Нұр-Сұлтанда шайбалы хоккейден Қазақстан Президенті кубогы жолындағы жарыс басталды. Биылғы бәсекеде жергілікті «Барыстан» бөлек, Екатеринбургтің «Автомобилист», Магнитогорскінің «Металлург» және Нижнекамскінің «Нефтехимик» клубтары күш сынасуда.
«Барыстың» бас бапкері Андрей Скабелка дәл осы турнир қарсаңында мына шәкірттеріне сенім артатынын жария етті: Қақпашылар – Джелал-ад-Дин Әмірбеков, Никита Бояркин және Андрей Шутов. Қорғаушылар – Әділ Бекетаев, Кристофер Биграс, Темірлан Гайтамиров, Михаил Григорьев, Джесси Грэм, Самат Данияр, Максим Минеев, Эмиль Нұрғалиев, Юрий Сергиенко, Владислав Сёмин, Тимур Фаткуллин, Егор Шалапов және Эдуард Шетле. Шабуылшылар – Әлихан Әсетов, Джереми Бракко, Линден Вей, Дмитрий Гурков, Диас Гусейнов, Дінмұхамед Қайыржан, Энтони Луис, Кирилл Максимов, Абай Маңғысбаев, Никита Михайлис, Батырлан Мұратов, Егор Петухов, Михаил Рахманов, Андрей Рунов, Кирилл Савицкий, Антон Сагадеев, Аңсар Шайхмедденов және Аркадий Шестаков.
Жарыстың алғашқы күні «Барыс» «Автомобилиспен» шеберлік байқасты. Бәсеке барысында жерлестеріміз үш рет алға шыққанына қарамастан, жеңіс қонақтардың уысында кетті. Тарқатып айтсақ, 14 минутта Никита Михайлистің соққан шайбасына 18 минутта Степан Хрипунов жауап қайырды. Үзілістен кейін сол жағдай қайталанды. Джереми Бракко елордалық клубты алға шығарған еді, Анатолий Голышев таразы басын теңестірді. 53 минутта Энтони Луис нысананы дәл көздеді. Осы есеп 59 минутқа дейін сақталды. Алайда бәсекенің аяқталуына санаулы секунд қалғанда Голышев қайта мергендік танытты. Ал овертаймда Виктор Неучев гол салып, «Автомобилиске» жеңіс сыйлады – 4:3.
Сол күні «Нефтехимик» пен «Металлург» күш сынасты. Бұл тартыс Магнитогорскіден келген хоккейшілердің жеңісімен аяқталды. Есеп – 4:1. Жеңімпаз команда сапында қазақстандық Павел Акользин нысананы дәл көздесе, Валерий Орехов оңтайлы пас берді. Ал Өскемен хоккей мектебінің тағы бір түлегі Семен Кошелев бір гол мен бір нәтижелі пастың авторы атанды.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Президенті кубогы жолындағы жарыс елордамызда 2010 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Сол аралықта «Барыс» төрт мәрте бас жүлдені олжалады. Санкт-Петербургтің СКА, Омбының «Авангард», Новокузецкінің «Металлург», Нижнекамскінің «Нефтехимик» және Хабаровскінің «Амур» клубтары бір-бір реттен жеңімпаз атанды.