Ауылдағы ағайынның «Ауыл аманаты» жобасынан үміті мол. Сан мәрте жақсылықтан дәмеленіп, күдері үзілмей келе жатқан ауыл тұрғындары нақ осы жолы бір жақсылық болар деп дәметеді.
Шынтуайтында ауылдағы халықты жұмыспен қамту үшін қаржылай қолдау көрсету жартыкеш шарадай көрінері бар. Түптеп келгенде, қол жеткізген азын-аулақ табысты одан әрі арттырудың жолын көрсету, жеке кәсіпкер ретінде дамудың даңғыл жолына қалай түсуге болатындығын нұсқау, тығырыққа тірелердей болса дер кезінде қолдау айрықша маңызды. Міне, осы бағытта Үкімет бағдарлама да түзіп қойды. Сөз басында бірден айтатұғын болсақ, жобаның негізгі мақсаты – берекенің бастау көзі болатын ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау. Ауыл тұрғындарын агробизнеске мүмкіндігінше икемдеу, оған қоса еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, өмір сүру сапасын жақсартуға қатысты мәселелерді шешу. «Аманат» партиясы осы бағдарламаны жүзеге асыруға қолдау танытып, ел ішінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қолға алып отыр. Партияның мобильді тобы алдымен Степногорск қаласы жанындағы Бестөбе кенті мен Изобильное, Қырыққұдық және Біржан сал ауданына қарасты Мамай, Бірсуат, Сәуле ауылдарында болып, тұрғындармен кездесті. Ауыл халқы түбегейлі өзгеріс боларына сеніп, оң қабақ танытуда. Кейбірінің беймәлім бизнес әлеміне қатысты сан алуан сауалдары да бар. Осыған орай пікір алуандылығы да бар. Айталық, Сәуле ауылының тұрғыны Ғиззат Шолақовтың айтуынша, ауыл тұрғындарының барлығы бірдей кооператив құруға ынталы болмауы да мүмкін.
– Негізінен бағдарлама біз үшін өте пайдалы деп есептеймін. Ауыл тұрғыны үшін бар болғаны 2,5 пайыз өсіммен несие алу әрине тиімді. Кооперативке үрке қарап отырғандарын дұрыс ұғынғандары жөн. Оның ұтымды тұстары да бар. Егер біріге қимылдайтын адамдар болса, кооперативке кірер едім. Оның құрамында кем деген бес адам болуы керек деп жатыр ғой. Жеке-дара қиындықпен алысқаннан гөрі көп болып күрескен әлдеқайда тиімді, – дейді Ғиззат Шолақов.
Өз ойын тәптіштеп түсіндірген азамат бизнес әлемінің қыр-сырын біршама біледі екен. «Бастау» бизнес бағдарламасы арқылы несие алып, жылқы өсіріп, егін салған. Алдағы уақытта лизинг арқылы техника алып, егістік алқабын кеңейтсем бе дейді. Партияның мобильдік тобының мүшесі, сарапшы Гүлсін Абдуллинаның пікіріне қарағанда, жобаның артықшылығы көп.
– Үкімет ауыл тұрғындарын кооперативке біріктіру арқылы кәсіптерін жетілдіруді ұсынады. Ұтымды тұсы аз емес. Әсіресе ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру саласына өте тиімді. Біріншіден, кооператив құру арқылы мал азығы мен тұқымды және тыңайтқышты арзанға сатып алуға болады, – дейді ол.
Осы арада бастан жақты айырғандай етіп анықтап айтатын бір жай, кооперативке біріккен ауыл тұрғындары ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Оған қоса, инвестициялық субсидиялар бөлінеді. Тәжірибесі бар білікті мамандар кеңес береді. Тағы бір ескеретін жай, кооператив мүшелерінің барлығының құқықтары тең болмақ.
Күш біріктіруге ауылдағы ағайын да қарсы емес. Бірақ олар алдымен жайылымдық және шабындық жер мәселесі тезірек шешілсе екен дейді. Бағдарламамен байыптап танысып, оң-солын көңіл таразысына тартқан ауыл тұрғындарының көкейінен шыққаны – жеңілдетілген несие арқылы лизингке техника берілетіндігі.
Партияның мобильді тобы он күн ішінде өңірдің барлық ауданында болып, ұзын-ырғасы алпыстан аса ауыл тұрғынымен жүздесіп, табысты жолды таразылады. Жоба Үкіметтің 2025 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында қолға алынып отырғандығы айтылды. Бағдарлама баянды болса, жұмыссыздық жойылмақ, ел ырысы молаймақ. Мобильдік топ Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы, Ижев ауылдары мен Аршалы кентінің тұрғындарымен де кездесті. Бұл жерде де алдағы мақсат-мұрат байыпты сөз болды. Сарапшы маман Дмитрий Шледевицтің айтуына қарағанда, ең бастысы өндірілген өнім әділ бағаланады. Мәселен, кооператив мүшесі малының сүтін нарық бағасымен сата алады. Бұл ауыл тұрғындарының еңбегінің жанғаны деген сөз. Жақсы іс бүгін ғана қолға алынып отырған жоқ. Бұған дейін Жамбыл облысында оң нәтиже берген. Іске береке бітіп, ойға алған шаруа оңғарылған кезде екі қолға бір күрек таба алмай отырған жұмыссыздардың саны азайып, атаулы көмек сұраушылар күрт азайған. Есесіне, ауыл шаруашылығымен айналысатындар көбейіп, кәсіпкерлердің саны өсе түскен. Бағалы бастаманы қолдаушылар аз емес. Мәселен, Жібек жолы ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Мейрам Мұсайбековтің айтуынша, жоба жүзеге асқан кезде тиімділігі мол болмақ. Ең бастысы, бағдарлама халықты бірлесіп жұмыс істеуге шақырады. Бірлік бар жерде, тірлік бар емес пе?!
