• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Тамыз, 2022

Ватикан басшысы Қазақстанға келеді

671 рет
көрсетілді

Биыл Қазақстан мен Ватикан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жыл толып отыр. 1992 жылы 15 ақпанда екі ел арасында нота алмасу жүзеге асырылып, 17 қазанда Қазақстан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің ішінде және Азиядағы бірінші ел болып Ватиканмен ресми дипломатиялық қатынас орнатты. Сол жылы Қазақстанда Ватиканның дипломатиялық өкілдігі және Апостолдық нунциатюр ашылды. 1998 жылы Қазақстан мен Ватикан арасында өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Бұл маңызды ынтымақтастықтың тарихы туралы Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина өз сөзінде «Қазақстан – әрқашан дінаралық көзқарастарға түсіністік және сыйластықпен қарайтын көпұлтты мемлекет. Ынтымақтастық қарым-қатынастағы отыз жыл ішінде Қазақстан мен Ватикан басшыларының бірнеше кездесуі өтті. Отыз жыл ішінде биыл Рим Папасының елімізге екінші сапары жоспарланып отыр. 2001 жылы 23 қыркүйекте Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың шақыруымен Рим Па­пасы Иоанн Павел ІІ еліміздің қадірлі мейманы болған. Бұл елеулі оқиғалар туралы материалдар Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің Архивінің қор­ларында сақтаулы. Қазақстан ежелден Шығыс пен Батыстың арасындағы өркениеттер тоғысы болған. Тарих қой­науынан бастап осы аймақта түрлі дінге бағынушылықтың түп төркіні қалыптасып, әр деңгейде өрбіген. Егемендігімізді еңсерген күннен бастап, азаматтарымыз діни сенім бостандығы құқығына ие болды. Қазақстанның демо­кратиялық реформа жасап, тең құ­қықта дамуының негізгі бір тұтқасында діндар адамдардың еңбегі зор. Тек бейбітшілік, ұлтаралық және дінаралық татулық арқылы біз тарихтың толғаулы кезеңдерінен мойы­май өтіп, тек қана экономикалық және саяси ұстанымдарды ғана дамытпай, рухани еркіндікті шыңдай білдік», деп тоқталып өтті.

Әлем халқы жақсылықтың жаршысы деп таныған Шапағатты Әкейдің жиырма бір жыл бұрынғы елімізге келген сапарында «Саған, Қазақстан және сенің барлық тұрғынына Құдайым рақымын түсіріп, сенің болашағыңа келісім мен бейбітшіліктің нұрын төксін», деп дұға тілеп сөйлеген сөзі Пре­зидент Архивінің 5-Н қорында сақталған.

Мұнда Рим Папасы Иоанн Павел ІІ «Еуразия аумағының дәл кіндігінде орналасқан осынау қайырымды да ұлан-байтақ елдің елордасына, тіке­лей Астана қаласына дейін менің қадамдарыма басшылық еткен Құдайға тәубе қыламын. Сан ғасырлық әрі сан алуан рухани және мәдени дәстүр­дің мұрагері болған, ал қазіргі кезде жаңа әлеуметтік және экономи­калық мақсаттарға ұмтылып отырған көп­этносты мемлекеттің бастауын қалаған осынау Жерге тебірене тәу етемін. Көптен бері мен бұл кездесуге құштар едім, сондықтан да Қазақстанның барлық тұрғынның ықыласы мен сүйіс­пеншілігін құшағыма ала білген менің қуанышым шексіз», деп мейірлене айтып өткен.

Қазақстанның тәуелсіздік жолында күрескен түрлі кезеңін тізбектей келіп, дүниежүзі халықтарына өнеге болған тәжірибелі шешімдеріне де тоқталып өткен еді. Ол өз сөзінде «Қа­зақстан басқа халықтармен, ұлт­тармен және мәдениеттермен мүдделес ынтымақтастықтың «көпірлерін салу» үшін қажетті алғышарттардың – туыс­қандықтың, диалог пен өзара түсініс­тіктің рухында өркендеуді қалайды. Нақ осындай келешегі зор мүдде тұрғы­сында Қазақстан 1991 жылы батыл бас­тамасымен Семейдегі ядролық полигонды жабу туралы шешім қабылдап, кейіннен ядролық қарудан біржақты бас тартуды жариялады және Ядролық сынақтарға толық тыйым салу туралы келісімге қосылды. Осы шешімнің негізінде сіздерде даулы мәселелерді қару қолдану арқылы емес, келіссөздер мен диалогтың бейбіт құралдарын қолдану арқылы шешкен жөн дейтін сенім орнықты. Мен ынтымақтастық пен бейбітшіліктің өзекті талаптарына тамаша сәйкес келетін, адамдарда нығая түскен саналылықпен талпынып отырған мұндай тәртіп бағытын мақтамай тұра алмаймын», деп тәнті болып, ризашылығын білдірген еді.

