• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Тамыз, 2022

Жергілікті тұлғалар ескерусіз қала бере ме?

531 рет
көрсетілді

Бүгінде патшалық Ресейдің отарлық езгісін, қылышынан қан тамған кеңестік заманның тоталитарлық белгісін еске түсіретін, тәуелсіздігіміздің ешқандай өлшемдерімен қабыс­пайтын елді мекендер, жер-су, көше аттары өңірде жарты мыңға жуық. Демек идеологиялық тұрғыдан ескі атау­ларды алмас­тыру, бұрынғы тарихи атауларды қайтару ұлттық мүдде талабы деген сөз.

Облыс орталығында 350-дей көше болса, отыз жылдың ішінде бестен бірі ғана өзгертілген. Отыз жылдың өлшемімен қарасақ, бұл – ауыз толтырып айтуға келмейтін мүлдем төмен көрсеткіш. Қалғандарының көпшілігі патшалық Ресей мен кеңестік, тың игеру кезеңдерін еске түсіріп, тас белгідей мызғымаған күйі тұр. Облыс аумағында Лениннің атында – 75, Комсомолдың құрметінде – 66, Октябрьді ұлықтайтын – 48, Советпен жылап көрісетін 65 ауыл мен көшенің мұрты бұзылмаған. Антоновка, Лавровка, Долматовка, Кирилловка сияқты дүбәра атаулардан көз сүрінеді. Дзержинский, Калинин, Пугачев, Разин, Ермак, Ульянов, Ильич және басқаларының «рухын» әспеттеу тыйылмай келеді. Керісінше, жұртшылық қанша өтінсе де, Қожаберген жырау, Абылай хан, Сегіз сері, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Кенесары секілді біртуар тұлғалар туған жерінде өгейдің күнін кешкендей әсер қалдырады.

