Ақсу ферроқорытпа зауытында жыл басынан бері үш газ тазарту жүйесінде жеңдік сүзгілер ауыстырылды. Оларды ұдайы ауыстыру кәсіпорынға газтазалағыштардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді және ферроқорытпа өндірісінің шығарындыларын азайтады.
Жеңдік сүзгілер газды тазарту үшін қолданылады. Металл балқыту кезінде газ түзілетіні белгілі. Газдар газ тазарту жүйесіне тартылып, сүзгілерден өтеді. Соның салдарынан сүзгілердің бетінде ұсақ шаңдар қалады. Қондырғы 99 пайыз барынша тиімді жұмыс істеуі үшін сүзгілерді тұрақты түрде алмастыру маңызды. Онымен кәсіпорынның арнайы қызметі айналысады.
Ақсу ферроқорытпа зауытында биыл үш балқыту цехының жеңдік сүзгілері ауыстырылды.
– Бүкіл әлемде қолданылып жүрген серитификаты бар, тексерістен өткен сүзгілерді ғана пайдаланамыз. Әр газ тазалағыштың өз сүзгісі болады. Сүзгілердің барлығы инновациялық материалдардан жасалған. Олар сүзгілердің беріктігін қамтамасыз етіп, оны пайдалану мерзімінің соңына дейін сақтайды. Пайдалану шарттарына байланысты екі жылдан төрт жылға дейін қолдануға болады. Сүзгілердің тозғанын күтіп отырмаймыз, оларды ертерек ауыстыра береміз, – дейді зауыттың бас экологі Инна Давыдова.
Оның айтуынша, күн суытқанша тағы үш газ тазарту кешеніне жаңа сүзгілер қойылады.
Бұдан бөлек кәсіпорында №4 балқыту пешінің газ тазарту құрылғысы жетілдіріліп жатыр. Былтыр мұнда №42 пеш үшін жаңа газ тазалау кешені салына бастады.
– Экология және табиғи ресурстарға ұқыпты қарау ERG үшін қашан да маңызды. Топта 2018 жылдан бері Экологиялық стратегия кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Стратегия аясында үздік инновациялық шешімдер енгізіледі. Қазір кәсіпорнымыздың барлық пеші газ тазартқыш қондырғылармен жабдықталған. Ондағы сүзгілерді уақтылы жаңалап келеміз. Мұнымен шектелмей, тазалау деңгейі жоғарылау әрі пайдалану сипаттамасы жақсартылған заманауи кешен саламыз, – дейді Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Валентин Чихичин.
Бүгінде №42 пеш газтазартқышының құрылыс алаңында ірі габаритті металл конструкциялары монтаждалып, корпусы тұрғызылып жатыр. Кешен бұрынғы жылдардың тәжірибесіне сүйене отырып Siemens (Германия) және ZVVZ (Чехия) өндірісінің жабдықтарымен жарақтандырылады. Олар инновациялық тазартқыш технологиялар мен шешімдер саласында әлем бойынша көш бастап тұр. Жаңа газтазартқышты Ақсу металлургтері келесі жылдың соңында іске қосуды жоспарлап отыр.