Үшінші мыңжылдықтың басында зайырлылық пен ынтымақтас­тықтың рухын таныта білген және әлем діндерінің бейбітшілікті орнық­тырудағы рөлін қолдаған Қазақстанға алғысын төккен Шапағатты Әкей Иоанн Павел ІІ «Қа­зақ халқы, сені Елді шынайы прогресс тұрғысынан, ын­тымақтастық пен бейбітшілік рухында мемлекет құрудың жауапты міндеті күтіп тұр. Қазақстан – азапқа түсушілер мен діни нанымдағылар жері, айдалғандар мен қаһармандар жері, ойшылдар мен сурет­керлер жері, ештеңеден тайын­ба! Егер сенің денеңе түсірілген жара­қаттың ізі терең де сан түрлі болып қалса, егер материалдық және рухани қалып­қа келтіру ісінде қиыншылықтар мен ке­дергілер пайда болса, ұлы Абай Құнан­байұлының: Адамшылықтың алды – махаббат, ғаділет сезімі. Ол жарат­қан тәңірінің ісі (Қырық бесінші сөз) (ұлы ақынның бұл сөзін Рим Папа­сы қазақ тілінде айтты) деген сөздері сен үшін дәру әрі құлшыныс болсын», деп рухани күш-жігер сыйлап, дұға еткені қазақстандықтардың жадында жайдары пейілде сақталып қалған еді.

Дәстүрлі діннің қайсысы болсын бірігуге, адамның өзіндік санасының қалыптасуына ықпал етуге, басқа халық­тарға, олардың мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне құрметпен қарап, төзімділікке тәрбиелеуге шақырады. Еліміз – түрлі конфессия мен этнос өкілінің тату-тәтті өмір сүруінің айқын үлгісі болып әлемге танылып отыр. Мыңжылдықтардан бүгінгі ХХІ ға­сырға жеткізген дін жолындағы өзара түсіністік бәрінен жоғары болып келген. Бүгінде зерттеушілердің еңбектерінен католицизмнің біздің өлке­мен ынтымақтастық тарихы қаған­дық, хандық дәуірімізден бастау алатынын дәлелдейтін дипломатиялық хат алмасулармен танысып жатырмыз.

Біздің ел дініне, діліне, тіліне, нә­сіліне қарамастан әлемдегі халықтар ара­сындағы кедергілерді шегеруге, тең құқықты қарым-қатынасты дамы­туға бағытталған бірқатар бастаманы жүзеге асырады. Бұл бағытта Қазақ­станның бас­тамасымен 2003 жылдан бері үш жыл сайын өткізілетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шыларының съезін айтуға болады. Ауқымды шараның негізгі мақсаты – конфессияаралық және этносаралық қатынастардағы зорлық-зомбылық пен террорға қарсы діндер диалогын жүзеге асыру үшін тұрақты халықаралық кон­фессияаралық институт құру. Алғашқы съезден бастап рухани көш­басшылар болашақтағы үйлесімді әлемнің негіздері ретінде адамзат үшін бейбітшілік пен өркениеттің өрлеуін қамтамасыз ету және барлық қоғамда тұрақтылықты сақтау бағытындағы бірлескен іс-әрекеттері туралы декларация қабылдаған еді. Бүгінгі таңда бұл ұйым бүкіл әлемнің діні мен өркениеті мойындаған, барлық дәстүрлі дін басшысы міндетті түрде қатысуды құрмет тұтатын халықаралық іргелі форумға айналды.

Съезді ұйымдастыру және өткізу бойынша сол кездегі ұйымдастырушы орган – Қазақстан Республикасы Пре­зиденті Әкімшілігінің құжаттары, хаттамалық шешімдері мен тапсырмалары, жоспары, шақыру жөніндегі ақпараттық жобалары, хат алмасулары және әрбір жылғы өткен съездің нәтижесінде қабылданған ма­ңызды құжаттар мен декларация­лар Президент Архивінің қорында сақтаулы тұр.

2022 жылдың сәуірінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Рим Папасы Францискпен бейнеконференция арқылы келіссөздер жүргізіп, нәтижесінде Понтификтің елімізге биылғы 13–15 қыркүйегінде ресми сапармен келетіні анықталған болатын. Ватикан осыған дейін ұйымдастырылып келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездеріне қатыспаған еді. Бүгінгі католик шір­кеуінің билеушісі Понтифик Франциск осы басқосудың VII съезінің жабылуы­на және оның қорытынды деклара­циясының қабылдануына алғаш рет қатыспақшы. Бұл Қазақстанның кон­фес­сияаралық диалогтың сенімді алаңы ретіндегі мәртебесін растайтын бірегей оқиға болмақ. Сол күні Пон­тифик Франциск көрші елдерден келген және жергілікті Рим-католик шіркеуінің дін қыз­меткерлерімен, семинаристерімен кездесуді көздеп отыр.

Дипломатиялық ынтымақтастықтың жаңа даму үрдісі ретінде Қазақстан мен Ватикан тек діни тұрғыдан өзара ын­тымақтастыққа сенім артпай, өр­кениеттің өзге де өзекті салалары – білім, мәдениет, әлеуметтік және гума­нитарлық бағыттардағы ынтымақ­тас­тықты кеңейту мақсатында бірқатар іс-шараны қолға алған.

 

АЛМАТЫ