Ежелден келе жатқан бұл кеселдің аты көп, біздің халық «талма», «ұстама ауруы», «қояншық» десе, біздің дәуірімізге дейін де «Құдайлар ауруы», «қасиетті ауру» туралы талай трактаттар жазылған. Әбу Әли ибн Синаның да бұл кеселдің белгілерін бүге-шігесіне дейін сипаттап жазғандары бар.
Алайда дамыған медицинаның өзі тұқым қуалайтын талай дерттің дауасын толық таба алмай келеді. Біздің дәуірімізге дейін 400 жыл бұрын «қасиетті ауру» жайында бірінші болып трактат жазып шыққан Гиппократ талма ауруы күн, жел, суықтың әсерінен болатын мидағы өзгерістер деп түсіндірді. Қазіргі күні талма ауруы – бас сүйек мидың созылмалы ауруы деп есептеледі.
Дегенмен, эпилепсияға душар болу себебі әлі де толық анықталмаған. Көбінесе, сәби құрсақта жатқанда не туғаннан кейін миында ісік болуынан, ми шайқалғаннан немесе қабынуынан, мидың әртүрлі ауруларынан болады дейді. Егер әке-шешесі маскүнем болса да балалары эпилепсияға шалдығуы мүмкін. Ауру ұстар алдында адамның басы ауырып, мең-зең болады, қолы дірілдеп, көзі қарауытады, бір жерді шыр айналып, айқайлап, есінен танып құлайды. Аузынан көбігі ағады, басын соғып, тілін шайнайды. Денесі сіресіп, көгеріп қатып қалады да, бірнеше секундтан кейін басын соққылап, селкілдей бастайды. Бұдан кейін науқас адам біразға дейін есін жия алмай, ұйықтап кетеді. Оянғанда не істеп, не қойғанын білмейді. Кейде ауру жеңіл ұстап, селкілдемей-ақ есінен танып құлайды, ұстама тез басылады. Эпилепсияның қайталап ұстауы көбіне ешбір себепсіз болады. Кейде қорыққанда, бір нәрсеге ашуланғанда, шаршағанда жиілеуі мүмкін. Эпилепсияның ұзақ уақыт ұстайтын түрі де болады. Мұндай кезде науқас адам селкілдеп құламайды. Бірақ психикалық әрекеті өзгеріп, мінез-құлқы бұзылады. Науқас тұнжырап, айналасында болып жатқан жағдайға көңіл бөлмей, өзіне қойылған сұраққа жауап бермейді. Оның көз алдына әртүрлі зат елестейді, дыбыс естіледі, әр жерден бірдеңе іздеп әуреге түседі. Қасындағы адамға ретсіз тиісіп, ұрысады, үйден шығып кетуі де мүмкін. Кейде өзін өзі жұлып, бетін тырнайды, қолына түскен затты сындырады, айқайлап, жылап, қатты күйзеледі. Ұстама біткеннен кейін осы істегендерінің біреуін де есіне ала алмайды. Эпилепсия асқынған сайын жиі ұстап, науқас адамның мінезі, жүріс-тұрысы, ой-өрісі өзгеріп, ойын дұрыстап жеткізе алмайтын болады. Ұмытшақ болып, болмашы нәрсеге ренжіп қалады. Өзін ренжіткен адамға өшігіп, ол адамды ешқашан ұмытпайды. Қысқасы, талманың түрі де, пайда болу себептері де әртүрлі болып келеді. Ең бастысы, дәрігерлер алдымен эпилепсияға не себеп болғанын анықтап алады.
Сонымен талма ауруын хирургиялық отаның көмегімен емдеп жазуға, яки озық медициналық технологиялардың араласуымен науқастың денсаулығын жақсартуға, жағдайын жеңілдетуге бола ма?
Мысалы, жуырда ел аузында «Совминка» деген атаумен жүрген Президент Іс басқармасы Медициналық орталығы – Орталық клиникалық ауруханасында Қазақстанның жетекші эпилептологтерінің «Фармакологиялық-резистентті эпилепсия. Хирургия алды диагностика қағидалары және емдеу тәсілі ретінде вагус стимуляциясы» тақырыбында дөңгелек үстелі өтіп, еліміздің жетекші нейрохирургтері эпилепсияны емдеу тәсілдеріне талдау жасауға тырысып бақты.
