Energyprom аналитиктері 2022 жылдың қаңтар-наурыз аралығында отандық кәсіпорындардың етті қайта өңдеу және консервілеу, сондай-ақ ет өнімдерін өндіру көлемі 101,1 млрд теңгені құрағанын, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 28,8 пайызға көп екенін мәлімдеген еді. Халықаралық сарапшылар да ет өндірісі бойынша Қазақстанның әлеуеті айтарлықтай жоғары екенін айтады. Дегенмен бұл саладағы жетістігіміз де, әттеген-айымыз да бір-бірімен иық тірестіріп тұр.
Сауд Арабиясы мен Жапонияға экспорттайды
Қазақстан ет экспортын біршама арттырмақ. Жақында ғана Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Сауд Арабиясының Азық-түлік өнімдері мен дәрі-дәрмектер басқармасы арасындағы екіжақты белсенді ынтымақтастық нәтижесінде қазақстандық 5 ет өңдеу кәсіпорны Сауд Арабиясына қой еті мен сиыр етін экспорттауға құқығы бар кәсіпорындар тізіліміне енгізілді.
Енді отандық «Алтын қазық» ЖШС (Ақмола облысы), «Ақтөбе ет кластері» ЖШС (Ақтөбе облысы), «Empire Food» ЖШС (Алматы облысы), «Meat Processing and Service LLP» ЖШС (Алматы облысы) және «Кублей» ЖШС (Батыс Қазақстан облысы) Сауд Арабиясына ет жеткізумен айналысады. Бұған дейін 2021 жылғы 6-14 қыркүйек аралығында Сауд Арабиясының ветеринариялық қызметінің мамандары қазақстандық 5 ет өңдеу кәсіпорнына инспекция жүргізген болатын. Осылайша, отандық кәсіпкерлер басқа елдердің аумағында қазақстандық мал шаруашылығы өнімдерін өткізудің жаңа нарықтарын игеруді жалғастыруда.
Сондай-ақ профилді ведомство Жапонияның ауыл, орман және балық шаруашылығы министрлігімен орнатқан екіжақты белсенді ынтымақтастықтың нәтижесінде Жапонияға жылқы етін экспорттау мүмкіндігіне ие болды. Бұл міндетті 9 қазақстандық ет өңдеу кәсіпорны атқармақ. Олар – «Kaindy» ЖШС (Алматы облысы), «ASEM-ZHETYSU» ЖШС (Алматы облысы), «Meat processing Complex Bizhan» ЖШС (Ақмола облысы), «Asyl-Asyl» (Атырау қаласы), «Kuanysh» ЖК (Атырау қаласы), «Birlestic» ШҚ (Қарағанды облысы), «EURASIA INVEST LTD» ЖШС (Қарағанды облысы), «ARAY KZ» ЖШС (Қарағанды облысы), «BEEF EXPORT GROUP» ЖШС (Қостанай облысы).
Бұған дейін аталған тізілімге 34 қазақстандық кәсіпорын енгізілген болатын. Осылайша, бүгінгі таңда жалпы 43 отандық ет өңдеу компаниясы өз өнімдерін Жапония аумағына экспорттай алады.
Ет өндірісі бойынша халықаралық сарапшы Фрэнк Грэйвс сиыр етін өндіру бойынша Қазақстанда үлкен әлеует бар екенін айтады. «Жақсы күтім жасап, азықтандыру, әрине, ет өндірісін ұлғайтудағы маңызды нәрсе. Бірақ бұқалардың өнімділігі мен репродуктивті сиырлардың көбею қабілетін арттыру үшін әр жаңа төлде генетикалық қасиеттерді жетілдіру, жаңа технологиялар мен жетістіктерді пайдалану қажет. Бұл тұрақты түрде тұқым беретін сиырлардың жасын 15 жасқа дейін арттырады», дейді сарапшы.
Күзде баға қымбаттайды
Өзімізде сойылып, өндірілген етті сыртқа сатқанымыз жөн-ақ. Бірақ базардағы бағаның шырқап бара жатқанын көз көріп отыр және одан ет пен ет өнімдері де тысқары қалмайды. Мамандар күзде ет бағасының одан әрі қымбаттайтынын айтып дабыл қағады. Angus Qazaqstan республикалық палатасының директоры Дәурен Салықовтың айтуынша, күзде ет бағасының өсуіне фермерлер емес, делдалдар кінәлі болмақ.
«Күзде баға өседі. Ол бағаны фермер емес, ортадағы делдалдар бақылайды. Меніңше, фермерлік дүкендер қауымдастықпен тікелей жұмыс істеуі керек. Бағаны қолдан тежеу – уақытша құбылыс. Ол ертеңгі күні шетелдік қымбат еттің импортталуына әкеліп соғады. Әрі оның сапасы да Қазақстан етіндей емес», дейді ол.
Қазақстан ет одағының атқарушы директоры Асқар Жұбатыровтың сөзінше, күзде сиыр еті килосына 3-3,5 мың теңгеден сатыла бастауы мүмкін. «Қазір ол 2,6-2,8 мың теңгеден сатылып жатыр. Кей өңірлерде килосы 3 мың теңгеге де жеткен. Фермердегі өзіндік құны 2 мың теңгені құрайды. 2021 жылы ет бағасы орташа есеппен 11 пайызға қымбаттады. Қой еті – 15, сиыр еті 8 пайызға өсті», дейді А.Жұбатыров.