Шайбалы хоккейден Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан Қазақстан Президенті кубогының тұсаукесер кездесуінде сүрінген «Барыс» келесі ойында жеңіске жетті.
Бұл жолы жерлестеріміз Нижнекамскінің «Нефтехимигімен» күш сынасты. Бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ. Үзілістен кейін Михаил Рахманов нысананы дәл көздеп, «Барысты» алға шығарды. Үшінші кезеңде Линден Вей мен Дінмұхамед Қайыржан мергендік танытты. Есеп – 3:0. Екінші кездесуінде Магнитогорскінің «Металлургі» 2:1 есебімен Екатеринбургтің «Автомобилисінен» айласын асырды. Жеңімпаз команданың сапында Филипп Майе мен Семен Кошелев гол соқты. Сөйтіп, қатарынан екі матчта басымдық танытқан магнитогорскілік хоккейшілер жарыс кестесінде көш бастады.
Бүгін «Барыс» пен «Металлург» өзара шеберлік байқасады. Осы кездесуде жеңіске жеткен команда аталған жарыстың бас жүлдесін олжалайды.