Статистикаға сүйенсек, Кереку өңірінде 212 шағын жинақты мектеп бар. Осыдан біраз жыл бұрын облыс басшылығы өңірде болашағы жоқ ауылдар деп танылған шалғай елді мекендердің мектептерін жаппақ болып, ел-жұртты шулатқаны есімізде. Ондаған шағын білім мекемесі әне жабылады, міне жабылады деп жүріп, көптің тілеуімен әупірімдеп сақталып қалды. Онсыз да алақандай ауылдың ұйытқысына, тұрғындардың қотарыла көшіп кетпеуіне сеп болып отырған мектептердің кейбірінде әлі де мәселе жетерлік. Әсіресе модернизация игілігіне іліге алмай отырғаны қынжылтады.
Мәселен, Баянауыл ауданындағы Қ.Кемеңгеров атындағы орта мектеп директоры Мәдиян Қабдуова ауылдық жерде мұғалімдер жетіспеушілігі барын айтады. Әрі интернет жылдамдығына да көңіл толмайды.
– Білім саласына жауапты мекемелер ауылдық мектептерде қызмет ететін мұғалімдерге қарайласса екен дейміз. Қазір ауыл мектептерінде мұғалімдер тапшы. Маман жетіспеушілігіне байланысты бір мұғалім бірнеше пәннен сабақ беруге мәжбүр. Бұл дегеніміз – ұстаз жұмысын екі есе көбейтеді деген сөз. Әсіресе қағаз жұмыстары, есеп беру, күнделік толтыру көп уақытты алады. Қазір күнделік электронды формат түрінде болғандықтан, кейде Kundelik.kz сайтына кірудің өзі көп уақытты алады. Сондықтан кеңжолақты интернеттің сапасы біз үшін өте маңызды, – дейді мектеп басшысы.
Электронды «Күнделік» жүйесіне облыстың барлық мектебі 100 пайыз қосылған. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина осылай деп ақпар берді. Бүгінде қосылған қолданушылардың барлығы, яғни 211 881 аккаунт порталды жүйелі түрде қолданады. 2022-2023 оқу жылында өңірде 359 мектеп (355-і - мемлекеттік, 4-еуі - жеке меншік) жұмыс істейтін болады, оның ішінде 271 ауыл мектебі бар. Облыстың екі мектебі техникалық мүмкіндіктің жеткіліксіздігінен кеңжолақты интернетке қосылмаған. Олар – Май ауданындағы Ақшиман ауылдық мектебі және Успен ауданының Дмитриевка ауылындағы білім ордасы. «Қос ауылда ұялы байланыс бар. Білім ұйымдары ұялы байланыс операторларының жылдамдығы төмен интернетін пайдаланады. Бұл мәселе жергілікті атқару органдарының бақылауында, алдағы уақытта мәселе шешіледі», деп сендірді басқарма басшысы.
Шағын жинақты мектептердің басым бөлігі бүгінде ескіріп тұрғаны да рас. Ғимараттары мен инженерлік желілері әбден тозған нысандар жыл сайын ағымдағы жөндеумен ғана шектеліп келе жатқаны да белгілі. Биыл «Заманауи мектеп», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында облыс бойынша 46 мектепке жөндеу жүргізіліп жатыр. Мектептерді модернизациялау бойынша 33 нысан, «Заманауи мектеп» аясында 4 мектеп және «Ауыл – ел бесігі» бойынша 9 білім ошағы жөнделуде. Барлығына қазынадан 10 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Атап өтерлігі, соңғы 3 жылда аймақта «Заманауи мектеп» бағдарламасы табысты жүзеге асуда. 2025 жылға дейін бұл бағдарлама арқылы 85 мектеп күрделі жөнделіп, жаңа кейіпке енеді деп жоспарланған. Орта мектептерді заманға сай жаңартып, арнайы сыныптарды жаңа технологиялармен жабдықтауды мақсат еткен өңірлік жобаға көбіне қалалық және қалаларға жақын орналасқан білім мекемелері еніп отырғанын айту керек. Шаһарлардың бюджеті жеткілікті. Онсыз да қысқа жібі күрмеуге келмейтін аудандарға өңірлік бағдарламаны толығымен бұрып, ауыл мектептерін, оның ішінде шағын жинақты мектептерді жаңартатын уақыт жеткен сыңайлы. Ауыл жұртының сұрауы да осы.
Павлодар облысы