• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Тамыз, 2022

Тас жолдағы трагедия азаймай тұр

1042 рет
көрсетілді

Ауыр статистика – елімізде жыл басынан бері 1 200-ге жуық адам жол апатынан көз жұмған. Ал 10 мыңнан астамы ауыр жарақат алып, аурухана төсегіне таңылған. Мәселен, бір ғана Батыс Қазақстан облысында соңғы 7 айда 170-ке жуық жол-көлік апаты тіркелсе, соның салдарынан 56 адам қаза тауып, 200-ден астам жолаушы жарақат алған.

Ең өкініштісі, елімізде соңғы 7 айда жара­қат алғандардың 2 мыңнан астамы жет­кіншектер екен. Жол үстінде 133 ба­ла­ның өмірі үзілген. Бұл сылдыр статистика емес. Мұнда мыңдаған сан бар. Ал әр санның артында қаншама қаралы оқиға, орны толмас қайғы мен адам тағдыры тұр.

Тас жолдағы трагедиялар неге көбе­йіп барады? Жол апатының жиілеп ке­туіне не себеп? Жүргізушілердің жа­уап­сыздығы мен жүгенсіздігі ме, әлде жол­дардың сапасыздығы ма? Қарапайым қауіпсіздік шаралары неге қауқарсыз? Кө­лік апатын қайтсек азайтамыз? Суық ста­тистика мен күн ара жаңалықтардан беріліп жатқан қайғылы жол апаттары туралы ақпараттарды естігенде қоғам мен құзырлы органдардың алдынан шығатын сұрақтар бұл.

Рас, бұл сауалдардың бәрінен «қауіп­сіз­дікті қамтамасыз ету керек», «сақ­тық­та қорлық жоқ» деп құрғақ жауаппен «құтылып» кетуге болар еді. Алайда жыл сайын емес, ай сайын емес, күн санап көбейіп жатқан қара жол үс­тін­де­гі қайғылы деректер кім-кімді де алаң­датпай қоймайды. Жоғарыдағы сұ­рақтарды біз жолдағы қауіпсіздікке тікелей жауапты орган – ІІМ-нің Әкім­шілік комитетінің өкілдеріне де қой­ған едік. Осы комитет төрағасының міндетін атқарушы полиция полковнигі Жандос Мұратәлиевтің айтуынша, жол-көлік апатын жасаудың ең бас­ты үш факторы өте жиі қайталанады екен. Олар: жылдамдықты асыру, ма­невр жасау және жолдың қарама-қар­сы бетіне шығу. Сондай-ақ жаяу жүр­гіншілердің жауапсыздығы мен жол­дардың нашарлығы да, тіпті елді мекен­дерде мал жаюдың қарапайым ережесін сақ­тамау мен жолда келе жатып теле­фонға алаңдау секілді фактілер жол апа­тының басты себептеріне айналған.

«Елімізде болған жол апаттарына жыл сайын талдау жасаймыз. Жыл са­йын аталатын басты факторлар осылар. Көлік пен жолдардың техникалық жағдайы да жол апатының негізгі себеп­те­рінің тізімінен түспей тұр. Ал ең бас­ты фактор – жүргізушілер тәртібінің төмендігі», дейді полиция полковнигі.

«Жол қозғалысының қауіпсіздігі бір ғана жүргізушіге байланысты емес. Бұл – жол қозғалысының барлық қатысу­шысының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін үлкен іс-шаралар кешені. Бәріміз – көлік тізгінін алған жүргізуші де, жо­лау­шылар да, жаяу жүргінші де «жол қозғалысына қатысушы» санаты­на кі­ре­ді. Демек жауапкершілік те бә­рі­­мізге ортақ. Алайда, өкінішке қа­рай, бұл процестің қатысушысы болу үл­кен жауапкершілік пен тәртіпті талап ететінін екінің бірі түсіне бермейді», дейді Жандос Мұратәлиев.

