Бұл күндері аралас жекпе-жектің жанкүйерлері АСА промоушенінің мұрындық болуымен өтіп жатқан жеңіл салмақтағылар арасындағы Гран-при турниріндегі әр бәсекені қызыға тамашалауда. Бұл жарыстың жүлде қоры 800 мың АҚШ долларын құраса, бас жүлдені олжалаған спортшы 200 мың долларды иемденеді.
Үздік сегіздіктің сайысы ширек финалдан басталды. Бұл турнирде қазақстандық Артем Резников те (30 кездесу, 23 жеңіс, 17 нокаут) өнер көрсетуде. Оның жанама аты – «Спартак». «Алаш Прайд» клубы сапындағы Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласының тумасы тұсаукесер кездесуінде кезінде UFC пен Bellator сынды белді ұйымдарда айқасқан бразилиялық Дави Рамосты (14 кездесу, 10 жеңіс, 8 нокаут) ұпай санымен ұтып, жартылай финалға жолдама алды. Бұл межеде Артем дағыстандық Рашид Магомедов (32 кездесу, 25 жеңіс, 10 нокаут) пен черкес Әли Багов (43 кездесу, 31 жеңіс, 24 нокаут) арасындағы кездесудің жеңімпазымен күш сынасуға тиіс еді. Алайда осыдан бірер апта бұрын олар октагонға шыққанымен, бір-біріне соққы жұмсамай, көрермендерді әбден мезі етті. Соған қатты наразы болған АСА промоушенінің қожайыны Майрбек Хасиев екеуін де жарыстан шеттетті.
Дәл қазіргі кезде аталған ұйымның жетекшілері осы жарыста бақ сынауға лайық спортшылардың кандидатурасын қарастыруда. MMA.Metaratings.ru сайты таратқан мәліметке сүйенсек, үміткерлер қатарында Дауд Шайхаев, Аурел Пиртеа және Павел Гордеев сынды танымал файтерлер бар. Олардың есімдері жанкүйерлерге жақсы таныс. Атап айтсақ, чешенстандық Шайхаев аралас жекпе-жектен 17 кездесу өткізіп, 13 рет жеңіске жетті. Тоғыз бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Румыниялық Пиртеа 35 айқастың 23-ін өз пайдасына шешіп, 18 мәрте айқын басымдыққа ие болды. Түмендік Гордеев 24 кездесудің тек үшеуінде ғана ұтылды. Ол жеті қарсыласын нокаутқа жіберді. Міне, осы спортшылардың бірі жартылай финалда біздің Артем Резниковпен айқасуы мүмкін.