• RUB:
    5.03
  • USD:
    492.22
  • EUR:
    529.38
Басты сайтқа өту
Әлем 15 Тамыз, 2022

Умраға бару жолы жеңілдеді

1031 рет
көрсетілді

Сауд Арабиясы үкіметі туризм мақ­сатымен елге келгендердің енді арнайы рұқсатсыз кіші қажылықты өтей алатынын хабарлады.

Бұл туралы Сауд Арабиясының Қажылық және умра министрлігі арнайы жазбаша мәлім­деме жасады. Мәлімдемеде бұл шешімнің «Сауд Арабиясының 2030 жылға дейінгі мақ­сат­тарына сәйкес, биылғы кіші қажылық маусымының басталуымен умра ғибадаттарын орындауға келгендердің рәсімдерін жеңілдету аясында қабылданғанын» алға тартты.

Сондай-ақ мәлімдемеде бұл шешімнің барлық қызметтерді жоғары сапада көрсету және умраға келушілердің мәдени, діни тәжірибесін байытуға бағытталған әрекеттің бір бөлігі екені айтылды.

Сауд Арабиясының кез келген әуежайынан виза ала алатын елдердің азаматтары, сондай-ақ төлқұжаттарында Сауд Арабиясына кіру мөрі бар АҚШ, Ұлыбритания және Шенген визаларының иелері бір рет умра ғибадаттарын еш қиындықсыз орындай алатыны айтылды. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін көптеген елдер умра үшін арнайы виза алу керек еді.

Сонымен қатар мәлімдемеде Отбасылық виза және жеке виза алған азаматтар Сауд Арабиясындағы туыстары мен достарына барған кезде «Умра» қосымшасы арқылы тір­келіп және бірыңғай ұлттық виза платформасына өтініш беріп умра жасай алатыны туралы ақпарат бар.

Ал Қазақстан азаматтарына бұл жеңілдік екі елдің өзара келісімі негізінде 2019 жылы енгізілген. 2019 жылдан бастап Қазақстан азаматтарынан кіші қажылық үшін Сауд Ара­биясына арнайы виза талап етілмейді. Оның орнына қазақстандықтар Сауд Арабия­сына туристік электронды виза алуға өтініш беру арқылы, кіші қажылық парызын өтей алады.

Умра сапарына туристік электронды виза алу үшін Қазақстан азаматтарына қажет болатын жалғыз құжат – шетелдік төлқұжат. Сіздің шетелдік төлқұжатыңызда Израиль немесе Иран визасының болуы да Сауд Арабиясына виза алуға кедергі болмайды. Умра жасауға виза алу үшін жалғыз шарт – шетелдік төлқұ­жат­­тың жарамдылық мерзімінің Сауд Арабия­сына кіру күнінен бастап кемінде 6 ай болуы керек.

Қазақстандықтар үшін Сауд Арабиясының туристік электронды визасы өте ыңғайлы виза. Мұндай визамен Қазақстан азаматтары Сауд Арабиясына Умра ғибадаты үшін немесе біршама уақытқа арнайы туристік демалысқа бара алады. Дегенмен кейбір елдерде умра 10 күнге созылуына сәйкес электронды визалар бірнеше күндік мерзімге ғана беріледі. Ал умра үшін Сауд Арабиясына туристік электронды виза алған қазақстандықтарға бұл виза бойынша Сауд Арабиясында 90 күн қалуға рұқсат етілген.

Соңғы жаңалықтар