Жоғарыда атап өткендей, бұл кесел біздің заманымызға дейін де болғаны белгілі. Медициналық зерттеулер сол кездегі адамдардың оны құдайдың жіберген жазасы дей отырып, науқастың бас сүйегін тесіп, операция жасау арқылы жынды науқастың бойынан қууға тырысқанын дәйектейді.
Айтқандай, «талмасы ұстаудан» небір әулие, пайғамбарлар, ойшылдар мен талантты жазушылар, хан тұқымдары да зардап шексе, бұл дерт Сократ, Платон, Нобель, Достоевский, Флобер, Ван Гог, Нострадамус, Жанна д’Арк, Наполеон, Иван Грозный, І Петр сынды тұлғаларды да айналып өтпегені аян.
– Шындығында да, бұл ауруды «қасиетті» деп атайды. Әлмисақтан бұл дертке душар болудан бәрі қорыққан, оған шалдыққанның ішінде жыны бар деп есептелген. Бірақ эпилепсия мен сирек кездесетін зияткерлік қабілеттердің арасында байланыстың болуын ғылыми жолмен әлі растаған жоқ, дегенмен жоққа да шығармайды. Қазіргі таңда эпилепсиядан 50 миллиондай адам зардап шегеді және бұлар әртүрлі жастағы, түрлі қабілет иелері. Қазақстанда ресми түрде эпилепсияға шалдыққан науқастар саны – 76 мың, алайда дерек дұрыс емес. Өйткені бұл кеселге душар болған пациенттердің көпшілігі есепке тұрмайды, дәрігерге бармайды, емші-домшыға емделіп, өкінішке қарай, дертін асқындырып алады, – дейді Орталық клиникалық ауруханасының нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Марат Саршаев.
Айтарлықтай тәжірибе жинақтап келе жатқан отандық нейрохирургтердің осы бас қосуында мамандарға ең негізгі сауалдарды қойып үлгерген едік.
– Заманауи медицина бұл аурудың себептерін қалай сипаттайды?
– Эпилепсияның пайда болу себептері әр түрлі. Бұл – генетикалық фактор, босанған кездегі, бас сүйек-ми жарақаттары, улану, метаболикалық бұзылу. Уақыт өте келе науқастардың – суықты сезіну, көзге көрінетін галлюцинациялар, тежелінген жағдай сияқты жағдайлардан талмасы ұстайды.
– Ендігі жерде эпилепсияны емдеп, отаның көмегімен жазуға бола ма?
– Дәрігерге дер кезінде жүгінген жағдайда оқиғалардың 60%-дан астамын дәрі-дәрмекпен емдеуге болады. Бірақ препараттарды дұрыс таңдау үшін тұрақты түрде дәрігердің бақылауында болуға тиіс. Өйткені кейде дәрі-дәрмек те көмектеспейді немесе жанама әсері болуы мүмкін. Дөңгелек үстелде біз ауыр жағдайлардағы заманауи операция туралы пікір алмастық. Вагусты стимуляциялау дегеніміз – мойын бөлігіндегі кезбе жүйкеге стимулятор орнату, бергіш көмегімен жүйкеге әсер ететін және талма санын азайтатын зарядтар өтіп жатады. Қазір лекте бұл операцияны ПІБ МОА нейрохирургтері жасап отыр. Бұл команда 2018 жылдан бері операциялар жасап келе жатқандықтан, тәжірибесі де бар. Алматыда әзірге ересектердің талмасына операциялар жасалған жоқ, тек қана балаларға жасап жатыр. Дөңгелек үстел өткізіп, астаналық дәрігерлермен тәжірибе алмасқаннан кейінгі жоспарымыз – біздің аурухананың базасында ересектерге операция жасауды бастау керек.
– Кейде науқастардың талмасы көпшілік ортасында кенеттен ұстап қалады. Осындай кезде қалай әрекет еткен дұрыс?
– Мұндай жағдайда барынша қорықпаған дұрыс және ол адамды көмексіз қалдырмау қажет. Оны қауіпті аймақтан – жолдың жүріс бөлігінен, судан шығарып, тырысып жатқан кезінде осыған, жарақаттарына себеп болатындай заттарды алып тастау керек. Қолдағы бар заттың көмегімен тілін тістеткізбеуге әрекет жасаудың қажеті жоқ. Мұның науқасқа пайдасынан гөрі зияны басымырақ болуы мүмкін. Адамды түкірігіне шашалып қалмау үшін қырынан жатқызып қою керек. Егер талма 1 минуттан көпке созылса, жедел жәрдем шақыру керек.
АЛМАТЫ