Мәскеудегі Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде «Қазақстан» павильоны үздіктер қатарынан көрінді.
Дәлірек айтсақ, «Құрылыс саласында жүзеге асырылған ең үздік жоба» байқауының «Мәдени мұра объектілерін заманауи пайдалануға бейімдеу және қайта қалпына келтіру» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Марапаттау рәсімі әдеттегідей Құрылысшылар күні қарсаңында «Манеж» орталық көрме залында өтті. Үздіктерді Мәскеу мэрі Сергей Собянин марапаттады.
Байқауды Мәскеудің Қала құрылысы саясаты департаменті 2000 жылдан бері өткізіп келеді. Сондай-ақ бұл Ресей астанасындағы ең беделді кәсіби марапаттардың бірі саналады.
Бұл жолы байқауға 2021 жылы пайдалануға берілген 107 жоба қатысты. Қатысушылар құрылыстың негізгі бағыттарын қамтитын тұрғын үйлер, медициналық және білім беру мекемелерінің құрылысынан бастап, көше және жол желісі объектілеріне, метрополитенге дейін, мәдени мұра нысандарын қалпына келтіру және заманауи пайдалануға бейімдеу сияқты 12 номинация бойынша ұсынылды. Жеңімпаздарды сараптамалық кеңес пен қалалық байқау комиссиясы анықтаған.
Еске сала кетейік, Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіндегі «Қазақстан» павильоны 2021 жылдың соңында кең ауқымды қайта қалпына келтіру жұмыстарынан кейін ашылды. Павильонға ХХ ғасырдың ортасындағы тарихи келбеті қайтарылды. Желтоқсанда ол Мәскеу үкіметінің «Мәскеулік қалпына келтіру – 2021» байқауының лауреаты атанды. Ал шілдеде қайта қалпына келтіруге қосқан үлесі және іс-шараның күн тәртібіндегі белсенді жұмысы үшін Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің «Алтын белгісімен» марапатталды.