Спорт күні қарсанында Жетісуда жаңа стадион ашылды. Сарқан қаласындағы Н.Островский мектеп-лицейінде орналасқан ойын алаңы шағын шаһардың сәнін келтіріп тұр. Оның құрылысына жергілікті бюджеттен 35 млн теңге бөлінген.
Бұған дейін оқушылар тозығы жеткен көне алаңда жаттығып келген еді. Қазір іске қосылған жаңа спорт алаңының жалпы көлемі 1 800 шаршы метр, онда жасанды газон жабындысы төселген футбол алаңы, арнайы жүгіруге арналған резеңке жолақты жол, баскетбол және волейбол алаңдары бар. Стадион құрылысын «Millennium Story Group» ЖШС құрылысшылары жүргізген. Құрылыс жұмыстары биылғы маусым айында басталған болатын.
Сарқан ауданының әкімі Талғат Қайнарбековтің айтуынша, биылғы Балалар жылы аясында Сарқан қаласымен қатар, шалғай жатқан Қарабөгет, Көкөзек, Алмалы, Қарғалы ауылдарында заман талабына сай екі шағын, екі үлкен – жалпы 4 футбол стадионы, 5 стрит-воркаут және 8 балалар алаңы салынып, жыл соңына дейін қолданысқа беріледі.
Бұған дейін маусым айының соңында Сарқан қаласында жеке кәсіпкер өз қаражатына 300 адамдық «Жетісу» бассейн орталығын ашқан болатын. Мұнда келушілердің жас ерекшелігіне қарай үш бассейн тиісті қажеттіліктермен жабдықталған.
Жалпы, Спорт күніне арналған шаралардың аясында Сарқандағы «Жастар» саябағында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіліп, келушілерге нарықтағыдан төмен бағада 3 тонна көкөніс, 850 килодан астам ет, 300 литр сүт пен сүт өнімдері және басқа да азық-түліктер саудаланды.