ІІМ өкілі жолдағы апаттылықты тұрақтандыру және көлік тәртібін арттыру мақсатында республика жолдарында бақылау күшейтіліп, рейдтік іс-шара­лар жүргізіліп жатқанын да мә­лімдеді. Мәселен, 18 шілдеден бас­тап елімізде «Қауіпсіз жол» айлығы жүр­гізіліп келеді. Осы іс-шараның соң­ғы 20 күнінде көлікті мас күйінде жүргізген 1 500-ден астам дерек тіркеліп үлгерген екен. Ал жолдың қарама-қарсы бағы­тына шығып кету фактісі 800-ге жуық­та­ған. «Жылдамдықты асыру да тыйылмай тұр. «Қауіпсіз жол» кезінде осыған қатысты 49 мыңға жуық хаттама толтырылды. Сондай-ақ жолаушыларды заңсыз тасымалдауға қатысты 365 факті тіркеліп отыр. Жол қозғалысы ере­же­лерін бұзғаны үшін 31 мыңға жуық жаяу жүргіншіге айыппұл салынды», деді комитет төрағасының міндетін ат­қа­рушы.

ІІМ-нің дерегіне сүйенсек, соңғы бір айда жол полициясы автожолдардың авариялық-қауіпті учаскелерінде және жөндеу-құрылыс жұмыстарын жүргізу учаскелерінде қозғалыс қауіпсіздігінің деңгейін арттыру үшін қосымша 6,9 мың тексеру жүргізген екен. Тексеру кезінде 2,6 мыңға жуық авариялық-қауіпті орын анықталған. Осыған орай жолдарды күтіп ұстауға жауапты тұлғаларға қатыс­ты 2,4 мыңнан астам әкімшілік хаттама тол­тырылған.

Әлемде әр 25 секунд сайын бір адам жол-көлік апатынан көз жұмады екен. Осы мәлімет үлкен мінберден ай­тыл­ғанда Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебреисус: «Жол апатынан осынша адамның қаза табуы – біздің жылдамдық үшін төлеген құнымыз. Бұл сұмдыққа жайбарақат қарай алмаймыз. Біз бұл мәселенің шешу жолы бар екенін білеміз» деген еді. Өкінішке қа­рай, жылдамдықты асырамын деп опық жеп, азапқа түскендер елімізде де аз емес. Апатты азайтудың сан амал-айласын қолға алып, айыппұлды арттырып, жазасын қатаңдатқанмен, темір тұл­пардың тізгінін тартқандар көбеймей тұр. Бұл сөзімізге жоғарыдағы ауыр статистика дәлел.

Апатты азайтудың жолы ретінде елі­мізде жақында тағы бір қосымша әзір­леніп, іске қосылған болатын. ІІМ ұсынған «Қорғау» бағдарламасы жол ережесін қасақана бұзушыларды анық­тауға, жол үстіндегі жазатайым жағ­дайларды азайтып, адамдардың қаза табуына жол бермеу және жол қауіп­сіз­дігінің алдын алуға бағытталған. Бұл бағдарлама Мемлекет басшысына да та­ныс­тырылды. Ол кезде «Қорғаудың» басты ерекшелігі ретінде қосымшаның полиция қызметкеріне жолдағы құқық бұзушыны анықтауға мүмкіндік беретіні айтылған еді. Осы бағдарламаның басты бағытын егжей-тегжей түсіндіріп беруін сұра­ғанымызда ІІМ Әкімшілік комитеті тө­ра­ғасының міндетін атқарушы Жандос Мұратәлиев: «Бағдарлама кө­ше ка­ме­раларының деректерін талдай отырып, жақын маңдағы полиция қыз­мет­керінің планшетіне қауіпті жүр­гі­зу­шінің жақындағаны туралы сигнал бе­реді. Бұл жол ережесін бұзған немесе кө­лік­ті жоғары жылдамдықта басқарып келе жатқан жүргізуші болуы мүмкін. Мәселен, Шымкентте 130 млн теңгеге айып­пұл салынған 1 400 автокөлік анық­талған. Қазір қала жолдарындағы жағ­дай жақсаруда. Мегаполисте жол-көлік оқиғаларының саны үш есеге, жара­қат­тан­ғандар саны 2,5 есеге, өлім-жітім көр­сеткіші үштен бірге азайды», деп жа­уап берді.

Министрліктің мәліметіне қарағанда, қосымша сонымен қатар жол үстінде жиі кездесетін өзге өзекті мәселелерді әшкерелеуге мүмкіндік берді. Мәселен, «Қорғау» қысқа уақыт ішінде жалған нөмі­рлерді анықтап бере алады. Есте­ріңіз­де болса, бұдан бұрын ІІМ өтірік нөмірмен жүретіндердің алын алу үшін жауапкершілікті қатаңдату мәселесін көтерген болатын.

