• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 12 Тамыз, 2022

Сақтандыру нарығында көрсеткіштер өскен

540 рет
көрсетілді

Жылдың бірінші жартысында өмірді сақтандыру нарығының негізгі көрсеткіштері өсе түскен. Қазақстан Қаржыгерлер қауым­дастығының мәліметінше, өмірді сақтандыру компа­ния­ларының активтері 833,1 млрд теңгеге жетті және бүкіл сақ­тандыру нарығының жиынтық активтерінің 42,3%-ын құрады.

«Өмірді сақтандыру компа­ниялары (ӨСК) активтері құры­лымында бұрынғысынша едәуір үлесті бағалы қағаздар (82,2 %) алып отыр, олардың көлемі 2022 жылғы

1 шілдеде 684,6 млрд тең­гені құрады. Сектордағы шо­ғыр­лану өзгерген жоқ: өмірді сақ­тандыру нарығының шамамен 80% активі бұрынғыдай төрт ірі компанияға тиесілі: «Халық-Life» (30,3%), Nomad Life (29,2%), FFLife (13,3%) және «Еуразия ӨСК» (7,1%). 2021 жылдың алты айымен салыстырғанда сақтандыру сыйлықақылары 11,6%-ға төмен­деді, бұл көбіне өткен жылы зей­нетақы аннуитетін сатып алуға деген ең жоғары сұраныспен байланысты», делінген қауымдастық хабарламасында.

Өмірді сақтандыру бойынша төлемдердің 2,7 есе ұлғаюы есебінен төлемдер көлемі 33,2%-ға өскен. Өткен жылдың бірін­ші жартыжылдығымен салыс­тырғанда ӨСК нарығы бойынша сыйлықақыларға төлемдердің арақатынасы 8,3%-дан 12,5%-ға дейін артқан.

«Жалпы, сақтандыру секторына қарағанда, ӨСК сыйлық­ақыларының негізгі көлемі корпо­ративтік секторға емес, жеке тұл­­ғаларға (2021 жылдың қоры­тындылары бойынша 84,2%) тиесілі екенін атап өткен жөн. Со­нымен қатар өмірді сақтандыру өнімдері ағымдағы жағдайларда тартымды бола түседі. Осылайша, ӨСК өзінің сақтанушыларына сатып алу сомасы шегінде кез келген мақсаттарға, оның ішінде жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша кезекті сақтандыру жарналарын төлеу бойынша кейінге қалдыру түрінде қарыз беруге құқылы. Зейнетақы аннуи­тетіне келетін болсақ, ол құны жеке аннуитеттерден төмен болатын бірлескен аннуитеттерді (ерлі-зайыптыларды немесе жа­қын туыстарды) енгізу есе­бінен көптеген азаматқа қол­же­тім­ді болады. Осылайша, бірін­ші жартыжылдықтағы көрсет­кіш­терді және халық тарапынан сақтандыру өнімдеріне сұ­ра­ныс­тың өсу перс­пективаларын ескере отырып, өмірді сақ­тан­дыру секторының негізгі көр­сет­кіштері ағымдағы жылы жоғары ықтималдықпен өсу­ді жалғас­тырады», деп баға­лайды қауымдастық сарапшылары.

Ал жылжымайтын мүлікке және автомобильдерге жоғары сұраныс жалпы сақтандыру нары­ғының өсуін қамтамасыз еткен. Жалпы, сақтандыру нарығы 2022 жылдың бірінші жарты­жылдығында мен­шікті капиталды қоспағанда (-1,0%) барлық негізгі көрсеткіш бойынша өсім көрсеткен.

«Сала активі жылдың алғашқы алты айында 136,2 млрд теңгеге көбейді. Бұл сақтандыру нарығы активтерінің 57,7%-ын құрайды. Өсім бағалы қағаздар көлемінің ұлғаюымен (+6,9% немесе 46,8 млрд теңге), «кері РЕПО» операцияларымен (2,9 есе немесе 44,8 млрд теңге) және салымдарды қысқартумен ішінара ниве­лирленген сақтандыру сыйлық­ақыларымен байланысты болды», делінеді қауымдастық зерттеуінде.

Сектор активтерінің 77,4% бұрынғыдай бес ойыншыға тие­сілі: «Еуразия» СК (38,4%), «Ха­лық» (14,0%), KazakhExport (12,7%), «Виктория» (8,4%) және «Қазақмыс» (4,0%). 

Бұл ретте сектордың сақтан­дыру сыйлықақыларының көлемі мүлікті сақтандыру, автокөлікті сақтандыру бойынша өнімдерге, сондай-ақ ауырған жағдайда сақ­тандыруға сұраныстың артуы аясында 15,6%-ға, 284,4 млрд тең­геге дейін артқан. Норма­тивтік-құқықтық базаны одан әрі дамыту және саланы цифрландыру ағымдағы жылы жалпы сақ­тандыру сегментінің өсуіне ықпал етпек деп бағалайды сарапшылар.