• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 15 Тамыз, 2022

Қарсыластың барлығы да азулы

141 рет
көрсетілді

Күні кеше ғана 3-18 қыркүйек аралығында Шотландияның Глазго қаласындағы «Эмирейтс аренада» өтетін Дэвис кубогының топтық турнирінде Қазақстанның теннисшілері қандай құрамда өнер көрсететіні белгілі болды. Команда капитаны Юрий Щукин Александр Бублик, Михаил Кукушкин, Дмитрий Попко, Андрей Голубев және Александр Недовесов сынды саңлақтарға сенім артып отыр. Сондай-ақ сол тізімге Тимофей Скатов та қосалқы ойыншы ретінде енді.

Қазақстан құрамасы сапындағы ең мықты ойыншылар Александр Бублик пен Михаил Кукушкин екені сөзсіз. 25 жастағы Бублик бұл күндері әлемдік рейтингте 42 орынды иеленуде. Кукушкин қазіргі кезде небәрі 213 орынды қанағат тұтып отырғанымен, кезінде оның ТОП-40 теннисшінің қатарында болғанын жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ. Сол себепті де 34 жастағы ардагерге артылар сенім зор. Бубликпен түйдей құрдас Дмитрий Попко да соңғы уақытта тәуір ойнап жүр. Бүгінгі таңда жерлесіміз 219 орынды еншілеген. Ал Андрей Голубев пен Александр Недовесов жұптық сайыста күш сынасады. Осы орайда былтыр Ролан Гаррос турнирінде Бубликпен жұп құрған Голубев финалға дейін жеткенін айта кетсек еш айыбы жоқ деп ойлаймыз.

D тобына түскен жерлестеріміз АҚШ, Ұлы­британия және Нидерланд құрамала­рына қарсы ойнайды. Америкалықтар Дэвис кубогында 32 мәрте дара шығып, 28 рет фи­налда өнер көрсетті. Дәп қазіргі кезде атал­ған мемлекеттің 13 өрені ТОП-100 ойын­шының қатарында. Олар – Тэйлор Фритц (13), Фрэнсис Тиафо (24), Рейлли Опел­ка (25), Томми Пол (31), Максим Крес­си (32), Дженсон Бруксби (43), Джон Иснер (50), Себастьян Корда (52), Маркос Джирон (54), Брэндон Накашима (66), Маккензи Макдональд (72), Джеффри Вольф (82) жә­не Денис Кудла (95). Осы саңлақтарды қан­дай дүбірлі дүрмекке қоссаңыздар да, сенім үдесіне шығу үшін еш аянып қалмасы анық.

Ұлыбритания аталған турнирде 10 мәр­­те топ жарып, сегіз рет финалдық са­йыс­­­та есе жіберді. Бұл команданың үз­дігі – Кэмерон Норри. 27 жастағы Кэме­рон ОАР-да туғанымен, біраз жыл Жаңа Зе­лан­­дияның намысын қорғады. Кейіннен Тұ­манды Альбион еліне қоныс аударды. Биыл Уимблдонның жартылай финалына дейін жеткен Норри АТР тізімінде 10-орынды олжалауда. Әлемдік рейтингте 30 сатыға жай­ғасқан 32 жастағы Дэниел Эванстың да екпіні күшті. Десек те, британдықтардың бас­ты жұлдызы – Энди Маррей екені дау­сыз. Кезінде Уимблдон мен US open тур­нирлерін ұтып, Ролан Гаррос пен Аустра­лияның ашық біріншілігінің финалында ойнаған ол сол шақта әлемнің бірінші ракеткасы атан­ған еді. Кейіннен жарақатына байланысты Маррей біраз уақыт үлкен спорттан қол үзіп қалды. 2021 жылы кортқа қайта оралған 35 жас­тағы теннисші бірте-бірте бабына еніп ке­леді. Бұл күндері Энди үздіктер тізі­мінде 47-орынды иемденуде. Сондай-ақ мық­ты­лар санатында Джек Дрейпер сынды саң­лақ бар. Ол АТР рейтингінде 55-орынға тұрақ­тады.

Нидерланд құрамасы ондай орасан зор табысымен мақтана алмайды. Олардың ең үздік нәтижесі – 2001 жылы Дэвис кубогының жартылай финалына шығуы. Қазіргі кездегі Қызғалдақтар елі өкілдері арасында Ботик Ван де Зандшульп пен Таллон Грикспурды бөле-жара атап өтуге болады. Екеуі де 26 жаста. Сонымен қатар бұған дейін көлеңкеде қалып жүрген Тим Ван Рийтховен де соңғы уақытта өз ойын өрнегін таба бастады. Ол АТР рейтингінде 120-орынға табан тіреп тұр.

– Біз кіл мықты жиналған өте күшті топ­қа түстік. Ұлыбританиялықтар өз жерінде ойнайды. Барша көрерменнің соларды қолдайтыны анық. АҚШ құрамасының атағы алысқа жайылған. Америкалықтар Дэвис кубогының басты фавориттері. Ал Нидерландпен 2019 және 2020 жылдары ойнағанбыз. Ол кездегі аталған елдің өрендері жас болатын. Қазір олар әбден ысылды. Сондықтан да Қызғалдақтар елі өкілдерімен санаспауға болмайды. Бірақ біз Глазго кортында еш аянбай айқасып, ширек финалға шығу үшін барынша күш саламыз, – дейді Қазақстан құрамасының капитаны Юрий Щукин.

Өзге топтарда мына командалар өзара күш сынасады: A тобы – Хорватия, Италия, Аргентина және Швеция. Бұл кездесулер Италияның Болонья қаласында өтеді. В тобы – Испания, Канада, Сербия және Оңтүстік Корея. Олар Пирней түбегіндегі ең әсем шаһарлардың бірі – Валенсияда шеберлік байқасады. С тобы – Франция, Германия, Бельгия және Аустралия. Бұл бәсекелер немістердің Гамбург қаласында ұйымдастырылады. Әр топта алғашқы екі орынды иеленген командалар Дэвис кубогының ширек финалына жолдама алады. Бұл межедегі бәсекелер үстіміздегі жылдың қараша айында Испанияның Малага қаласында өтеді.