Былтыр аса жеңіл салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен белді балуан, Рио Олимпиадасы мен әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Отгонцэцэг Галбадрах үлкен спорттан қол үзгеннен кейін «Енді жуық арада оған лайықты ізбасар табыла қояр ма екен?» деп қобалжығанымыз рас. Иә, Моңғолиядан қоныс аударып келген қаршығадай қыз бірнеше жыл бойы Қазақстанның әйелдер дзюдосын жалғыз өзі өрге сүйрегенін жанкүйерлер жақсы біледі. Бірақ қобалжуымыз бекер екен. Соңғы кездері дәл сол 48 кило салмақта Әбиба Әбужақынова өрелі өнерімен көзге түсіп жүр. Ол жуырда Нұр-Сұлтанда өткен құрлықтың басты додасында күміс медаль иеленді. Аталған жарыс аяқталғаннан соң онымен аз-кем әңгімелескен едік.
– Әбиба, әуелі өзіңді «Егемен Қазақстан» газетінің қалың оқырмандарымен жақынырақ таныстыра кетсең.
– Мен 1997 жылы Өзбекстанның Ташкент облысына қарасты Шыршық қаласында дүниеге келдім. Балауса шағымда анам көркем гимнастикаға берді. Бір жылдай жаттыққан соң өзімнің қалауым бойынша дзюдоға ауыстым. Әу баста әке-шешем бұл таңдауымды құптамады. «Қыз балаға алысып-жұлысу жараспайды. Бір жеріңді зақымдап аласың», деп қарсылық білдірді. Бірақ мен алған бетімнен қайтпай, жаттығуымды жалғастыра бердім. Осы өнердің қыр-сырын Өзбекстанда тұратын қазақ бапкері Бақытжан Жұмановтан үйрендім. Уақыт оза түрлі жарысқа қатысып, жүлделі орындарды иелене бастадым. Сол кезде ғана ата-анамның көңілдері жібіп, маған ақ баталарын берді.
– Қазақстанға қай кезде қоныс аудардыңдар?
– 2014 жылы шекара асып, Шымкент қаласына қоныстандық. Әке-шешем сол жақта қалды, мен Алматыға атбасын бұрып, республикалық спорт колледжіне оқуға түстім. Ол жерде кезінде Азия ойындары мен құрлық чемпионатында жүлдегер атанған танымал дзюдошы, білікті бапкер Нұрбол Сүлейменовтен тәлім-тәрбие алдым. Қазіргі кезде Атырау қаласында Мейіржан Есмағамбетовтің қол астында жаттығамын.
– Алғаш рет сен 2017 жылы Хорватияның астанасы – Загребте өткен жастар арасындағы әлем біріншілігінде жарқ етіп көзге түсіп, күміс медаль иелендің. Сол жарыс жайында әңгімелеп берсең.
– Загребте бес кездесу өткізіп, Хорватия, Ресей, Бельгия және Бразилияның балуандарын жеңдім. Финалда өзімнің жіберген өрескел қателігімнің салдарынан жапон қызына есе жібердім. Сол жарыста мен тік тұрып күресу барысында қарсыластарыма «ауырту» әдісін сәтті қолданып, көпшіліктің назарын өзіме аудардым. Ондай тәсілді екінің бірі жасай бермейтін. Алайда жапониялық спортшының бойы тым аласа болғандықтан, оған қарсы бұл әдісім өтпеді. Осылайша, күміс медальді қанағат тұтуыма тура келді. Кейіннен бұл әдісті аса қауіпті деп санап, дзюдо күресінен алып тастады.
– Былтыр Бішкекте өткен Азия чемпионатында Қазақстанның балуандары бар-жоғы үш жүлдеге иелік етті. Елдос Жұмаханов пен Севара Нышанбаева қола медаль еншілесе, жалғыз сен ғана финалға шықтың. Шешуші тұста жеңіске жетуіңе не кедергі болды деп ойлайсың?
– Қарсыластарымды тегістей ұтып келе жатып, ақтық сында Ли Янанмен белдестім. Қытай дзюдошысы оған дейін құрлық чемпионы атанып, Гранд Слэм мен Гран-при жарыстарында бірнеше мәрте жеңіс тұғырына көтерілген. Янанды жеңіп жатып, қателікке бой алдырдым. Ол өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ.
– Бішкекте жеңіп алған күміс медаліңді Нұр-Сұлтанда алтынға айырбастағың келген шығар...
– Иә, ондай ой болды. Биылғы Азия чемпионатында тайпейлік Лин Чен-Хао мен моңғолиялық Наранцэцэг Ганбаатарды жеңген соң финалда Вакана Когамен күш сынастым. Бұл балуанның есімі жанкүйерлерге жақсы таныс. Ол 2019 жылы жастар арасында әлем чемпионы атанып, былтыр Будапештте өткен әйелдердің дүниежүзілік додасында күміс медаль иеленді. Негізі оны жеңуге болатын еді. Себебі мен солақаймын. Солақай балуандармен белдескенде Коганың біраз қипақтап қалатынын жақсы білемін. Бірақ шешуші тұста менің жоспарым жүзеге аспады. Абайсызда оның қақпанына түсіп қалдым. Осылайша, қатарынан екінші жыл Азия чемпионатының күміс медалін қанағат тұттым.
– Әңгімеңе көп рахмет, Әбиба. Алдағы жарыстарда саған сәттілік тілейміз.
– Сізге де көп рахмет! Бұйыртса, биыл Ташкентте шы- мылдығы түрілетін әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілу үшін барымды саламын. Байрақты бәсекелерде менің алтыннан алқа тағатын күндерім әлі алда деп ойлаймын.
Әңгімелескен
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»