Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында еліміздің алдағы уақытта қарыштап дамуын және жаңа саяси бағытын айқындап бере отырып үлкен міндеттер қойды. ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қатері анықталып, сол сын-қатерлерге қарсы тұрып, тығырықтан шығудың жолын қарастыру уақыт күтпейтін мәселе екенін атап өтті.
Биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында да Президент дамыған 30 елдің қатарына кіру бағытында «Қазақстан-2050» Стратегиясы жол сілтейтін шамшырақ ретінде еліміздің негізгі мақсаттарын жоғалтпай, адамдардың күнделікті өмірінің проблемаларын шешуге мүмкіндік беретінін баса айтты. Жолдауда Елбасы «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасына сәйкес суармалы жерлердің 15 пайызын су үнемдеу технологияларына көшіруді, су тапшылығы мәселесін шешуді басты назарға алуды тапсырды.
Өйткені суға деген тапшылықтың өсуі, жер үсті және жер асты суларының ластануы орасан зор, нормативтен тыс су шығындары, халықты таза ауызсумен қамтамасыз етудегі бар проблемалар, мемлекетаралық су бөлу проблемалары, климаттың өзгеруі салдарынан су ресурстарының сарқылу қаупін тудыруда. Бұл қауіптің алдын алу сумен қамтамасыз етуді арттыру, су ресурстарын реттеу және басқару стратегиясының дұрыс таңдалуына тікелей байланысты. Өйткені, қазіргі күні Орталық Азияда, Қазақстанда суды пайдалану мәселесі аса күрделі сипатта тұр. Ғалымдардың болжамдарына қарағанда, қазір еліміздің су қоры азайып келеді. География институты ғалымдарының жер асты және жер үсті су ресурстарына жүргізген зерттеу нәтижелері суды үнемдейтін жүйеге көшпесек, елімізде 2030 жылдан соң су тапшылығы туындауы мүмкін екендігін көрсетеді.
Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров Үкімет сағатында жердің құнарлылығы, су және биологиялық ресурстар қысқарып келе жатқаны, орман және басқа экожүйелердің тозуы, тұщы су тапшылығы бүкіл әлемде қарқындап өскені, қазіргі таңда Қазақстандағы су тапшылығы 20 пайыз екендігі туралы мәліметтер келтірген болатын. Міне, бұл мәліметтердің барлығы елімізде су тапшылығы мәселесінің өткір күйінде тұрғанын білдіреді.
Өткен жылдың соңында су ресурстарын басқару жөнінде 2014-2040 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Бағдарламаның мақсаты су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сонымен қатар, су ресурстарын тиімді реттей отырып, гидрологиялық тәртібін жақсарту болып табылады. Жер ресурстарын басқару агенттігінің ақпаратына қарағанда, елімізде 2010 жылы 1991 жылмен салыстырғанда суармалы жерлер көлемі 298 мың гектарға дейін азайып кеткен, 575 мың гектар суармалы жер ауылшаруашылық айналымынан шығып қалған. Пайдаланылымдағы суармалы жерлердің өзі көп күтімге зәру. Ал осы жылдар аралығында қосалқы жерлердің көлемі 8 есеге ұлғайып, 423 мың гектарды құрапты. Бұдан бөлек бұрын қолданыста болған 20 мың гектар суармалы жер жекеменшік үй, жол, өндіріс орындарын салуға және басқа да мақсаттарға берілген. Ал қазірге дейін пайдаланылып келген суармалы жерлер тұзданып, олардың құнарлылығы мен өнімділігі төмендеуде.
Тоқсаныншы жылдары еліміздегі суармалы жер көлемі егістіктің 6 пайызын құрап, егіншілік өнімдерінің 30 пайызы өндірілген болса, бүгінде бұл көрсеткіш екі есеге жуық төмендеді. Суармалы егіншілік еліміздің шөл, шөлейт аймақтарында жиі-жиі қуаңшылық болып тұратын аудандарында қарқынды дамыған. Суармалы егіншілік көлемінің 80%-дан астамы Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Алматы және Жамбыл облыстарында орналасқан. Халқы тығыз, негізінен суармалы егіншілікпен айналысатын аталған облыстарда суармалы жерлердің 15-33 пайызы пайдаланылмайды. Ал қолданыстағы суармалы жерлердің өнімділігі де 25-50 пайызға дейін төмендеген.
