Футболдан Қазақстан кубогының жеребесі тартылып, ширек финалда қай команданың өзара күш сынасатыны анықталды.
Аталған межеде «Тараз» бен Қарағандының «Шахтері», Алматының «Қайраты» мен Оралдың «Ақжайығы», Нұр-Сұлтанның «Астанасы» мен Атакенттің «Мақтааралы» және Қызылорданың «Қайсары» мен Шымкенттің «Ордабасы» шеберлік байқасады. Бұл кездесулер 31 тамызда өтеді. 19 қазанда жартылай финалдық ойындарды тамашалаймыз. Бұл матчтарда «Қайрат»/«Ақжайық» – «Тараз»/«Шахтер» және «Астана»/«Мақтаарал» – «Қайсар»/«Ордабасы» арасындағы бәсекеде бағы жанған командалар ақтық сайыстың жолдамасын өзара сарапқа салады.
Естеріңізге сала кетейік, еліміздің әр өңіріндегі 30 команданың басын қосқан биылғы ел кубогының жалауы 6 сәуірде желбіреген еді. Осы жарыста жеңімпаз атанған ұжым бірден УЕФА Конференция кубогының екінші кезеңіне жолдама алады.