• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қаржы 16 Тамыз, 2022

Базалық мөлшерлеме өспейді

166 рет
көрсетілді

Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығы 2022 жылдың тамыз айында қаржы нарығының кәсіби қатысушыларының кейбір индикаторларға қатысты кезекті сауалдамасының нәтижелерін ұсынды. Онда 6 негізгі аспекті бойынша болжамдар жарияланған.

Қаржы нарығының кәсіби қатысушылары, банк, сақтандыру, брокерлік ұйымдар өкілдері, талдау және қазынашылық бөлімшелерінің қызметкерлері алты негізгі бағыт – Brent маркалы мұнайдың құны, Ресей рубліне қарсы АҚШ долларының құны, қазақстандық теңгеге қарсы АҚШ долларының құны, инфляция, ішкі жалпы өнім және Ұлттық банк базалық мөлшерлемесіне байланысты өз пайымдарын ұсынған.

Сарапшылардың пікіріне қарағанда, жыл басынан бері базалық мөлшерлеме айтарлықтай көтерілгеннен кейін (9,75-тен 14,5 пайызға дейін) Ұлттық банк 5 қыркүйекте өтетін отырыста кідіріс жасайды. Респонденттердің көпшілігі (73 пайыз) мөлшерлеменің сақталуын күтсе, қалған 27 пайызы 15 пайызға дейін көтеріледі дейді. Мұндай күтулер мұнай бағасының елеулі төмендеуіне (барреліне 124-тен 96 долларға дейін), азық-түліктің әлемдік бағасының төрт айлық ұзақ төмендеуіне (ФАО индексі 160-тан 141 пунктке дейін төмендеді) және елдегі инфляциялық қысым кезеңінің тез өтуіне байланысты болуы мүмкін.

Бұл ретте сарапшылар инфляцияның бір жылдан кейін 11,7% пайызға дейін баяу­лауын және базалық мөлшерлеменің 12,0 пайызға дейін төмендеуін күтуде. Айта кету керек, пайыздық мөлшерлемелер, әдетте, тауар бағаларымен бір бағытта жүреді.

Қатысушылардың айтуынша, мұнай бағасы бойынша күтулер айтарлықтай нашарлады: бір жылдан кейін сарапшылар бір ай бұрын 106 доллар көрсеткішімен (-16 пайыз) салыстырғанда Brent баррелінің бағасын 89 доллар деңгейінде күтеді. Мұнай бағасының болжамды төмендеуі және рубльдің әлсіреуі ұлттық валюта бағамына тиісті әсер етеді. Бір жылдан кейін сарапшылар USD/KZT жұбы бойынша бір доллар үшін 495 теңге деңгейінде бағамды күтуде, бұл оның ағымдағы мәні 477-ге (+3,5 пайыз) қарсы. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова мұнай бағасының төмендеуімен қатар АҚШ-та мөлшерлемелерді агрессивті көтеру – ұлттық валютаға, сондай-ақ дамушы нарықтардың валюталарына қысым жасауын тоқтатқан жоқ дейді.

Сарапшылардың бағалауы бойынша ІЖӨ өсімі бір жылдан кейін 2,9 пайызға дейін баяулауы мүмкін (ағымдағы 3,4 пайыз). Бұл мұнай бағасының болжамды төмендеуінен басқа, қарқынын шектеу жөніндегі фискалдық ережелерді сақтаумен байланысты болуы ықтимал.