• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экология 14 Тамыз, 2022

Берікқара шатқалындағы байлық

846 рет
көрсетілді

Қойнауына сыр бүккен қасиетті жерлер Жамбыл өңірінде көп кездеседі. Олардың кейбірі республика­лық маңызы бар мемлекеттік табиғи кешенге айналып кеткен. Күнделікті күйкі тіршіліктен жабыққан жұрт Шақпақтың желіне кекілін таратқысы келген кезде Берікқара қорықшасына жиі барып, табиғат тамашасын көзімен көріп, бір жасап қалады.

Облыс орталығы Тараз қаласына жақын орналасқан аудандардың бірі – Жуалы. Аудан аумағындағы Берікқара шатқалына барған турис­тер ғажап жердің көркін еселеген пейзажға тамсана қарап, таңдай қағып жатады. Сұлулығымен сонадайдан көз сүйсіндіретін шатқалда жойылуға шақ қалған өсімдіктердің түр-түрі самсап тұрғанын жергілікті халық мақтан тұтады. Аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан қасиетті жерге өзге елден келген адамдар да ат басын жиі бұрып жатады. Ал мұндағы тым сирек кездесетін теректер мен қызғалдақтар келушілердің қызығушылығын туғызбай қоймайды. Әсіресе өзге елден келген азаматтар мол табиғи байлыққа ұзақ қарап, көп деректерге қаныққысы келеді.

Қолда бар деректерге көз жүгіртсек, Үкімет 2002 жылы арнайы қаулы шығарып, Берікқараны мемлекеттік қаумал, ерекше қорғалатын табиғи аумақ санатына енгізіп қойған. Қорықшаның жалпы аумағы 17,5 гектар жерді алып жатыр.

Берікқара шатқалына қатысты ауыздан ауызға тараған әңгімелерді өңір халқы жарыса айтудан жалыққан емес. Жергілікті халық айтатын аңыздарға құлақ түрсек, Берікқараға қатысты қызықты мәлі­меттерге қаныға түсесіз. Олардың айтуынша, шат­қалдың атауы жаугершілік заманда жауға қарсы қол бастаған, бейбіт заманда тау аңғарында елді егін­шілікке үндеп арық қаздырып, елге шарапаты тиген Берік есімді кедей жігіттің есімімен аталған көрінеді. Әрине, бұл шатқалға қатысты айтылатын әртүрлі әңгіменің бір нұсқасы ғана.

Ал біраз жыл бұрын өмірден озған жергілікті қаламгер Кәрім Баялиев бір кездері жазған «Жасарған Жамбыл жерінде» атты кітабында жоңғар шапқыншылығы кезінде бұл шатқалда берік қамал болған деген деректі алға тартқан.

«Шатқалдың атауы сол себепті Берікқара деп аталған» депті автор өзі білетін мәліметпен бөліскен кезде. Жергілікті халық көктем, күз мезгілдерінде жиі соғатын дауылдың атын «Берікқара желі» деп атап кеткен көрінеді. Қысқасы, Берікқараға қатысты елдің назарын аударатын дерек аз емес. Шатқалдың сырымен танысқан сайын құпиясын аша түскің келеді, жаңа деректермен танысуға бейіл тұрасың.

Иә, Берікқарада табиғат ғажайыптары жетіп артылады. Өлкетанушылар таратқан ақпаратқа сүйенсек, мұнда «Қызыл кітапқа» енген ағаштар және шөптердің сирек тұқымдары баршылық. Жа­байы алманың сирек кездесетін түрін де осы жерден табуға болады. Бұл аз десеңіз, Зеравшан ар­шасы, речель алмұрты, Тянь-шань жоңышкасы, тау сағызы, көк тікен, Корольков бәйшешегі, Гре­йг,­ Кауфман қызғалдағы мен Берікқара терегі көз­­дің жауын алады. Өлкетанушылар Берікқара шатқалын айрықша бағалайды. Олардың айтуын­ша, сирек кездесетін терек шатқалдың терең түкпірінде ықылым замандағыдай көп болмаса да, аздап кездеседі. Деректерге сүйенсек, мұндай терек тек АҚШ еліндегі шатқалдардың бірінде ғана бар көрінеді.

Қалай алып қарасақ та, Берікқара шатқалы өңірдің ең көрікті жерлерінің санатына жатады. Мұндағы табиғи байлықты мамандар ұдайы назардан тыс қалдырған емес. «Берікқараның басты байлығы – тым сирек кездесетін теректері» дейді олар. Расында да шатқалдағы таза ауа мен ғажайып көрініс көрген көзді арбай түседі.

 

Жамбыл облысы,

Жуалы ауданы