Ономастика саласындағы жұмыс­ты жүйелендіру, біріздендіру, идея­лық жағынан ескірген әкімшілік аумақтардың, елді мекендердің атта­рын өзгерту бағытында атқа­ры­луға тиісті нақты шаралар жеткілік­сіздігінің, Қазақстан тарихына еш қатысы жоқ атауларға, мәдени нысан­дарға қалың жұртшылыққа жергілікті танымал, белгілі ақын-жазушылардың, ғалымдардың, қоғам қайраткерлерінің есімдерінің берілмеуі сыры түсініксіз. Мағынасы үйлесімсіз жер-су аттарын түгендеп, сараптау, жан-жақты талдау жұмыстарын жүргізуде тұрғындардың ой-пікірлері жете ескеріле бермейді. Бұл мәселе баспасөз беттерінде бірнеше рет көтеріліп, билікпен өткен кездесулерде айтылса да, «ақтаңдақ тұстардың» сеңі сөгілер емес. Тәуелсіз еліміздің ұстанымына сай келмейтін атауларды жаңарту өте маңызды болып отырған тұста атқарылып жатқан жұмыстардың кешенді түрде ұйымдастырылуын қалар едік. Ел тұтастығын сақтай отырып, дербес ұлттық мемлекет құруды мақсат еткен, жауымен арыстанша алысып, ұлтарақтай жеріне дейін сом білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған жаужүрек батырлар, алты Алаштың айбынына айналған ірі тарихи тұлғалар, орақ тілді, от ауыз­ды шешен-билер Қызылжардың құнарлы топырағынан көп шыққан. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» секілді ел басына орнаған қиын жағдай туып, тұтас халық жойылып кететіндей қауіп төнгенде «Елім-айдай» ұлы эпопеялық туын­ды» тудырған (М.Қозыбаев), қалмаққа қарсы шапқан хас батыр, бас қолбасшы ретінде танылған Қожаберген жырауға қаланың шеткері жерінен шолақ көшенің бұйыруы тұлғаның болмысына көлеңке түсірері сөзсіз. Осындайда 2002 жылы қала әкімінің бірінші орынбасары Дулат Көтербекұлы төрағалық еткен ономастикалық комиссия мүшелері «Алтын адам» қоғамдық-ұлттық кеңесінің төрағасы, Елтаңба авторларының бірі Шота Уәлихановтың Жұмағали Тілеулинге көше атын беру туралы өтініші талқыланбастан кері қайтарылғаны еске түседі. Сол жо­лы қоғам қайраткері Сақан Құ­сайы­новтың, атақты әнші Ермек Сер­кебаевтың, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің құрбаны, жерлесіміз Нұржан Қалиасқаровтың есімдерін елеусіз қалдырмау жөніндегі ұсыныс­тар да қолдау таппаған. Соған қара­ғанда, комиссия мүшелері Есіл бойындағы азаттық қозғалыстарының көшбасшысы, «Алаш» партиясының белді мүшесі Жұмағали Тілеулинді білмегені ғой? Оның Ахмет Жанталин, Әбжан Темірбеков, Қапез Айбасов, Хайролла Мәкенов, Есім Байғаскин сияқты еліне, халқына орасан қызмет атқарған, ұлты үшін жанын пида еткен әріптестеріне бір-бір көше берілсе, еш артықтық етпес еді. Кейбіреулердің ономастика комиссиясы атауларды қазақшалаумен ғана айналысады деген көзқарас түбірімен қате. Мұндағы мақсат – әр елді мекен ұлттық тарихпен, жергілікті жердің ерекшелігімен астасып жатуы керек. Жаңа атаулар жас ұрпақ санасында ұлттық патриотизмді сіңіруге қызмет етуге тиіс. Әсіресе жас буынды, өскелең ұрпақты тұлғалар арқылы ұлтты сүюге тәрбиелеудің маңызы айрықша. Облыс орталығында Абылай ханның, Ахмет Байтұрсынұлының, Әлихан Бөкейханның, Мұстафа Шоқайдың атында көшелердің болмауы елдігімізге сын. Кей кезде «бүйректен сирақ шығаратын» әдеттен қалмай келеміз. Бензострой кентінде салынып жатқан 600 орынды қазақ мектебіне Кәкімбек Салықов ағамыздың атын беру ұсынылғанда кей ақсақалдарымыз 20-шы шағынауданда бой көтерген мешітке бермек болып жанталасқан, бұл әрекет еш ақылға сыймайтын. Ұлт зиялысының ортасынан ойып тұрып орын алатын ақынның, сазгердің өнегесін дәріптеу мектеп қабырғасынан насихатталса, ұтарымыз көп еді. Өзара келіспеушілік салдарынан білім үйіне есімі берілмей қалған. Осы себепті тіл, ел-жер ата­­уын қайтару болмаса жаңаша тұрғыдан зерделеу кезек күттірмес мәселе саналатыны, күн тәртібіне жиі қойылып отыратыны сондықтан. Жасыратыны жоқ, кей кезде тіл жанашырларының азаматтық белсенділігінің қолдау таппай жататыны немесе бюрократтық кедергілерге кездесіп жататыны аз емес. Ана бір жылдары Жұмысшы кенті шағынауданындағы Ермак көшесін қазақшалау туралы облыстық «Қазақ тілі» қоғамының ұсынысы қабылданғанда ішіміз жылып қалған еді. Ерте қуаныппыз. Өзгерген түрін қараңыз: Малая! Қызылжар ауданына қарасты Чапаев ауылына ежелгі Ақбас атын қайтару туралы тұрғындардың өтініші облыстық ономастика комиссиясы тарапынан мақұлданып, сессияға шығарылғалы тұрғанда жеке адамның өктемдігімен шешім тоқтатылып тасталған. Сөйтіп, қазақ елінің ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық ономастика жүйесіне пысқырып та қарамаған. Ішкі саясат басқармасы да солқылдақтық мінез танытқан.

Кеңес заманынан қалған атаулар жергілікті жерлерде жиі кездеседі. М.Жұмабаев ауданына іссапармен барғанымызда Аққайың ауылдық округінің орталығы Октябрь деп аталады екен. Елді мекенде Батыр Баянның атында көше болмай шықты. Оған кім кінәлі? Әрине, аудандық, ауылдық әкімдіктер. Ономастика комиссиясы өтініш-тілектерді қараумен ғана тұйықталып қалатыны белгілі. Сондықтан оның құзыретін өз дәре­жесінде пайдалана білсе, жат атау­лардың саны кеміп, керісінше, елдік ерекшелігімізді білдіретін жер-су атау­лары көбейер еді. Орда бұзар шағын­да танымал тұлға ретінде таныл­ған Смағұл Сәдуақасовтың атқар­ған қызметі, халқына сіңірген ең­бегі ешқандай жарнамалауды қа­жет етпейтінін ескерсек, есімін ар­дақ­­тайтын мезгіл әлдеқашан жетті. Қы­зыл­жар қаласында өткен респуб­ликалық ғылыми жиында Ахмет Жанталиннің қызы, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің доценті Аида апайды кездестіріп, тілдескеніміз бар. Сонда ағартушылық жұмысы – бір төбе, қайраткерлігі өз алдына әкесінің аты атаусыз қалғанына қатты қынжылған. Троицк, Орынбор қалаларында жарық көрген «Айқап» журналын, «Қазақ» газетін шығаруға белсене атсалысқанын жұртшылық біле бермейтіні өкінішті.

