Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев жұмыс сапарымен Ақтөбе облысында болып, өңірдегі мәдениет және спорт, туризм саласында қолға алынып жатқан жұмыстармен танысты.
М.Ломоносов атындағы қалалық орталық кітапхананың 28 мың кітап қоры бар, оның 8 200-і қазақ тіліндегі әдебиеттер, соңғы жылдары балалар әдебиетімен толығып келеді. Кітапхананың 1 600 тұрақты оқырманы үшін барлық жағдай жасалған, әсіресе электронды оқулықтар жүйесі жақсы дамыған. Өңір басшысы Оңдасын Оразалин алдағы жылы Ақтөбеде заманауи облыстық кітапхана құрылысы басталатынын жеткізді.
Д.Абаев «Батыс-2» шағын ауданында салынып жатқан мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Құрылысы былтыр басталған кешен алдағы жылы аяқталмақшы. Одан кейін министр Visit Aktobe ақпараттық орталығының жұмысымен танысып, өңірдегі туризмнің даму барысы жөнінде облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратовтың есебін тыңдады. Қазіргі уақытта Байғанин ауданындағы Ақтолағай және Аққұм борлы қыраттарына туристік маршруттар іске асырылып жатыр. Туристер ежелгі теңіз орны болған жерден көтерілген шағын каньон түріндегі биіктіктерді тамашалайды. Табиғаты тамаша жер болғанымен елсізде орналасқан. Су жүргізу, электр желілерін тарту керек. Дегенмен инфрақұрылым жүргізуге байланысты кедергілер бар. Д.Абаевты Әйтеке би ауданындағы Хан моласы маршруты да қызықтырды. Бұл тарихи туризмге сұранып тұрған орын, табиғаты да тамаша – Өлкейік өзенінің құйылысы. Тоқетері, Ақтөбе облысында ішкі туризмді дамытуда сервистік қызмет ұйымдастыру жағы ақсап жатыр. Қарапайым тілмен айтқанда, жол бойы тамақтану орындары, дәретхана, сумен жабдықтау және туристер қонатын жайлы орындар салынуы керек. Осылайша, тоғыз жолдың торабындағы Ақтөбе облысында кәсіпкерліктің дамуы үшін ең алдымен жолдарды жөндеп, жол бойы сервисін ретке келтіру қажет.
Министрдің жұмыс сапары одан әрі Қобда ауданында жалғасты. Алтын Орда заманының ескерткіші Асан Қайғының баласы Абат батыр жерленген ескі кесененің ортағасырлық күйдірілген қыш кірпіштері түсіп, кесене тозып тұрғанда, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасымен қайта жөндеуден өтті. Абат-Байтақ Әлия Молдағұлованың туған ауылы Бұлақтан онша қашық емес. Әлия апамыздың ауылына аялдаған соң министр «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығының директоры Бағдаш Төпенова ресейлік іздеу отрядтары тапқан қазақстандық жауынгерлердің деректерімен таныстырды.
Министр «Алақай» қуыршақ театрының ғимаратында мәдениет және спорт саласының қызметкерлерімен, қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесті. Спорт саласының ардагерлері бұқаралық спортты дамыту, Париж Олимпиадасына дайындық, жаттықтықтырушылар мектебін қалыптастыру мәселесін көтерді. Соның ішінде спорттық үйірмелерді жан басына қаржыландыруға қатаң бақылау қажеттігі туралы айтылды. Өйткені кейбір жеке кәсіпкерлер кез келген жерден орын алып, балаларды жаттықтыру үшін қаржы алса да, жұмыстың сапасы жоқ, жалға алған ғимарат жаттықтыру үшін ыңғайлы емес, залдары тар, жуынып-шешінетін бөлмесі, жаттықтырушылары да жоқ. Көптеген ата-ана тарапынан жан басына қаржыландыру жобасына қарсылық көбейген. Кездесуге қатысқандар спорт мектептерінің базасын нығайтып, мамандармен қамтамасыз етуді және балаларды кәсіби мектептерде ерте бастан даярлауды жүйелі түрде қолға алуды тапсырды. Негізгі басымдық Олимпиадалық спорт түрлеріне берілуі керек.
Дәурен Абаев Ақтөбеде өтіп жатқан Baqytty bala – 2022 IV халықаралық балалар вокал конкурсының қатысушыларымен жүздесіп, жұмыс сапарын аяқтады.
Ақтөбе облысы