• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 21 Тамыз, 2022

Қыздар үш жүлде алды

356 рет
көрсетілді

Болгарияның бас шаһары – Софияда еркін және әйелдер күресінен жастар арасындағы (U-20) әлем чемпионаты аяқталды. Бұл жарысты жігіттеріміз бір ғана жүлдемен қорытындылағанын біз бұған дейін баяндаған едік. 57 кило салмақ дәрежесінде сынға түскен Мерей Базарбаев күміс медальді мойнына ілді. Ол грекиялық Андреас Паротсидис, үндістандық Абхишек Дхаканы және украиналық Георгий Казанжиді қапы қалдырғанымен, финалда америкалық Иоре Расселл Волктан бір ғана ұпай айырмашылығымен ұтылды.

Күрестің бұл түрінде Иран құрама­сының қарқынына ешкім шыдай алмады. Парсы елінің үш бірдей пехлеваны жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Солардың арасынан Әмірхоссейн Биглар Фироузпоурбандпейді ерекше атап өтуге болады. 92 кило салмақта күрескен ол төрт кездесудің барлығын қоса алғанда 41:0 есебімен аяқтады. Барлығында да таза жеңіс. Бұл жарысты ирандықтар 3 алтын, 1 күміс және 4 қоламен қорытындылады. Екінші орында – АҚШ. Америкалықтар 2 алтын, 2 күміс және 1 қоланы иеленді. Үздік үштікті Әзербайжан түйіндеді. Қап тауының қырандары 2 алтын мен

1 күмісті еншіледі. София көгінде Жапо­ния (1+1+0), Франция (1+0+2) және Өзбекстанның да (1+0+1) әнұраны шыр­қалды. Сондай-ақ Үндістанның да спортшылары толағай табысқа қол жеткізгенін айта кетуге тиіспіз. Болгарияның астанасында олар жеті жүлде алды.

Еркін күрестен әлем чемпионы атанған балуандар: 57 кило – Йоре Расселл Волк (АҚШ), 61 кило – Юто Ни­шуиши (Жапония), 65 кило – Умид­жон Жалолов (Өзбекстан), 70 кило – Канан Хейбатов (Әзербайжан), 74 кило – Жабрайыл Гаджиев (Әзербайжан), 79 кило – Собхан Хоошан Яари (Иран), 86 кило – Рахим Магомедов (Франция), 92 кило – Амирхоссейн Биглар Фиро­узпоурбандпей (Иран), 97 кило – Бен­жамин Аллен Куетер (АҚШ) және 125 кило – Амирреза Масоуми Валади (Иран).   

Әйелдер күресінен өткен жарыстың алғашқы күні Мадина Аман өз жан­күйерлерін қуантты. 59 кило салмақта бақ сынаған ол бастапқы бәсекелерде басымдық танытып, жартылай финалда мажарстандық Виктория Боршошқа есе жіберді. Бұл бәсекенің де тағдырын бір ғана ұпай шешті. Одан кейін польшалық Александра Вероника Витосты сан соқ­тырған қазақ қызы қола медаль ие­ленді.

Келесі күні 53 кило салмақта белдес­кен Алтын Шағаеваның асқан шебер­лігіне тәнті болдық. Қазақтың қар­шы­ғадай қызы болгариялық Назифа Мұс­тафа Таир, америкалық Кэти Брайан Гомес және мысырлық Шайма Баракат Мұхаммедтің тас-талқанын шығарды. Бұл бәсекелердің үшеуінде де Шағаева айқын басымдық танытты. Финалда Азия чемпионы, үндістандық Антим Антимге есе жіберген Алтын күміспен күптелді. 72 кило салмақтағы Анастасия Панасович те дәл сол межеден көрінді. Ширек финалда болгариялық Ванесса Стоянова-Георгиеваны сүріндірген ол жартылай финалда жапониялық Сумире Никраны жолынан ығыстырды. Ақтық сында америкалық Амит Эйлормен күш сынас­ты. Бұл тартыста АҚШ спорт­шысының мысы басым болды. Жартылай финалда жапониялық Рюка Натамиді жеңе алмаған 57 килодағы Зейнеп Бая­нова қола медаль үшін таласты. Алайда украиналық Олександра Комонецке оның әлі жетпеді.

Болгариядағы бәсекені Қазақстанның бұрымдылары 2 күміс және 1 қола медальмен қорытындылап, жалпы есепте төртінші орынға табан тіреді. Атал­ған жарыс Жапония құрамасының айқын жеңісімен аяқталды. Күншығыс елінің сұлулары 8 алтын және 2 қоланы олжалады. Яғни осы біріншілікке қатысқан 10 спортшының барлығы да олжаға кенелді. Үндістан 1 алтын, 3 күміс және 3 қоланы иемденсе, АҚШ 1 алтын, 2 күміс және 3 қоланы қоржынға салды. 

Әйелдер күресінен әлем чемпионы атанған балуандар: 50 кило – Уми Ито (Жапония), 53 кило – Антим Антим (Үндістан), 55 кило – Мое Киюоока (Жапония), 57 кило – Рюка Натами (Жапония), 59 кило – Сакура Мотоки (Жапония) , 62 кило – Нонока Озаки (Жапония), 65 кило – Махиро Йошитаке (Жапония) , 68 кило – Ами Ишии (Жапония), 72 кило – Амит Элор (АҚШ) және 76 кило – Аяно Моро (Жапония). 

Сенбіде грек-рим күресінен бәсекелер басталды. Бір өкініштісі, Арменияның өкілдеріне қарсы келгенде біздің ба­луандардың барлығы да білгендерінен жаңылды. Мәселен, ширек финалда Искхар Құрбаев (55 кило) Карапет Манвеляннан ойсырай ұтылды – 0:8. Дінислам Сағитжан (63 кило) Арман Варданянға есе жіберді – 7:10. Ал Омар Сатаев (77 кило) тұсаукесер кездесуінде молдовалық Александр Гутуге есе жіберді – 5:13.

Алғашқы жарыс күні екі отандасы­мыздың ғана жеңіс тұғырына көтерілуге мүмкіндіктері болды. 130 кило салмақтағы Жоһар Ұзаров алғашқы айналымда ирандық Фардин Шабан Хедаятиден (0:4) жеңілгенімен, қарсыласының финалға шыққанының арқасында ол жұбаныш белдесуіне қатысты. Бірақ бұл межеде Жоһар армениялық Роберт Варданяннан (5:9) жеңіліп, жүлделі орын үшін таласу мүмкіндігінен айырылды.

 82 кило салмақтағы Мақсат Сайлау швециялық Алгот Каеллман (8:2), лит­валық Дамиан Матвиенко (8:0) және эстониялық Робин Успенскийді (8:0) ойсырата ұтқанымен, жартылай финалда Арменияның тағы бір апайтөсі Виген Назарянға (0:9) лайықты қарсылық көрсете алмады. Десек те намысқа тырыс­қан Мақсат шешуші тұста украиналық Ми­кита Алексеевтен (3:0) айласын асы­рып, қола медальді мойнында жарқы­ратты.

Жексенбіде тағы бес салмақ дәрежесі бойынша бәсекелер өтті. Бұл бәсекелерде Қазақ елі намысын Бақытжан Қабдыл (60 кило), Дінмұхаммед Қошқар (67 кило), Мерей Мәулетханов (72 кило), Әзімхан Әбдіәлиев (82 кило) және Юсуф Мациев (97 кило) қорғады. Бұл жарыстың қорытындысын газетіміздің ертеңгі санында жариялаймыз.