– Ісін енді бастаған адамдарға осы саланың жілігін шағып майын ішкен білікті мамандардың кеңесі өте қажет-ақ, – дейді Мейрам Мұсайбеков.
Ижев ауылының тұрғыны Светлана Якоби де жобаның ел табысын арттыруға ықпал ететініне сенімді. Көңіл таразысына салып, әбден бағамдаған кезде, жаңа жобаның жанына жаққанын айтып отыр.
– Жеке кәсіппен айналысып, шаруасын дөңгелетуге құлшынып отырғандар көп, – дейді ол. – Ең бастысы, халықтың табысын еселей түсетін кез келген пайдалы шаруаны жүзеге асыруымыз керек. Сөз арасында «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл әкімдері арнайы оқудан өткендерін де айта кетелік. Бүгінгі таңда олар өз ауылдарындағы басым бағыттарды анықтамақ. Сараптама жасалады, жер телімі, инфрақұрылым және басқа да қажеттіліктер ескеріледі. Пилоттық жобаларға сай кооперативтер құрылмақ. Ауылдың қажеттілігін өтейтін нарыққа шығаруға болатын сапалы да сұранысқа ие өнім өндіруге басымдық берілмек.
Мобильдік топ мүшелері шалғайдағы Ерейментау ауданының Торғай, Тайбай, Еркіншілік ауылдарында да болып, дәл осындай жұмыс жүргізді. Жобаның мақсаты жан-жақты түсіндірілді. Скрининг арқылы әр елді мекеннің географиялық ерекшеліктері, еңбек және қаржылық, одан басқа да ресурстар жөнінде мәліметтер жинақталып, күш-қуат сарапқа салынатындығы сөз болды. Жергілікті әкімдіктерге әдістемелік көмек көрсетіледі. Жоғарыда айтылған статистикалық ақпаратты жобалық кеңсе сараптап, ауылдық округтердің экономикалық мамандану бағыты анықталмақ.
Атбасар ауданындағы Полтавка, Покровка, Борисовка және Жарқайың ауданының Пригородное, Гостелло, Пятигорское елді мекендерінің тұрғындары «Аманат» партиясының ұйымдастыруымен өткізілген ақпараттық марафон аясында жобамен танысып, үміт отын тұтатты. Ел ішінде кәсібін дөңгелетіп отырғандар да аз емес. Мәселен, Полтавка ауылының тұрғыны Ольга Осипова тігіншілікпен айналысып, табыс тауып отыр. Алдағы уақытта жаңа жоба аясында құс шаруашылығымен айналыспақ. Несие алудан жүрексінетіндер де бар.
– Егер кооперативке біріксек, өзіміз өндірген етті де, сүтті де, көкөністі де жақсы бағамен сата алады екенбіз, – дейді ауыл тұрғыны Вадим Нечепуренко. – Негізі мал шаруашылығымен айналысу өте ауыр. Өз басым кооперативке кіріп, көкөніс өсіруді қолға алмақпын.
Сандықтау мен Зеренді аудандарында да жаңа жобаны құптап отырғандар аз емес. Әйтсе де, оң-солын бажайлап, мүмкіндік межесін мейлінше ескерген дұрыс.
– Ауылдың әлеуетін арттыру үшін тұрғындарға әрі қарай қандай кәсіпті игеру керектігі ауыл әкімдеріне жүктелсе оң болар еді, – дейді Максимовсикй ауылдық округінің әкімі Ербол Атығаев. – Кез келген шаруамен айналысу үшін барлығын нақты есептеп алған жөн.
Бұл орайдағы іс барысы ескерілген екен. Айталық, бизнес жаттықтырушылар нақты ақпарат бере отырып, өмірдің өзінен алынған мысалдарды дерек ретінде ұсынады.
Тұрғындардың пайымынша, бұл мемлекет тарапынан жасалып жатқан үлкен қолдау. Сондықтан да бұрынғыдай кепілдік соманың 50 пайызы емес, 70 пайызы берілмек. Ал өз атында мүлкі жоқ жастар, ата-аналары немесе дос-жарандарының мүлкін кепілге қоя алады.
«Ауыл аманаты» жобасы алдағы жылдың басында іске қосылмақ. Әзірге ел ішінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Көмек-қолдауға сусап отырған ауылдағы ағайынның осы жоба арқылы еңсесі бір көтеріліп қалса ғой, шіркін!
Ақмола облысы