Абай облысының Аягөз ауданында сақ дәуіріне тиесілі ескерткіш табылды. Бозай ауылының маңында жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде біздің заманымызға дейінгі VII-VI ғасырға тән, яғни ерте темір дәуірінің жерлеу-ғұрыптық ескерткіші анықталды.
Археологиялық зерттеу жұмыстарын тарих ғылымдарының кандидаты Ғани Омаров бастаған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археолог-ғалымдары жүргізіп жатыр. Оның нәтижесіне сәйкес сақ кезеңіне жататын киім әшекейлері табылды. Аңдық мәнерде безендірілген олжалар ерте дәуірде өмір сүрген көшпелілердің мәдениеті жоғары болғандығын айғақайды, дейді ғалымдар.
Экспедиция мүшелерінің болжамына сүйенсек, биіктігі 3 метрден, ал диаметрі 30 метрден асатын қорғанда шамамен 2700-2600 жыл бұрын өмір сүрген сақ қолбасшыларының бірі жерленуі мүмкін.
«Қорғанның тоналып кеткеніне қарамастан жерленген адамның киім әшекейлері, оның ішінде бас киімнің әшекейлері табылып отыр. Бұл қорымның тағы бір ерекшелігі, оның ішінде плита тастарының тігінен қашалғаны байқалды. Негізі мұндай дәстүр қола дәуіріне тиесілі. Бұл ерте темір дәуірінде кездескен әзірге алғашқы артефакт.
Қорымда 60-қа жуық ескерткіш бар. Алдағы уақытта табылған жәдігерлерді консервациялап, зерттеуге жіберу көзделіп отыр. Сондай-ақ құнды заттарды қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр. Қорытынды жұмыс, ол табылған жәдігерлерді ретке келтіріп, музейдің экспозициясына тапсыру», деді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға-оқытушысы, археолог Бауыржан Бесетаев.
Тұтастай алғанда, алдағы уақытта мұндай қорымдар тағы да табылуы ғажап емес. Неге десеңіз, отандық ғалымдар Абай облысында әлі де зерттеуді қажет ететін жер көп деп санайды. Оның қатарына Аягөзден бөлек, Үржар, Жарма, Көкпекті аудандары кіреді.
«Патшалық Ресей мен Кеңес Одағы тұсында көбінесе Ертіс өзенінің маңы зерттеліп, сол өңірге басымдық беріліп келді. Ал Аягөз, Үржар, Көкпекті, Жарма аудандары археология саласында адамның ізі түспеген аумақ саналады. Тек бірен-саран ғалымдардың жазбаларында ғана кездеседі», деді Б.Бесетаев.
Өкінішке қарай, ғалымдардың айтуынша, қорымдарды тонау, бүлдіру әрекеттері азаймай тұр. «Осы зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Бозай қорымының өзінен біз келгенге дейін тонау орын алған. Арнайы жүк тиегіш көлікпен келіп, бұл жерді қазып бүлдіріп кеткен. Бұдан басқа Ақсуаттағы Елеке сазында да тонау деректері тіркелген. Аягөз ауданына қарасты Ақшатау ауылының маңында Қырықоба деп аталып кеткен жер бар. Сол аумақта да осындай сұмдық жағдайлар болған. Мұндай жағымсыз оқиға өте көп», деді археолог.
Абай облысы,
Аягөз ауданы