Сербияның Врбас қаласында бокстан халықаралық турнир өз мәресіне жетті. 18 мемлекеттің өкілдері қатысқан жарыста Қазақстанның жастар құрама командасы керемет өнер көрсетіп, 5 алтын және 4 қола медаль олжалады.
54 кило салмақ дәрежесінде Айдар Қадырхан қарсылас шақ келтірмеді. Жартылай финалда ол сербиялық Огнен Античтің тас-талқанын шығарса, әзербайжандық Махаммадәли Аширәлиев ақтық айқасқа шығудан бас тартты. 60 кило салмақтағы Төрехан Сабырхан аса тартысты өткен финалдық айқаста ринг қожайыны Христофер Димитровтан басым түсті. 63 кило салмақтағы Өнер Сейілханға бірде-бір боксшы лайықты қарсылық көрсете алмады. Барлық бәсекені 5:0 есебімен аяқтаған қазақтың қайсар ұлы шешуші тұста сербиялық Денис Ваничті шаң қаптырып кетті. 66 кило салмақтағы Мадияр Ербосынов та ерледі. Финалда ол Болгарияның беткеұстары Сами Халилдің екі аяғын бір етікке тықты. 80 кило салмақтағы Мадияр Бексұлтановқа жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілу үшін небәрі екі жекпе-жек жеткілікті болды. Алғашында қандасымыз жергілікті боксшы Срджан Теофиловичті тізе бүктірсе, одан кейін италиялық Кристиан Сарсиллиді сан соқтырды.
Ал Ерасыл Аманкелді (48 кило), Сәкен Ермек (57 кило), Ахмет Үсен (63 кило) және Денис Кучер (70 кило) сынды былғары қолғап шеберлеріміз қола медальді қанағат тұтты. Жартылай финалда Ерасыл Адмир Камесанинден, Ахмет Денис Ваничтен жеңілді. Олардың екеуі де Сербияның боксшылары. Сәкен румыниялық Арун Тудороюға есе жіберсе, Денис мажарстандық Кристиан Нилеборгке жол берді. Сондай-ақ осы турнирде Италия мен Әзербайжан құрама командаларының мүшелері бас жүлдені екі-екіден олжаласа, Румыния, Мажарстан және АҚШ боксшыларына бір-бір алтын медальдан бұйырды.