Сыртқы істер министрлігінің Алматыда тіркелген дипломатиялық корпус өкілдері мен консулдар қауымының қатысуымен дипломатия ардагерлерін мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапаттау рәсімі өтті.
Алматы өкілдігінің басшысы А.Шоқыбаев құттықтау сөзінде елдің сыртқы саясат ведомствосының бастауында тұрған аға буынның қосқан үлесі зор екенін атап өтті. Басқосуда ардагерлер тәуелсіздік тарихындағы алғашқы саммиттер мен халықаралық форумдардың ұйымдастыру тәжірибелерінің кейбір қырларын еске түсіріп, мемлекетіміздің, сыртқы саясатымыздың, жалпы дипломатиямыздың қалыптасуына зор үлес қосқан тұлғалардың есімдерін еске түсірді.
Дипломатия ардагері Ағыбай Смағұлов әріптестерін Қазақстанның дипломатиялық қызметінің 30 жылдығымен құттықтап, ел басшылығына және Сыртқы істер министрлігіне көрсеткен ілтипаты мен марапаттары үшін алғысын білдірді. Өз кезегінде 1999-2003 жылдары Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Елшісі, Тұрақты өкілі қызметін атқарған Мәдина Жарбосынова Қазақстан БҰҰ-ға мүше бола отырып, оны дамытуға толық қатысуға құқық пен нақты мүмкіндік алғанын атап өтті. Елші Қазақстанның БҰҰ-дағы бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті нығайту, қарусыздану және ядролық қаруды таратпау режімін нығайту, ядролық сынақтарды тоқтату және тыйым салу саласындағы негізгі бастамаларына тоқталды.
2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануымен Қазақстанның осы саладағы тарихи үлесі мен дәйекті ұстанымын әлемдік қоғамдастық растап, мойындағаны да айтылды.
Салтанатты кеште дипломатия ардагерлері А.Смағұлов пен М.Жарбосыноваға Мемлекет басшысының Құрмет грамотасы табысталды. Шетелдік дипломаттар Асқар Шоқыбаевтың Алматыдағы миссиясының аяқталуына және министрліктің Таяу Шығыс және Африка департаментінің директоры болып тағайындалуына байланысты тілектестігін білдірді.
АЛМАТЫ