Қазақстандық режиссер Самғар Рақымның «Көше ақыны» фильмі Оңтүстік Кореядағы халықаралық кинофестивальге ұсынылды. Қысқаметражды кинотуынды Music film’s Landscape секциясында көрсетілмек.
Бұл аталымда заманауи музыкалық фильмдерден бастап, әртүрлі музыкалық жанрлар мен музыканттарға арналған фильмдер, сонымен қатар музыка арқылы әмбебап өмір мен түрлі мәдениеттерді көрсететін картиналар бақ сынайды.
«Көше ақыны» фильмінің желісі ұрпақтар арасындағы қақтығыс мәселесін қозғайды. Оқиға айтыскер Таңжарық пен ұлы Тұранның арасында өрбиді. Мәселен, рэпке қызығып, түрлі рифмалар мен речитативтерді құрастыратын ұлының өнерін әкесі қабылдамайды. Фильм көрерменге уақыттың жаңа тенденцияларына өнерді де бейімдеуге болатынын, сонымен қатар ата-бабалар мұра еткен құндылықтарды сақтау керектігін меңзейді.
Айта кетейік, былтыр «Көше ақыны» АҚШ-та өткен Meihodo International Youth visual Media Festival 4-ші халықаралық кинофестивалінде «Музыкалық бейне» санатында марапатқа ие болды және Annapolis Film Festival «Көрермен көзайымы» жүлдесін жеңіп алды. Сондай-ақ 6-шы Халықаралық Baiqonyr International Short Film Festival қысқаметражды кинофестивалінде картина «Үздік монтаж» номинациясы бойынша үздік деп танылды.
Еске салсақ, 18-ші Халықаралық музыка және кинофестивалі Чехчон қаласында (Оңтүстік Корея) өтіп жатыр.