Осы тығырықтан қалай шығуымыз қажет? Біріншіден, Жолдауда көрсетілгендей, егін шаруашылығында суды көп қажет ететін, тиімділігі төмен дақылдардың көлемін азайтып, тиімді азықтық өнімдермен алмастыру қажет. Топырақты өңдеуде заманауи технологиялар мен инновацияларды қолдану керек. Соның бірі – үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын өнеркәсіптік қуаттарды импорттауға және технологиялар алмасуға бағыттау. Бұл жерде ресурс үнемдейтін технологиялар мен ауылшаруашылық дақылдарын суарудың заманауи техникалық құрылғыларын қолдану арқылы суармалы егіншілікті жан-жақты интенсивтендіру, тозығы жеткен суармалы алқаптарды жаңғырту маңызды орын алады.
Қазақстанның оңтүстігіндегі суармалы егіншіліктің ең көне ауданының бірі болып Жамбыл облысы табылады. Бұл өңірдің аумағында еліміздегі суармалы жерлердің 10 пайызы шоғырланған. Ал бұл облыс үшін суды үнемдеудің бірден-бір жолы тамшылатып суару технологиясын жаппай енгізу және осы жаңа технологияны пайдалануда диқандарға қолдау көрсету. Өйткені, бұл технология ағын су тапшылығын төмендетеді, суды 3-4 есе үнемдеумен қатар, ылғал мен қоректік заттарды өсімдіктің тамырына дәл жеткізеді.
Су үнемдеу технологиясының отаны болып саналатын Израильде суармалы жердің 98%-ға дейін бөлігі тамшылатып суарылуда. Тек жапырағын дымқылдандыруды қажет ететін 2% картоп плантацияларында жаңбырлатып суару қолданылады. Тамшылатып суару АҚШ пен Австралияда – 90%, Германия, Ұлыбритания, Италия, Испания және Францияда суармалы жердің жартысынан астамында қолданылуда. Қытайда жүйекпен және тақталап жер бетімен суару тәсіліне тыйым салынуда. Бұл елде көкөніс дақылдары мен бақшаларды айтпағанда, біраз уақыттан бері күріш, жоңышқа тәрізді суды көп талап ететін дақылдарды тамшылатып суаруға көшті.
Сонымен бірге бұл технология суармалы егіншілікті жан-жақты интенсивтендіруге және экологиялық ахуалын жақсартуға септігін тигізеді. Бұған дәлел ретінде М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде Шихези университетімен (ҚХР) жасалған білім және ғылым саласындағы халықаралық қарым-қатынас жөніндегі келісімшарттың аясында 2010 жылдан қазіргі кезге дейін «Қант қызылшасын тамшылатып суару және пластикті мульчирлеу арқылы өсіру технологиясын зерттеу» тақырыбында орындалған халықаралық жобаның нәтижелерін айта аламыз. Зерттеулердің нәтижесінде қант қызылшасын топырақты пластикпен жауып тамшылатып суарудың тиімді технологиялық схемалары мен суару мөлшерлері анықталды. Тәжірибенің тиімді нұсқаларында қант қызылшасының өнімділігі 630-670 ц/га және қанттылығы 15,5-15,8 %-ды құрады. Алынған екі жылдық нәтижелер тамшылатып суару технологиясының қант қызылшасын өсірудегі пайдасының зор екенін және осы технологияға қажет қондырғы-жабдықтарын өндіріске қойып, шығаруға атсалысатын уақыт жеткенін көрсетеді.
Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің мәліметтері бойынша, 2012 жылы жалпы суды пайдалануда ауыл шаруашылығы саласының үлесі 84% болған. Бұл салада суды ысырап жасаудың деңгейі өте жоғары, яғни 66% cу бей-берекет ағып кетеді екен. Агроөнеркәсіп кешеніне су үнемдейтін технологияларды енгізу және суару жүйелерін жаңғырту су тапшылығының 43%-ын азайтуға немесе жыл сайын 5,3 млрд. текше метр суды үнемдеуге әкелетіні болжанып отыр. Екіншіден, су шаруашылығының мамандарын дайындау және мамандардың біліктілігін арттыру қажет деп білеміз.
Кеңес заманында республикамызда және Одақ көлемінде су шаруашылығы мен құрылыс салаларына қажетті білікті мамандар дайындауды Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты мәртебесінің жоғары болғаны баршамызға белгілі. Бүгінде аталған институт даярлаған су шаруашылығының мамандары республикамызда және шет мемлекеттерде жемісті қызмет етуде. Қазіргі таңда Қазақстанның осы саладағы білікті ғалымдары мен мамандары шоғырланған жоғары оқу орнына айналған, су шаруашылығы мен құрылыс салаларына қажетті білікті мамандар дайындаудың 50 жылдық бай тәжірибесі бар М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің су ресурстарын тиімді пайдалану мен су шаруашылығы, құрылыс нысандарын жобалауда ғылымның инновациялық жетістіктерін пайдалана алатын мамандар дайындауда орны ерекше.
Мысалы, соңғы 50 жылда 30 мыңға жуық су мамандары даярланды. Университет мамандар дайындау бағыты уақыт талабына, қазіргі заманғы техника мен технологияға сай келетіндей, көпжылдық тәжірибе нәтижесінде жинақталған ең алдыңғы және болашағы бар тәжірибесін оқыту мен енгізуге бейімделген. Су мен жер – қоғамның әл-ауқатының негізін құрайтын ең маңызды табиғи ресурстар. Қазіргі таңда университет осы байлықты зерделі және тиімді пайдалана алатын, сондай-ақ, күрделілігі әртүрлі гидротехникалық, өнеркәсіптік және азаматтық құрылымдарды жобалайтын, құрылысын жүргізетін, пайдаланатын және бағалайтын, су және құрылыс нысандарының мониторингін жүргізе алатын, су пайдалану, су және жер қорларын қорғау жүйесін басқара алатын мамандарды дайындап шығарады.
Біздің ғалымдарымыз Тасөткел, Талас, Қызылқұм, Тентек, Қазалы, Түркістан сияқты ірі суландыру массивтерінің ғылыми негіздемелерін әзірледі. «Арал теңізі бассейнінде су және жер ресурстарын қорғау, суды тиімді пайдалану стратегиясы», «ТМД мемлекеттерінің аясында ауыл шаруашылығы жерлерін мелиорациялау тұжырымдамасы» университет ғалымдарының қатысуымен дайындалды.
Университеттің Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында, «Мойнақ» ГЭС мекемелерінде бөлімшелері бар, сонымен қатар, Калифорния университетімен (АҚШ), Санкт-Петербург мемлекеттік техникалық университетімен, Мәскеу табиғатты үйлестіру университетімен, Ташкент ауыл шаруашылығын ирригациялау және механикаландыру институтымен, Қырғыз аграрлық университетімен, «Сәтбаев атындағы канал» кәсіпорнымен және республикадағы басқа да су шаруашылығы мекемелерімен тығыз қарым-қатынаста. Университет екі жылда бір рет «Үркімбаев оқулары» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізуді дәстүрге айналдырған. Мұнда шет мемлекеттердің ғалымдарының қатысуымен әлемдік су мәселелері талқыланып келеді.
Осыларды ескере келе, су ресурстарын басқару және трансшекаралық өзендер мәселесіне қатысты жаңа мамандықтарды ашып, су шаруашылығына қатысты мамандықтарға мемлекеттік тапсырыстар санын ұлғайтып, Қазақстан бойынша мамандарды дайындауды Тараз мемлекеттік университетінде шоғырландырса, су шаруашылығын бәсекеге қабілетті кадрлармен қамтамасыз етудің бірден-бір дұрыс жолы болар еді.
Сейітхан ҚОЙБАҚОВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор.
Жамбыл облысы.