• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Өнер 14 Тамыз, 2022

Балауыздан құйылған Абылай хан бейнесі

585 рет
көрсетілді

Гиперреалист мүсінші Айдос Есмағамбетовтің Абылай хан бабамыздың балауыздан жасаған бейнесі ерекше әсер­ге қалдырады. Өз кейіпкерінің мүсінін шынайы кейіпке жақын­датып, дәл осындай нақты дәлдікпен жасау – үлкен шеберлікті талап етеді. Шындығын айтқанда, бұл екінің бірінің қолынан келмейді.

Жас талантты шебердің мү­сіндері ғылыми тілде «гиперреализм» деп айтылғанымен, ол өткен ғасырдағы алпысыншы жылдары Америкада пай­да болып, өнерге үлкен сілкініс әкелген. Бір ғажабы, осы бағыт­тағы мүсіндер қандай да бір атақты адамның балауыздан жасаған бейнесін көз алдыңызға дәл келтіреді. Бүгінде бұл өнер түрі өте жақсы дамыған. Әлемде осы өнермен құбылыс жасаған суретшілер мен мүсіншілер­дің есімін көп айтуға болады. Алайда бұл өнер біздің елде кенжелеп дамыса да, оның кең өріс алуына жан салып жүрген мүсінші – біздің кейіпкеріміз.

– Маған осындай мүсін жа­саудың технологиясын ешкім үйреткен жоқ. Бірақ ата-анам өнер­лі адамдар, суретті жақсы салады. Бала кезімнен әкем салған портреттерге қызығып өстім. Ол кісінің қолынан бәрі келеді. Қазақша айтқанда, «қолы алтын» десем болады. Анам да өнерден қара жаяу емес. Менің де бойы­ма өнер солардан дарыған деп ойлаймын. Жас күнімнен пластилинмен ойнауға әуес болып, сонымен өзім көрген мультфильм кейіпкерлерін айнытпай жасайтынмын. Мектеп бітіргесін Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтына оқуға түсіп, сонда Жарасқан, Молдакәрім, Ғалымжан есімді ардақты ұстаздарымнан дәріс алып, бейнелеу өнерінің қыр-сырын үйрендім, – дейді ол.

Айдос алғаш мүсінін 2009 жы­лы жасаған. Оған бір кішкене оқиға себеп болыпты. Бірде теледидардан шетелдік гиперреа­лист шеберлерінің өз прези­дент­­­тері мен атақты адамдар­дың мү­сіндерін жасағаны жөнін­де хабар көреді. Әсіресе АҚШ-тың президенті болған Барак Обаманы дәл бедерлеген бей­несін көріп, қатты қызығып, өзі де дәл осындай кейіптегі мү­сін жасауды қолға алады.

Жас шебердің қолынан мін­сіз шыққан мүсіндердің бірі – Абылай ханның балауыз бейнесі. Әрине, атақты адамдардың бей­несін өмірдегідей айнытпай жасау, анау айтқандай оңай емес. Алдымен ол тұлғаның тір­шіліктегі орны, ел арасындағы беделі, қандай еңбектері бар – соның бәрін сараптап алу қа­жет. Тұлғаның анатомиялық бет-әлпетінің формасын нақты келтіру үшін де біраз ізденіс керек. Осы бағытта Айдос Абылай хан туралы жазылған тарихи дүниелерді оқып, ғалымдардың пікірлерін зерттейді. Суретші­лердің портреттерін көреді. Ақыры, ханның бейнесі жасалып біткенде, оны көргендер баһадүр бабамыздың арамызға өзі оралып келгендей айрық­ша әсерленгені анық. Бұған бел­гілі әдебиетші ғалым Мырзатай Жолдасбековтің өзі риза болып, дарынды жасқа батасын береді. Оның кезекті жасаған Барак Обама мүсіні де көркем, келісті шыққан.

– Әр өнердің өз қиындығы бар. Тұлғаның парасатты порт­ретін жасауға уақыт пен еңбек керек. Үнемі ізденісте жүресіз. Бір атақты адамның мүсінін толық аяқтауға бір жылға жуық уақыт жұмсаймыз. Маған ғаламтор­дың көмегі көп тиеді. Жұмысқа қатысты мәліметтерді содан ала­мын. Алғашқы кездері мүсін жасайтын материалды табу қиын болды. Қазір оны бәрін өзге елден арнайы тапсырыспен алдырамын, – дейді ол.

Біздің кейіпкеріміз осыдан төрт-бес жыл бұрын қысқа мерзім ішінде Қорғаныс министрлігінің тапсырысымен Әскери-тарихи музейге егемендіктің елең-алаң шағында тұңғыш президенті­міз бен Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, ал­ғашқы Қорғаныс министрі Саға­дат Нұрмағамбетов екеуінің ма­ңызды тарихи құжатқа қол қойып тұрған сәтін бейнелеген мүсінін жасады. Мұны да жұртшылық жылы қабылдады. Одан соң ұлы Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойында балауыздан хакім бейнесін жасап, сыйға тартты.

Бір жағынан, оның «алтын қолынан» шыққан дүниелерді мадам Тюссо музейінде тұрған мүсіндермен салыстыруға болады. Екеуінің де жасалған технологиясы бірдей. Бірақ бір ерек­шелік бар: ондағы мүсіндерді 10-15 адамнан жасақталған то­лық ұжым істейді. Біреуі адамды фотоға түсірсе, екіншісі оған анатомиялық зерттеу жүргізе­ді. Үшіншісі киімін өлшейді, төр­тіншісі… тағы осылай кете береді. Ал біздің кейіпкеріміз осын­шама қыруар істі жалғыз өзі атқарады. Талантты шебер бүгінге дейін біраз айтулы адам­дардың мүсіндерін жасаса да, оған өзі қанағаттана қоймайды. «Енді мен атақтыларды емес, ойымда жүрген қарапайым адам­дарды бейнелеу арқылы фило­софиялық астары бар мүсіндер жасағым келеді», дейді ол өз шы­ғармашылығынан сыр тартып.