Қосымшаның бірегейлігі – құрылғы 10 минут ішінде екі рет жол ережесін бұзған жүгенсіз жүргізушіні тез анықтап, ол туралы толық мәліметті сол маңдағы жол сақшыларына дереу жібере алады. Сондай-ақ құрылғының көмегімен айыппұл төлемеген, сақтандыруы жоқ, техникалық байқаудан өтпеген немесе іздеуде жүрген көлікті дереу анықтауға болады.

Қазір мұндай жоба еліміздің бес қала­сын­да жүзеге асырылуда. Алғаш болып бағдарламаның тиімділігін шымкенттік жол сақшылары сынақ­тан өткізу­ге мүм­кіндік алды. Мәсе­лен, бір тәулік ішін­де осы бағ­дар­ламаның көмегімен Шым­кент қала­сы­ның патрульдік полиция пол­кінің қызметкерлері түрлі құқық бұзу­шылық жасаған 70-тен астам көлік иесін анық­таған болса, олардың 18-і жалған нөмір­лер­мен жүрген.

Сондай-ақ елімізде бір жылдың ішінде 5-тен көп әкімшілік құқық бұзу­шылық жасаған жүргізушілерді айып­пұлды 50 пайыз жеңілдікпен төлеу құқығынан айыру мәселесі қарас­ты­ры­луда. Себебі биылғы 11 шілдеде Мемлекет басшысы «Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы» кодекске енгізілген өзге­рістер мен толықтырулар туралы Заңға қол қойды. Заң биыл 9 қыр­күйекте күшіне енеді. Түзетулерде көлік құралын мемлекеттік нөмірсіз қайта басқарғандарға әкімшілік жауап­кер­шіліктің жаңа құрамы енгізілді. Онда 20 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде өндіріп алу немесе көлік құралдарын басқару құқығынан 1 жыл мерзімге айы­ру көзделген. Бұрын мұндай норма болмаған еді. Сонымен қатар көрінеу жалған немесе жалған мемлекеттік нөмір­лері бар көлік құралын басқару үшін жауапкершілік күшейтілді. Айып­пұл түріндегі жаза алынып тасталды. Енді аталған құқық бұзушылық үшін тек 1 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру және 5 тәу­лікке дейін әкімшілік қамауға алу қол­­данылады. Бұған дейін 20 АЕК мөл­шерінде айыппұл немесе 1 жыл мер­зімге басқару құқығынан айыру қарас­ты­рыл­ған болатын.

Сонымен қатар қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі қала сыртындағы тас жолдарда орташа жылдамдықты арт­тырғаны үшін көлік құралдарының жүргізушілерін жауапкершілікке тарту мүм­кіндігін көздейтін түзетулерді пы­сық­тауда.

Заңдағы бұл түзетулер жүгенсіз жүр­гізушілерге тоқтау бола ала ма? Көлік­тің тізгінін тартқызу неге қиямет болып тұр? Министрлік мақтаған «Қорғау» жол үстіндегі қауіпсіздікті сақ­тауда қан­­шалықты тиімді? Адам өлімі болмас үшін жауаптылар әлемдік озық тәжіри­бені де, үздік тәсілді де айтып, дәлелдеп бағуда. Алайда...

Естеріңізде ме? Өткен айда ғана Орал қаласында жол апаты болып, бір сәтте 8 адам көз жұмды. Бір ғана көлік жүр­гізушісінің кесірінен тұтас бір отбасы – ата-анасы мен олардың 10 және 11 жастағы қос қызы жансақтау бөлімінде тілге келместен қайтыс болды. Сондағысы Nissan Maxima көлігінің 30 жастағы желіккен жүргізушісі үлкен жылдамдықпен келе жатып, жолдың қарама-қарсы бетіне шығып кеткен. Асық­қан, тезірек өтіп кеткісі келген. Асы­ғыстық пен жауапсыздықтың арты – ауыр қайғымен аяқталды. Бірақ мұндай қайғылы оқиғалар кімге, қаншалықты сабақ болуда?..

ТҮЙІН. Айыбын арттырғанымен айылын тартқан жүргізушілердің тым аздығы кім-кімді де ойландырмай қой­майды. Темір тұлпар тізгіндегендер өмі­рің­ді өзің ойламасаң, астыңдағы көлігің оған көңіл бөлмейтінін қашан түсінер екен. Өйткені ол жай ғана – темір! Ал адамның өмірі біреу ғана.