Күнделікті күйбең тіршіліктің соңына түскен халық кейде бойын дерт меңдегенін байқамай да қалады. Байқаған күннің өзінде «әне қараламын, міне көрінемін» деп ерініп жүріп, сырқатын екі есе асқындырып алып жататыны тағы бар. Ал асқынған аурудың адамды әбігерге салатыны, тіпті кейде дерт қатты жаулаған жағдайда кісі шығыны орын алатыны белгілі. Сол үшін де тұрғындар уақытты сағызша созбай, уақтылы скринингтік тексерулерден өткені ләзім.
Өңірде алғашқы жарты жылдың қорытындысы бойынша қанша адам скринингтік тексеруден өтті? Азаматтардың басым бөлігінен қандай ауру түрлері анықталды? Жалпы, скринингтік тексеруден өтудің пайдасы қандай? Осы сауалдарды облыстық денсаулық басқармасының басшысы Әсет Қалиевке қойған едік. Басқарма басшысының айтуынша, бұрынғыға қарағанда жамбылдық жұртшылық скринингтік тексеруден өтудің маңызы зор екенін тереңірек түсіне түскенге ұқсайды. Содан да болса керек, өңір тұрғындарының белсенділігі артқан. Әйтсе де, аурудың кейбір түріне шалдыққан азаматтардың қатары сирейтінге ұқсамайды.
«Ілгеріде азаматтар ауруды әбден асқындырып барып қана дәрігерлердің көмегіне жүгініп жататын. Бұл әлбетте дұрыс емес. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөздің мәнісін қазір халық та жақсы түсіне бастады десек, қателесе қоймаспыз. Қолда бар деректерге көз жүгіртсек, өңір тұрғындары денсаулыққа баса назар аудара бастағанын түсіне түсеміз. Жалпы, скринингтік тексеру бірнеше бағыт бойынша жүргізілетінін айта кеткен жөн. Профилактикалық тексеруден 0-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер өтуге тиіс. Өңір бойынша 344 425 бала осы бағыт бойынша тексеруден өтуі қажет болса, бүгінге дейін олардың 164 545-і қамтылды. Нақты нәтижеге зер салсақ, 14 822 баланың түрлі дертке шалдыққаны анықталғанын көреміз. Олардың барлығы да есепке алынды. Тексеру нәтижесінен аңғарғанымыз, балалардың басым көпшілігінің көзінде ақау бар екен. Сондай-ақ тірек-қимыл жүйесіндегі әртүрлі өзгерістер де сол санатқа жатады. Бүгінгі таңда оларды оңалту бойынша нақты жұмыстар атқарылуда», дейді басқарма басшысы жағдайды түсіндіріп.
Ә.Қалиевтің айтуынша, ересектер арасында жүргізілетін скринингтік тексерулер бірнеше бағыт бойынша ұйымдастырылып келеді. Ал өңір тұрғындарының басым көпшілігі жүрек-қан тамырлары ауруына жиі шалдығады.
«Ересектер арасындағы скринингтік тексеру негізінен алты бағыт бойынша жүргізіледі. Олардың қатарына жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, глаукома, жатыр мойнының қатерлі ісігі, сүт безі, тоқ ішек және тік ішектің қатерлі ісігін ерте анықтау кіреді. Аталған бағыттар бойынша бүгінде нақты жұмыстар қолға алынған. Жалпы, өңір бойынша осы жылы 201 864 тұрғын скринингтік тексеруден өтуі керек. Алғашқы алты айдың қорытындысы бойынша 141 264 азамат дер кезінде тексерілді. Нәтижесінде, 13 253 азаматтың бойында түрлі дерт бар екені анықталды. Облыс тұрғындары негізінен жүрек-қан тамырлары, қант диабеті, глаукома секілді дерттерге көптеп шалдыққан. Әсіресе азаматтардың жүрек-қан тамырлары ауруына жиі шалдығатыны белгілі болып отыр. Артериялық қан қысымы жоғарылағандардың қарасы басым. Аталған азаматтардың барлығы да есепке алынды. Тексеру нәтижесінде сүт безі бойынша 39 713 тұрғынның 26 904-інің жағдайын зерделедік. Нәтижесінде, 4 752 азаматтың дертке шалдыққаны нақтыланды. Бұл жерде аталған азаматтардың барлығы бірдей қатерлі ісікпен ауырып отыр деуге келмейді. Тұрғындарды дер кезінде есепке алып, жұмыстар жүргізген ләзім. Оны жақсы түсінеміз. Ерте қамданған жағдайда аталған ауру қатерлі ісікке ауысқан күннің өзінде емдік шаралар жасап, жағдайды оңалтуға болады. Ал глаукома мен қант диабеті секілді дертке шалдыққан науқастардың саны аз. Бізде жылдың соңына дейін уақыт бар. Скринингтік тексеруден өтуге тиіс тұрғындардың барлығын жылдың аяғына дейін қамтитын боламыз», дейді басқарма басшысы.
Ә.Қалиевтің айтуынша, скринингтік тексеруден өтудің тұрғындар үшін мол пайдасы бар. Уақтылы тексерілген жағдайда адамдар қандай сырқатқа тап болғандарын дер кезінде біліп, ертерек емдеу шараларымен қамтылмақ.
Өңірде адам өлімі көбінесе жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан тұрғындар арасында жиі ұшырасады. Сондай-ақ тыныс алу жүйелері зақымданған, онкологиялық дертке шалдыққан, жол-көлік апатына ұшырағандардың да өмірмен қош айтысуы жиілеген.
«Өңір тұрғындары скринингтік тексерудің маңызы өте зор екенін тереңірек түсінсе дейміз. Ауруды бастапқы кезеңде анықтағаннан ешкім ұтылмайды. Тиісінше науқас адамның емделуіне мүмкіндік мол болса, біздің мамандар да аянып қалмақ емес. Жұрт айтып жүргендей онкологиялық ауру салдарынан бақилық болғандардың басым бөлігі үшінші және төртінші сатыға өткен азаматтар арасында тіркеледі. Сондықтан да азаматтар дер кезінде тексеріліп тұрғаны жөн», дейді Ә.Қалиев.
Расында да қамданған қарап қалмайтынын нақты түсінетін кез келіп жетті. Тұрғындардың бұрынғыға қарағанда белсенділік таныта бастағаны қуантады. Әйтсе де, кейбір азаматтардың ауруды асқындырып алатын жағдайлары аз емес. Олар да дер кезінде емделудің пайдасы зор екенін түсінсе дейсің...
Жамбыл облысы