• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Әдебиет 18 Тамыз, 2022

Әдебиеттану тарланы

668 рет
көрсетілді

Тұрсынбек Кәкішев – есімі қазақ әдебиетінде мәңгі қалған тұлға. Ол ұлт әдебиеті үшін өшпес қызмет етіп кетті. Бүгінгі әдебиетте жүрген зиялылардың көбі Кәкішев мектебінен өткендері шындық. Оның ұлт әдебиеті мен руханияты үшін істеген еңбектері бүгінгі ұрпақ үшін асыл мұралардың бірі болмақ.

Ұлттық академиялық кітап­ха­на­да Қазақстан Респуб­ликасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Халықаралық жоғары мектептер ғылым академиясының құрметті академигі, Қазақстан Жазушылар одағының Сәкен Сейфуллин атындағы сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішұлының туғанына 95 жыл толуына орай дөңгелек үстел өтті. Аталған іс-шара сыншы-ғалым, жазушы Тұрсынбек Кә­кіш­ұлы­ның қазақ әдебиетінің өркендеуіне қосқан үлесін баға­лау, ұлтжандылығы мен әде­биетке деген адалдығын келер ұрпаққа, қазіргі жастарға үлгі ету, сонымен бірге ғалымның артында қалған мұрасын дәріптеу, оның рухына құрмет көрсетуді мақсат етті.

Дөңгелек үстелді ақын, Қа­зақ­­стан Жазушылар одағының хат­­шысы, Нұр-Сұлтан қаласы филиа­лының директоры Дәулет­керей Кәпұлы жүргізіп, Т.Кәкіш­ұлы­ның қазақ әдебиетіне қосқан орасан зор еңбегіне, ұстаздық жолына тоқтала келіп, елордадағы жаңадан ашылатын №94 мектеп-гимназиясына Тұрсынбек Кәкішев есімін беру туралы ұсыныстар айтылғанын, елорда әуежайы маңындағы коттедждер қалашығында ғалым атына көше берілгенін қуанышпен айтып өтті, әрі ұстазы туралы жылы естеліктермен бөлісті.

Ұлттық ғылым академия­сы­ның академигі, филология ғылымдарының докторы, про­фес­сор Дихан Қамзабекұлы ғалым­ның ұлттық әдебиет ғылы­мына жанашырлығы, адалдығы кейінгі ұрпаққа үлгі болады дей келіп: «Ол ғылымға салыстырмалы түрде кеш келді, бірақ үлкен мектеп даярлап кетті, ғалымның сүбе­лі еңбегі әдебиет және өнер, сын саласының қалыптасып-дамуында үлкен бағдар болды деп есептейміз. Әсіресе 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезіндегі азаматтық ұстанымы туралы бөлек айтуға болады, ол кезде декан кезі. «Садақтың» рухы мен мазмұны да Алаш тақырыбы болды. Ол қазақ зия­лы­ларына тұтас қарай алды. Еуразия ұлттық университетінде ғалым атында мемориалдық кі­тап­хана бар. Келешекте Тұрсе­кеңнің рухындағы жаңа зерттеулер дүниеге келеді деп сенеміз» деп қорытындылады.

Ұлттық ғылым академия­сы­ның академигі, филология ғы­лымдарының докторы, профессор Бауыржан Омарұлы ұстаз Тұрсынбек Кәкішев туралы: «Бүгін бәріміздің ұстазымыз, аға буынның ішіндегі өте зия­лы адам ретінде, айтатынын ешкімнен қаймықпай айтатын азамат ретінде ұлтымыздың та­ри­хында қалған Тұрсынбек аға­мызды ұлықтау үшін жиналып отырмыз. Қазіргі ұрпақ тарихқа қараған кезде айналып соғатын «жиырма жетінші жыл­ғылар» деген бір ұғым бар. Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кәкішев, Зейнолла Қабдолов, Мүсілім Базарбаев, Нығмет Ғабдуллин, Рахманқұл Бердібаев, Үшкілтай Сұбханбердина, Телғожа Жанұзақ,...бұл тізімді жал­­­ғас­ты­ра беруге болады. Бұ­лар­дың барлығы жиырма жетінші жылғылар. Осылардың ішінде тоқсан бес жасын көзімен көрген Телғожа Жанұзақ ағамыз. Осы жиырма жетінші жыл­ғы­лар­дың арасындағы ғибратты ғалым, ұлағатты ұстаз, абырой­лы ақ­сақал, ардақты аға Тұрсынбек Кәкішевтің орны бөлек. Ол ғылымдағы кейінгі буынға жақсы қарады, бәріне жол ашты, жастарды қолдады, қол­дауын көргеннің біріміз. Ол кісі алыс-жақын ше­тел­дердің архивтерін түгел сүзіп шыққан адам, қай архивке барсаң да Тұрсекеңнің қолы тұратын», деген жүрекжарды ойын айтты.

Ұлттық ғылым академия­сы­ның корреспон­дент-мүшесі, фи­лология ғылым­да­рының док­торы Амантай Шәріп және ғалымның інісі Жеңіс Есімұлы да аталған іс-шараға арнайы қа­тысып, академик туралы ес­те­ліктерімен бөлісті. Сая­сат­та­нушы, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Сейдахмет Құт­тық­адам, публицист, аудармашы Қайырбек Сәдуақасов, ақын Бақытжан Тобаяқов, филология ғылымдарының докторы, профессор Рахымжан Тұрысбек, жазушылар Төкен Әлжан, Жәди Шәкенұлы, Айгүл Кемелбаева, алаштанушы, профессор Сағымбай Жұмағұл, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы Тіл-қазына ғылыми-практикалық орталығының директоры Ербол Тілешев сияқты зиялы қауым өкілдері де іс-шараға қатысты. Қазақ әдебиетінің өсіп-өркен­деуіне ерекше үлес қосқан ғалым­ның есімі ұлықтала беретіні шү­бәсіз.