УЕФА Конференция лигасының іріктеу кезеңінде өнер көрсеткен «Тобыл» мен «Қызылжар» үшінші айналымның алғашқы матчтарында өз қарсыластарына бір ғана доп айырмашылығымен ұтылғаны мәлім. Сол сәтте барша жанкүйер жерлестеріміз кеткен есені қарымта кездесуде қайтарады деп үміттенді. Бірақ олай болмады. Өкінішке қарай, қазақстандық команданың екеуі де жарыс жолынан шығып қалды.
Петропавловскінің «Қызылжары» мен Кипрдың АПОЭЛ клубтары арасындағы ойын Нұр-Сұлтанда өтті. Букмекерлер де, басқалары да бұл матчтың фавориті ретінде никосиялық команданы атады. Айтқандай-ақ, бәсеке басынан аяғына дейін қонақтардың басымдығымен өтті. Олар Мирослав Лобанцев қорғаған қақпаны дамылсыз шабуылдады. Абырой болғанда, Лобанцев өте сенімді ойнап, АПОЭЛ футболшыларының есеп ашуына еш мүмкіндік бермеді.
Үзілістен кейін алаң иелерін біраз ес жиғандай болды. Бірақ олар үшін кипрлықтардың айып алаңына енудің өзі қиынға соқты. Ең бір есте қалған сәт – Валерий Каршакевичтің баспен ұрған добы маңдайшаға тигені. Одан әріге «Қызылжардың» әлі жетпеді. Есеп – 0:0. Осылайша, қос ойынның қорытындысы бойынша жерлестеріміз жарыс жолынан шығып қалды.
«Тобыл» Босния мен Герцеговинаның «Зриньскиін» қабылдады. Бұл матчтың алғашқы минуттарынан қостанайлықтар тізгінді өз қолдарына алды. Олар жиі шабуылдап, қарсы жақтың қақпасына бірнеше мәрте қауіп төндірді. Соның бірінде гол да соғылды. 34 минутта Марио Чуже есеп ашты. Одан кейін де «Тобыл» қарқынын бәсеңдеткен жоқ.
Қазақстандық командалар мен футболшылардың екінші таймда тыныстары тарылып, білгендерінен жаңылатыны барша жанкүйерге мәлім. Өкінішке қарай, бұл жолы да дәл солай болды. Үзілістен кейін «Зриньскидің» ойыншылары еркін ойқастай бастады. 53 минутта Зоран Тошич бірнеше қорғаушыны алдап өтіп, Серж Деблеге әдемі пас берді. Ол өз мүмкіндігін қалт жіберген жоқ. Содан кейін де тартысты ойын жалғасты. Қос команда да бәсекені өз пайдасына шешу үшін барын салды. Алайда 80 минутта айып алаңының сыртында допты қолмен тоқтатқаны үшін Александр Мокин қызыл қағаз алды. Осыдан кейін-ақ қостанайлықтардың плей-офф кезеңіне шыға алмайтыны анық болды. Нәтижесінде, бұл кездесу 1:1 есебімен тең аяқталып, «Тобыл» аталған жарысты аяқтады.
Сөйтіп, УЕФА Конференция лигасының плей-оффына шыққан командалар толықтай анықталды.18 және 25 тамыз аралығында өтетін сол бәсекелерде мына командалар өзара күш сынасады: «Марибор» (Словения) – «Клуж» (Румыния), РФШ (Латвия) – «Линфилд» (Солтүстік Ирландия), «Лех» (Польша) – «Дюделанж» (Люксембург), «Шкупи» (Солтүстік Македония) – «Балкани» (Косово), «Зриньски» (Босния мен Герцеговина) – «Слован» (Словакия), ЦСКА (София, Болгария) – «Базель» (Швейцария), «Вадуц» (Лихтенштейн) – «Рапид» (Аустрия), «Ракув» (Польша) – «Славия» (Прага, Чехия), АПОЭЛ (Кипр) – «Юргорден» (Швеция), «Маккаби» (Тель Авив, Израиль) – «Ницца» (Франция), «Университатя» (Румыния) – «Хапоэль» (Беэр Шева, Израиль), «Истанбул Башакшехир» (Түркия) – «Антверпен» (Бельгия), «Стяуа» (Румыния) – «Викинг» (Норвегия), «Партизан» (Белград) – «Хамрун Спартанс» (Мальта), «Фиорентина» (Италия) – «Твенте» (Нидерланд), «Вильярреал» (Испания) – «Хайдук» (Хорватия), «Кельн» (Германия) – «Фехервар» (Мажарстан), «Вест Хэм» (Англия) – «Виборг» (Дания), «Янг Бойз» (Швейцария) – «Андерлехт» (Бельгия), «Словацко» (Чехия) – АИК (Швеция), «Молде» (Норвегия) – «Вольфсбергер» (Аустрия) және АЗ (Нидерланд) – «Жил Висенте» (Португалия).