Жаңа атаулардың қай-қайсысы болсын құлаққа жағымды, тілге орамды болуы, тәуелсіздігімізді айғақтауы, тарихи, рухани құндылықтарымызды паш етуі, бір сөзбен айтқанда, заман талабына сай келуі керек. Жуырда облыс орталығында нөмірленіп келген 16 көше қазақша атауға ие болды. Осындай өзгертулерге байланысты алда ескеретін бір мәселе, жұмыс тобына, қоғамдық жария тыңдауға «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері мен тіл жанашырларын, жергілікті жердің тарихын жетік білетін өлкетанушыларды да тартып, олардың ой-пікірлерімен санасқан жөн еді. «Көшелердің бірде-біреуіне кісі атын, не ақынның не танымал тұрғынның есімін берген жоқпыз. «Солнечный-2» қаладан шеткері орналасқандықтан, түсінбеушіліктер болмау үшін осылайша бейтарап әрі әдемі қазақша ат беруді дұрыс деп таптық», деп қалалық әкімдіктің жауап­ты қызметкерлері жерден жеті қоян тапқандай мәз болады. Бұл ұстаным қисынды десек, осы ша­ғы­н­ ауданда жерлес ақындарымыз Ғалым Малдыбаев пен Есләм Зікібаев­тың атында көше бар емес пе? Оно­мастика комиссиясының талпынысы сүйсінткенмен, Баянды, Шабыт тәрізді көше атаулары көңілге қона бермейді. Өңірде қасиетті де киелі жерлер мен орындар көп. Солардың бірі – Ботай, Ақ иір, Қызыл оба секілді тарихи атаулар алмастырса, қандай ғажап болар еді деген ой келеді. Біздіңше, әлі де парасатты көзқарас жетіспейтін секілді.

Былтырлары Петропавл қаласын­дағы және Қызылжар ауданындағы мектептерге Абай Құнанбайұлының есімі берілді. 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО шеңберінде атап өтілген ұлы ойшылды халық онсыз да жақсы таниды емес пе. Сондықтан, есімдері ескерусіз қалып келе жатқан, мәселен, Біржан сал мен Үкілі Ыбы­рай ұлықталса, жарасымды болар еді. Мамлют аудандық мәслихаты орысша аталып келген 10 көшені халқымызға кеңінен танымал есімдермен алмастыруға ше­шім қабылдаған. Бұл тұлғалар да насихатқа кенде емес, әлдеқашан танылып қалған. Осы өңірде туып-өскен Сәрке сал болмаса Бике анамыздың аттарын иеленсе, әңгіме бөлек. Был­тыр Аққайың ауданы Аралағаш ауы­­лын­да Желтоқсан көшесі еш себеп­сіз өзгертіліп, «идеологиялық-мораль­дық тұрғыдан есірген» деген желеу­мен қосақ арасында кете барған. Қол­даныстағы заңнамаға сәйкес кө­ше атау­ларын ретке келтіргенде «бояушы, бояушы десе, сақалын бояптының» керін келтіріп алмайық. Жаңадан пайда болған көшелерге жер-су аттарымен қатар Қызылжар өңіріне еңбегі сіңген танымал тұлғалар мен қайраткерлердің есімдері берілсе, оларды ұлықтаудың, өркениеттіліктің белгісі болар еді.

Облыс орталығында отаршыл Ресей мен кеңестік заманның қатып-семіп қалған тоталитарлық кезін еске түсіретін атаулар жетіп артылады. Мәселен, Сакко және Ванцетти, Клара Цеткин, Володарский, Халтурин, Крепостной атауларының өңірімізге қандай қатысы бар? Бір ғана Сенная атауында – 6, Кирпичнаяда 4 көше тіркелген. Бодандық кезеңнен қалған отаршылдық және кеңестік режім идео­логиясынан арылуда ономастикалық атаулардың тарихи-мәдени санаға әсер етуінің саяси құрал ретіндегі маңызы зор. Сондықтан атауларды қазақшалауда абай болған жөн дегіміз келеді.

 

Өмір ЕСҚАЛИ,

журналист

 

Солтүстік Қазақстан облысы