Керекулік жұрт дүкеннен «мұсылман шұжығын» сатып алуға қорқып отыр. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары пісірілген шұжық өнімдерінен шошқа етінің генін тауып алған. Дүкен сөрелеріндегі ет консервілерінен алынған сынамалар 6 бірдей өндірушінің фирмалық тауарынан халал стандартына сай емес ДНҚ-ны анықтаған.
Өңірлік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлағандай, барлық санитарлық-зерттеу шаралары Павлодар қаласында жүргізіліпті. Халал емес ет өнімдері піскен шұжық пен шұжықшаларда (сосиска) және консерві өнімдерінен табылған. Жыл басынан бері мекеме мамандары 26 өнімнен сынама алып, құрамындағы азықтық заттарды тексеріп көрген. Еттен жасалған өнімдердің сыртындағы жазбаша мәлімет көп жағдайда ішкі құрамымен сәйкес келмей, мамандар қайта-қайта тексеріс жасап, соңында кемшіліктерді дәлелдеп берген.
Мәселен, Өскемендегі «Ұлан» ет-консерві зауытында шығарылған бұқтырылған жылқы етінде тауық пен сиыр еттерінің ДНҚ-сы анықталған. Мамандар әлгі консервіде көрсетілген жазудан бөлек бөтен заттар болмауға тиіс деп санайды. Бұдан соң Ресейдің Смолен облысындағы «Вязьмамясопродукт» ЖШҚ-сында өндірілді деп танылған ет консервісінде де тауық еті ұшырасыпты.
– Ең сорақысы, Ресейден тұрақты жеткізілетін, тұтынушылар арасында танымал болған консервілерде шошқа етінің гені кездесті. Атап айтқанда, Калининград облысындағы КМПЗ «БАЛТПРОММЯСО» ЖШҚ-да шығарылып, осында әкеп сатылатын «Бұқтырылған табиғи жылқы еті» кесектелген ет консервісінде және Владимир облысында өндірілген деп көрсетілген «Молочные для завтрака» шұжықшасында халал стандартында болмауға тиіс шошқаның дезоксирибонуклеин қышқылы (ДНҚ) табылды. Бұдан басқа отандық «Иштаев А.А.» жеке кәсіпкерлігі шығарған «Индейка» және «Конская» мұсылман шұжықтарында да осындай келеңсіздіктер тіркелді, – делінген департамент таратқан мәліметте.
Қитұрқы іске барған «Иштаев А.А.» жеке кәсіпкерлігін іздеп көрдік. Бұл кәсіпорын «А.Д.А.Л.» фирмалық атауымен мәлім екен, Жамбыл облысындағы Тараз қаласында орналасқан. Өкінішке қарай, ресми сайтында көрсетілген телефондарының барлығы өшіп жатыр. Сондықтан хабарласу мүмкін болмады.
Халал емес шұжықтардың «жыры» Павлодарда бірінші рет кездесіп отырған жағдай емес. Осыдан бірер жыл бұрын «Сапа» тұтынушылардың құқықтарын қорғау ұлттық қоғамы» қоғамдық бірлестігі жергілікті «Рубиком» ЖШС-ның жартылай қақталған «Дастархан» шұжығынан да шошқа майын анықтаған. Ет-консерві өнімдерін шығарумен айналысатын кәсіпорындар кей уақытта осындай кемшілікке жол беріп, тұтынушылардың наласына қалып жатады.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев жыл басынан бері анықталған кемшіліктер бойынша оқиғаның әрі қарай қалай өрбігені туралы қосымша ақпарат беруден бас тартып отыр. Естуімізше, кейбір фирмалар алынған сынамалардың нәтижесін жоққа шығару бағытында шағымданып жатқан көрінеді.
Павлодар облысы