Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада Қазақстан Қарулы Күштерінің салтанатты әскери шеруінде тәуелсіз елде тұруға, бейбіт өмір сүруге мүмкіндік сыйлаған, тарихта қайталанбас орны бар қаһарман, ержүрек батырларды насихаттау жөнінде тапсырма жүктеді. Мемлекет басшысының сөзімен үндескен үлкен шара Шығыс өңірінде өтті.
Өскеменде қазақ халқының әйгілі қолбасшысы, ел мен жерді жаудан азат етуде аты аңызға айналып, «Хан батыр», «Дарабоз» атанған Қабанбай бабаға үлкен ескерткіш қойылды. Отан қорғаушы күнінде облыс орталығына кіреберіс жол шетіндегі биік қыратта салтанатты түрде ашылған батыр баба мүсіні Қубас атымен бірге асқақтап, көрген жанның рухын жаныды.
Қоладан құйылған ескерткіштің биіктігі – 13 метр. Ескерткіш авторы – белгілі мүсінші Нұрлан Далбай. Астана қаласындағы «Балқыту» ЖШС-інде құйылған ескерткішті құю мен орнату жұмыстарына республикалық бюджеттен 105 миллион теңге бөлінген болатын. Сондай-ақ, ескерткіш маңайын көріктендіру, абаттандыру жұмыстарына қала бюджетінен 30 миллион теңге бөлінді.
Ескерткіштің ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған өңір жұртшылығымен бірге, Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары: ақын Ұлықбек Есдәулет пен Несіпбек Айтұлы, Қабанбай батыр кесенесінің шырақшысы, профессор Камал Абдрахман және Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Ермек Келемсейіт бастап Жетісу жерінен арнайы келген делегация қатысты.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Тәжін киіп даңқтың
Несіпбек АЙТҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Көтерілді өр тұлғаң тас тұғырға тағы да,
Туған ұлсың, Ер баба, қазағыңның бағына!
Тәжін киіп даңқтың, тоңын бұзып тарихтың,
Батырлықтың өзіңсің қонған алтын тағына.
Көктей өтіп жылдарды дауылдатып басылған,
Сенің атың көшеді ғасырларға ғасырдан.
Тұлпарыңның дүбірі құлағында дәуірдің,
Қалың жауды төңкеріп Алтай таудан асырған.
Қасіретті аластап, қиянатты қақпайлап,
Халқың отыр бақыттың белдеуіне ат байлап,
Бостандығын қазақтың бар әлемге әйгілеп,
Сенің рухың – төбемде желбіреген Көк байрақ!
Айбат шегіп дұшпанға ел-жұртыңа қас қылған,
Тұра берер қасқайып қасиетті тас тұлғаң!
Желеп-жебеп қолдадың – ұрпағыңды қорғадың,
Желтоқсанда кешегі жанарына жас тұнған!..
Жамағатты жиналған жалт қаратып сөзіме,
Аруағыңды шақырсам, көрінер ме көзіме?!
Атамекен төсінде алшаң басқан алаңсыз,
Бүкіл қазақ қарыздар мәңгі-бақи өзіңе!..