• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Өнер 15 Тамыз, 2022

«Азия жаңғырығы» қайта оралды

322 рет
көрсетілді

Елордада біраз жылдан бері дәс­түрге ай­налған «Азия жаң­ғыры­ғы» атты XIII цирк өнері фестивалі қайта жаң­ғыр­ды. Әлемді жай­лаған індетке байланысты екі жыл үзілістен соң қай­та бастау алған айту­лы байқауға әлемнің 13 еліндегі цирк өнерінің үздік әртістері келді. Ау­қым­­ды мәдени іс-шараны өткізуге Нұр-Сұлтан қа­­ла­сы әкім­дігі қолдау көрсетті.

Цирк – ғажайып өнер, әсіресе оны балалар қызығып көреді. Аталған байқау – бүгінде цирк өнеріндегі беделді халықаралық фестивалдердің біріне айналды. Жыл санап ауқымы артқан байқауға биыл Франция, Италия, Ресей, Беларусь, Мажарстан, Вьетнам, Израиль, Қырғызстан, Молдова, Моңғолия, Тәжікстан, Өзбекстан және отандық цирк өнерінің сайыпқырандары қаты­сып, дүбірлі доданың байрағын көтерді. Фестиваль барысында көрермендер Франция мен Вьетнамнан келген әйгілі әуе гимнастарының өнеріне таңғалса, танымал қазақ­стандық атты-акроба­тикалық ансамбльдің ойындары да өз ерекшелігімен жұртшылықты тәнті ете білді. Сондай-ақ шебер жонглерлер, акробаттар, арқан бойымен жүрушілер мен эквилибристердің өнері де ешкімді бейжай қалдырмады. Әсіресе цирк клоундарының қызыққа толы түрлі іс-қимылда­рына бала­­лар дән риза болып, күлкіге батты. Сонымен бірге фестивальге қатысушылар арасында «штейн-трапе» жанрының үздігі, атақты әуе эквилибрисі Олег Спигинте өнер көрсетіп, көрермендердің ықыласына бөленді. Айта кетейік, бұл жолғы байқаудың бағдарламасында жыртқыш аңдармен өнер көрсету алынып тасталған.

Халықаралық деңгейдегі іс-шараны ұйымдастырудың басы-қасында жүрген «Астана­лық цирктің» директоры, Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қай­раткері Ерік Жолжақсынов өз сөзінде беделді байқаудың маңызына тоқталды.

– «Азия жаңғырығы» фестива­лінің мәні де, мазмұны да бөлек. Бұл байқау еліміздегі цирк өнерін ғана емес, елорданы да әлемге танытуға өз үлесін қосты. Бір жағынан, цирк әртістеріне шабыт береді, жаңа тынысын ашады. Өнер адамы тоқтап қалмау керек. Сол үшін осындай фестивальдер өте қажет. Біз қазір әр елден келген әртістердің өнерін көріп, тәжірибе алмасамыз. Сондай-ақ көптеген мемлекеттегі әріптестерімізбен шығарма­шы­лық байланыс құрдық. Біздің негізгі көрермендеріміз – балалар. Кейде балаларын ертіп келген ата-аналар циркті көріп, таңғалып жатады. Негізі, өнердің әдемілігі – циркте. Сіз цирк әртіс­терінің өнерін көріп, адам бойындағы қабілеттің соншалық мол екендігін түсінесіз, – деді ол.

Ал Ресей Федерациясының құрамындағы Саха республи­калық мемлекеттік циркінің директоры, қазылар алқасының мүшесі Сергей Расторгуев фес­ти­вальдің жоғары деңгейде ұйым­дастырылғанын айтып, өз риза­шылығын білдірді.

– Біздің цирк театрымыз тоқ­саныншы жылдардың басында ашылған. Содан бері тыным­сыз жұмыс істеп, көптеген бай­қауларға қатысып, лауреат атан­дық. Негізі, Якутск қала­сын­да үш жүз мыңнан аса халық тұ­рады, соншалықты үлкен деп айта алмаймын. Сонда да біз қаламызға цирк театры керек екендігін дәлелдей білдік. Театр әртістері Бейжіңде оқып, өнерін шыңдап келді. Біз де халық­аралық фестиваль өткізе­міз, оған қазақстандықтар да қатыс­ты. Екі өнер ордасының ара­сында әріптестік қана емес, достық байланыс орнаған. Маған «Азия жаңғырығы» байқауы ерекше ұнады. Әсіресе әр елден келген цирк әртістерінің көрсеткен бағдарламалары өте қызықты, аншлагпен өтіп жатыр. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, – деді фестиваль қонағы.