым айналғандай күй кештім. Анашым да мәз болып, қуанышымды бөлісті. Сол күні Қызылжұлдыздағы барлық көр­шілерім жиналып, алғашқы жеңісімді жақсы көңіл күйде атап өттік.

Ең бірінші жеңілісім Петропавл қала­сында болды. Ол күн мен үшін ауыр күндердің қатарында. Тұңғыш рет облыс аумағынан шығып, сыртта­ғы жарысқа аттандым. Мені сол жарыс­қа жіберу үшін анашым бізге тиесілі жердің бір бөлше­гін сатып жіберді. Сөйтіп, мені жалғыз жібермей, қасыма әпкемді қосты. Сол кезде жан дүнием астаң-кестең болып кетті. Сенім үде­сінен шыға алмағаным үшін қатты өкіндім. Анашымның менің ешкімнен кем болмауым үшін жеріміздің жартысын сатып жібергенін ойлап, тіпті күйзеліп кеттім. Ол кез есіме түссе, әлі де мұңаямын.

– Екі рет декреттік демалыста бол­ғаныңызға қарамастан үшінші рет Әлем чемпионы атандыңыз...

– Иә, былтыр қараша айында Түркия елінде өткен жаһандық додада топ жару­дың сәті түсті. Үшінші рет әлем чемпио­ны атанғанда ғажап сезімді бастан өт­кердім. Бұйыртса, алдағы жылы өтетін Жазғы Азия ойындарына қатысып, үшінші рет жеңіс тұғырынан көрінсем бе деген ниет те жоқ емес.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Табиғат МҰСЫЛМАНҚҰЛ,

«Egemen Qazaqstan»