• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Тамыз, 2022

Жастар жұмысы жандана түседі

272 рет
көрсетілді

Жетісу облысында жастармен, соның ішінде NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізудің стратегиясы дайындалды. Жалпы, NEET тобындағы 15-28 жас аралығындағы жастар 6,2 пайызды құрап отыр. Бұл стратегия өскелең ұрпақтың баспанаға қол жеткізу мен жұмыссыздық сияқты әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған.

Жалпы өңірде 14 пен 29 жас аралы­ғында 124 мыңға жуық жас бар, соның 31 пайызы қалада, 69 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Биыл жастардың жоғары білім алуға қолжетімділігін арттыру және оларды өңірде сұранысқа ие ауыл шаруашылығы, техникалық, туристік, медициналық және педагогикалық мамандықтарға оқыту мақсатында облыс әкімінің 90 гранты бөлінді. Облыстық білім басқармасының айтуынша, осы 90 гранттың 65-і аз қамтылған отбасыларының балаларына беріледі.

Қоғамдық даму басқармасының мәліметіне қарағанда, облыста әлеумет­тік әлжуаз топтағы жастардың жобала­рын іске асыруға бағытталған Zhas project шағын гранттар конкурсы өтеді. Кон­курс шеңберінде әрбір қатысушыға қайтарымсыз 1 млн теңгеге дейін бері­леді. Онда жалпы 63 жоба қаралып, 63 млн теңге бөлінген.

Осы жылдың 1 тамызындағы мәлі­мет бойынша Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде жұмыспен қамтудың белсенді іс-шараларына 4 585 жас тартылыпты. Сондай-ақ 2 961 адам жұмысқа орналастырылды, соның 1 253-і тұрақты жұмысқа тұрды.

Жастарды нақты қолдау іс-шарала­­­­ры­ның бірі – «Дипломмен – ауылға!» жобасы. Бұл жобаның халыққа берер пайдасы мол, әсіресе ауылдың әлеуе­тін көтереді. Бүгінде 266 маманға 81,5 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы, ал 143 маманға 650,9 млн теңгеге бюджеттік несие берілген. Олар енді ауыл-аймақтарда жұмыс істейді.

Өңір шеңберінде «Жасыл ел» бағдар­ламасын іске асыру жалғасып жатыр. Бағдарлама бойынша 635 жасақшыны жұмысқа орналастыру жоспарланып, оған 70 млн теңге қарастырылған. Сонымен қатар облыста болашақ жас ұрпақ үшін жарқын бастама болатын «Ұлт тәрбиесі» атты жаңа жоба жүзеге асырылды. Аталған жобаның «Өмірлік бағдар» бағыты бойынша білім, жұмыспен қамту, ішкі саясат сала­ларының білікті мамандарынан ақпа­раттық-насихат тобы құрылды. Оның мүшелері облыстың аудан, қалала­рындағы мектептердің 9-11 сынып оқушылары мен NEET санатындағы жастарға кәсіптік бағдар беру туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Жоба аясында мамандық таңдау, түлектерге арналған гранттар, қысқа мерзімді оқыту курстары және жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар жайлы кеңінен түсіндірілді. Бұл істе облыс бойынша 630 мектеп, 63 534 оқушы, ата-аналары мен 10 мыңнан астам мұғалім қамтылды.

Жастарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатта «Жетісу жас­тары: 0-5-25» бағдарламасы әзірленіп жатыр. Бағдарламаны іске асыруға бар­лы­ғы бірінші кезекте 40 қатысушыға 400 млн теңге бөлінді. Бағдарламаның негіз­гі шарттары бойынша бастапқы жарна нөл пайыз, қарыз бойынша сыйақы мөл­шерлемесі 5 пайыз, ал несие мерзімі 25 жылға дейін созылады. Бағдарлама 2023 жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Аудан, қалаларда құрылған «Бақыт» клубтары жастар арасында отбасы инс­титутын нығайтуға белсене атсалысып келеді. Ондағы психологтер жыл ба­сынан бері 700-ге жуық адаммен әңгі­мелесіп, кәсіби кеңестер берді. Соның нәтижесінде 95 жас отбасы ажырасудан бас тартқан. Жастардың волонтерлік қозғалыстары барған сайын қанат жайып келеді. Облыста 4 800-ден аса ерікті тіркелген, 49 волонтерлік ұйым бар. Жыл басынан бері олар 2 200-ден аса түрлі акция өткізген.

«Жастар – қоғамның креативті, бел­сенді мүшесі. Сондықтан алға нық қадам басып, жаңа құрылған Жетісуымызды, жал­пы елімізді дамытуға бәріміз атсалы­суымыз керек. 2019 жылды Президент «Жас­тар жылы» деп жариялаған болатын, мұнан соң 2020 жыл – «Волонтер жы­лы» деп белгіленді. Бұл біз үшін үл­кен қолдау болды. Биыл Халықаралық жас­­тар күнінен ерекше мән беріліп жатыр. Бұл жас ұрпақтың алдынан көп­те- ген мүмкіндіктердің ашылуына ықпал етеді деп сенемін. Біз өз тара­пы­мыз­дан артылған сенімді ақтауға бар күш-жі­герімізді жұмсаймыз», дейді об­­лыс­­­тық волонтерлердің Birgemiz фронт-кеңсесінің жетекшісі Жанерке Бексейітова.

Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру да ұмыт қалмайды. Жалпы, жыл басынан бері осы мақсатта 12 мыңдай іс-шара өткізілген. Сол сияқты қыр­күйек айының басында Текелі қала­сында Жастарға қызмет көрсету орта­лығы ашылады деп жоспарланып отыр. Жетісу аймағында 11 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді, соның ішінде 10-ы – аудандық, қалалық филиал.

 

Жетісу облысы