Футболшы боламын деген арманын тәрк етіп, амалсыздан өзге салада еңбектеніп жүргендер жетерлік. Елімізде қолға алынған «Super Bol» бірегей жобасы шеңберінде тасада қалған таланттардың тынысы ашылуына жағдай жасалды. Осы уақытқа дейін жер-жерде іріктеу кезеңдері ұйымдастырылып, 16 мен 25 жас аралығындағы 6 мың үміткердің ішінен 25 үздік суырылып алға шыққан еді. Жуырда жоба өз мәресіне жетіп, кіл мықтылар кәсіби түрде мансабын жалғастыруға мүмкіндік алды.
Жарқын жоба ел футболының отаны саналатын Семей қаласынан бастау алып, Павлодар, Ақтөбе, Ақтау, Тараз, Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында жалғасты. Жоба жетекшілері үш айға жуық уақыт ішінде үміткерлердің аяқ алысын байқап, үздіктердің есімін күнделігіне түртіп отырды. Шын мықтылар ауылдан шығады дейміз ғой. Дей тұрғанмен жоба биыл алғаш рет қолға алынғандықтан әзірге шалғай елді мекендерді қамту алдағы уақыттың еншісіне қалдырылыпты. Соның өзінде облыс орталығында өткен іріктеулерге 400 шақырым жолды артқа тастап, ауылдық жерлерден арнайы ат басын бұрғандар көп болыпты. Мәселен, Баянауыл ауданы Майқайың кентінен келген өрендер алыстан бекерге келмегенін дәлелдеп, үздіктердің қатарынан табылды.
Іріктеуден іркілмей өткендер соңғы бір ай бойы Талғардағы ұлттық құраманың базасында шеберліктерін шыңдады. Әр апта сайын азулы командалармен жолдастық кездесулер өткізіп тұрды. Тіпті өз «заманында» Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғаған танымал ардагер футболшылармен шеберлік байқасып, мол тәжірибе жинақтаған еді. Атап айтсақ, Самат Смақов, Давид Лория, Нұрбол Жұмасқалиев, Андрей Карпович, ағайынды Азовскийлер, Фархадбек Ирисметов, Дмитрий Бяков, Александр Кучма, Максим Жалмағамбетов, Қайрат Әшірбеков, Данияр Мұқанов, Сергей Бойченко, Юрий Новиков, Игорь Солошенко, Руслан Балтиев, Эдуард Сергиенко секілді футболшылармен доп тебу бақыты бұйырды. Сондай-ақ жолдастық кездесуге кезінде Испанияның «Реал Мадрид», Италияның «Интер» клубында жасындай жарқылдаған Эстебан Камбьяссо арнайы шақырылған болатын.
«Super Bol» жобасының «Астана Арена» стадионында өткен шешуші сәті тартысқа толы болды. Жоба қатысушылары қорытынды кездесуді еліміздің бірінші лигасында бақ сынайтын «Жеңіс» командасына қарсы өткізді. Шешуші деп ойып тұрып көрсеткеніміз тегін емес. Себебі бұл матчқа шетелден, алыс-жақыннан 60-тан астам скаут келіп, шеберлігімен көзге түскен ойыншыларды өз командасының қатарына қосуға ниет танытты. Олардың арасында азулы деген италиялық «Торино» мен мәскеулік «Спартактың» мамандары, «Челси» командасының техникалық директоры Клод Макелеле болды. Қысқасы, бұл кездесуде «Super Bol» жобасы қатысушыларының тағдыры шешілді.
Кездесуге тоқталсақ, қос команданың ойыншылары да барынша мықтылығын көрсетуге тырысты. «Жеңіс» командасы төменгі лигадан енді ғана көтеріліп, «абырой жинап» жүргендіктен жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленуге барын салды. Кездесудің алғашқы жарты сағаты суперболдықтардың шабуылымен есте қалды. Әсіресе команда капитаны Аянхан Дунайбектің белсенді ұмтылысын атап өткен жөн. «Жеңіс» командасының аяқдопшылары да қарап қалған жоқ. Тактикалық шабуылдарын ұйымдастырып, қарсыластың аптығын басуға тырысып бақты. Десе де Аянханның ширақ қимылы өз нәтижесін берді. Қақпашымен бетпе-бет қалған сәтте қорғаушылардың бірі Аянханды сұлатып түсіріп, кездесудің бас төрешісі Равшан Ирматов пенальти белгіледі. Иә, қалыс естіген жоқсыз. Бұл кездесуге 2015 жылы әлемнің ең үздік төрешісі атанған өзбек маманы қазылық етті. Пенальтиді Әлібек Жәрдемов сәтті орындап, командасын алға шығарды.
Екінші таймда да алма-кезек шабуыл толастаған жоқ. Десе де таблодағы есеп кездесудің аяғына қарай жиі өзгерді. Кездесудің 81 және 84-минуттарында «Жеңіс» командасының ойыншысы Саян Мұқанов дубльдің авторы атанды. Ал кездесудің 90 минутында Аянхан ақыры дегеніне жетіп, есепті теңестірді. Кездесуден кейінгі пенальти сериясында 6-5 есебімен «Super Bol» командасы жеңіске жетіп, жобаның нүктесін тамаша қойды.
Кездесуден кейін көпшіліктің асыға күткені трансфердің барысы еді. Әрине, кездесу аяқтала сала бәріне бірдей келісімшарт ұсыныла бермес. Мамандар жақсылап ойланып, әріптестерімен ақылдасып, бір тоқтамға келетіні түсінікті. Дей тұрғанмен, алғашқы трансфер көп күттірген жоқ. Баянауылдық жас талант Жақсылық Кенжебаевқа «Ақсу» (Павлодар) командасы «құда түсті». Жақсылық бұл жобаға қатысу үшін зауыттағы жұмысын тастауға бел буған. Бала күнгі арманына қол жеткізу үшін осындай қадамдарға барған ол мақсатына жетті де. Кездесуден кейін көзіне ерік берген ол: «ата-анамның үмітін ақтадым» деп қуаныштың жасын сүртті.
Одан кейін Әлібек Жәрдемовке «Ақтөбе» командасы ұсыныс жасағаны хабарланды. Ал Аянхан Дунайбекке «Мақтаарал» командасы қызығушылық танытқан көрінеді. «Жеңіс» командасының бас бапкері Ринат Алюетов те кездесуге дейін «Super Bol» жобасы қатысушыларының ішінен 2 ойыншыға көз түскенін айтқан болатын. Бастысы, жобаның мақсаты орындалып келеді. Жақын күндері жоба қатысушыларына жан-жақтан ұсыныстар түсіп, сүйінші хабарлар көп болады деген сенім мол.
Естеріңізге салсақ, «Super Bol» жас футболшылар жобасын Президент жанындағы «Dara» дарындыларды қолдау қоры және Freedom Broker инвестициялық компаниясы қолға алды. Жобаның хедлайнерлері – Давид Лория мен Самат Смақов.
– Нағыз мықтылар ауылдан шығады. Бірақ көбі сол жақта қалып қояды. Біздің жобаның мақсаты – соларды анықтап, баптап, үлкен ойындарға қосу. Әрине, қалалық жерлердегі жастар да назарда, – деді «Super bol» жобасының бас менеджері Давид Лория.
Әрине, жоба алғаш рет ұйымдастырылғандықтан азды-кем олқылықтардың орын алуы заңдылық. «Super bol» жобасының креативтік продюсері Айдын Қожахмет алдағы уақытта әлі талай өренге үлкен мүмкіндіктер берілетінін жеткізді. Көпшіліктің күткені де сол. Ендеше, іске сәт!