Бұл күндері Алматының дәл іргесінде орналасқан Талғар қаласында Тұңғыш Президент қорының ұйымдастыруымен бокстан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділовтің жүлдесі үшін жасөспірімдер арасында халықаралық турнир өтіп жатыр.
Жарыстың ашылу салтанатына Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Нұрбақыт Теңізбаев, «Динамо» спорт қоғамы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұлов, Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов, Олимпия ойындарының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков және тағы басқа атағы алысқа жайылған боксшылар мен спорт ардагерлері қатысты.
Тұрсынғали Нұржақыпұлы кезінде еліміздегі танымал боксшылардың бірі болды. Республикалық және Бүкілодақтық турнирлерде жүлде алып, КСРО спорт шеберінің күміс белгісін кеудесіне тақты. Тоқсаныншы жылдардың басында Ермахан Ыбырайымовты жаттықтырып, өз шәкіртінің Атланта Олимпиадасында қола және Сидней Олимпиадасында алтын медаль алуына сүбелі үлес қосты. Сонымен қатар Ермаханның әлем чемпионатының күміс пен қола жүлдегері, екі дүркін құрлық чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы деген атақтары бар.
1997 жылы Еділов ұлттық командамыздың тізгінін ұстады. Сол тұста отандық былғары қолғап шеберлері халықаралық аренада зор табыстарға қол жеткізді. Ең басты табысымыз – ғасырлар тоғысында алауы тұтанған Сидней Олимпиадасында Қазақстан құрамасының төрт бірдей боксшысының финалға шығуы. Нәтижесінде, Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ыбырайымов бас жүлдені олжаласа, Болат Жұмаділов пен Мұхтархан Ділдәбеков күміс медаль иеленді. Бір өкініштісі, арада 22 жыл өтсе де, жасыл құрлықтағы сол нәтижені біздің жуан жұдырықты жігіттеріміз әлі де қайталай алған жоқ.
Содан кейінгі жылдары да Тұрсынғали Еділов жаттықтырушылық қызметте жүріп, зор бедел жиды. Оның шәкірттері арасында Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарына қатысып, халықаралық жарыстарда жүлде алғандары да бар. Ал Талғарда әйгілі бапкердің құрметіне өтіп жатқан турнирде Қазақстанның бірқатар аймақтары және Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген 150-ден аса балғын былғары қолғап шебері бақ сынауда.