Кеше Түркияның Конья қаласында өтіп жатқан V Ислам ынтымақтастығы ойындарында Қазақстанның спортшылары елеулі табыстарға қол жеткізді. Әсіресе біз отандық жекпе-жек шеберлерінің асқан шеберлігіне тәнті болып, олардың айшықты өнеріне құлшына қол соқтық.
Қазақстанның кикбоксшыларының даңқы алысқа жайылғанын барша жұрт жақсы біледі. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында бұл өнерді біздің елге әкелген Сабыржан Махметов еді. Саңлақ Сабыржанның тұсында жерлестеріміздің бағындырмаған белестері жоқ. Сол үрдіс күні бүгінге дейін жалғасуда. Осы Исламиадада үш бірдей сайыпқыранымыз жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Олар – Нұрсұлтан Жұмабаев (51 кило), Алихан Оздоев (67 кило) және Мақсат Үсіпов (71 кило). Бұл спортшылардың барлығы да қарсыластарын айқын басымдықпен ұтты. Ал 81 кило салмақта сынға түскен Руслан Степанов күміс медальді иеленді.
Каратэшілер сайысында Қайсар Алпысбайдың қарқынына ешкім шыдай алмады. Көптеген халықаралық жарыста жүлде алып жүрген қандасымыз бұл жолы да өз жанкүйерлерін жерге қаратқан жоқ. Қарсы келгендерді қоғадай жапырған Қайсар 60 кило салмақ дәрежесінің бас жүлдесін қанжығасына байлады. Финалда ол кувейттік Абдолла Шаабанды шаң қаптырып кетті. Саудиялық Сауд Албишер мен алжирлық Хеласс Аюб үшінші орынға табан тіреді.
Жүзушілердің жарысында тағы да Әділбек Мусин жасындай жарқылдады. 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде алдына жан салмаған ол алтын тұғырға көтерілді. Бұған дейін Әділбек осыдан екі есе ұзын қашықтықта да бас жүлдені олжалаған еді. 4х100 метрлік аралас эстафетада құрамында Ксения Игнатова, Аделаида Пчелинцева, Даниэла Дюваль және София Әбубәкірова бар Қазақстан құрамасы күміс медаль олжалады. Дәл сол қашықтықта ерлеріміз қолаға қол созды. Бұл команда сапында Егор Попов, Айбек Қамзенов, Әділбек Мусин және Александр Варакин өнер көрсетті.
Жалпы есепте Түркия құрамасы алда келеді. Жарыс қожайындарының қоржынында 303 (127 алтын+97 күміс+79 қола) жүлде бар. Өзбекстан құрамасы енді екінші орынды ешкімге бере қоймас. Олар 140 (46+38+56) медальді олжалауда. Иран үшінші сатыға тұрақтады. Парсы елінің өкілдері 127 (38+41+48) жүлдені еншіледі. Төртінші орында – Әзербайжан. Олар 85 (26+30+29) медальді иемденді. Үздік бестікті Қазақстанның спортшылары түйіндеуде. Отандастарымыздың қоржынына 80 (24+22+34) жүлде түсті.