Түркияның Конья қаласында V Ислам ынтымақтастығы ойындары аяқталды. 10 күнге созылған байрақты бәсекелерге 55 мемлекеттен келген 4 мыңнан аса спортшы қатысты. Олар 24 спорт түрі бойынша 355 жүлдені сарапқа салды. Солардың қатарында Қазақстан құрамасы да бар. Жалпы саны 89 (27 алтын+23 күміс+39 қола) жүлдеге қол жеткізген жерлестеріміз Исламиаданың командалық есебінде бесінші орынға табан тіреді.
Жарыстың соңғы күні каратэден +61 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан София Берульцева Қазақ елінің Әнұранын шырқатты. Токио Олимпиадасының қола жүлдегері және Дүниежүзілік ойындардың жеңімпазы деген атағы бар жерлесіміз Коньяда бас жүлдені олжалады. 61 кило салмақтағы Әсел Қанай қолаға қол созды. Ол тек өзбекстандық Зулхумор Турсыналиева мен түркиялық Гульбанар Гезютоктан ғана қалып қойды. Тағы бір қоланы тунистік Вефе Манжуб еншіледі.
Спорттық гимнасшылар сайысында Аида Бауыржанова еркін жаттығуда алтын, томарда күміс және бөренеде қола медальді иеленді. Осыған дейін 3 алтын, 1 күміс және 1 қола медальді қоржынға салған кикбоксшылар тағы да өз жанкүйерлерін қуантты. Бұл жолы лоу-киктен Берік Ысқақов (63,5 кило) қарсылас шақ келтірмесе, Нұрдәулет Қалшора мен Шара Хамзина үшінші орынға табан тіреді.
Жекелеген спортшылар арасынан Рената Сұлтанованың асқан шеберлігіне тәнті болдық. 24 жастағы велошабандозымыз аталған жарыста үш рет алтыннан алқа тақты. Ол жеке сайыста, скретчте және омниумда алдына жан салмады. 50 және 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзген Әділбек Мусиннің де мерейі үстем болды. 400 метрлік қашықтықты 44,94 секундта жүгіріп Михаил Литвин Қазақстанның рекордын жаңартты. Ауыр атлеттер сайысында Айзада Мүптілда қоссайыстың қорытындысы бойынша 266 (116+150) килолық зілтемірді еңсеріп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Бұл – Исламиаданың рекорды!
Жоғарыда есімдері аталған саңлақтардан бөлек, жүзуші София Әбубәкірова (50 метр, баттерфляй) мен Аделаида Пчелинцева (50 метр, брасс), велотрекші Әлішер Жұмахан (жеке сайыс) мен Артём Захаров (омниум), гимнасшылар Аида Бауыржанова мен Елжана Тәниева, каратэші Қайсар Алпысбай, зілтемірші Арли Чонтей мен Зүлфия Чиншанло, әйелдер күресінің шебері Елена Шалыгина мен спорттың кейбір түрлері бойынша өткен командалық бәсекеде отандастарымыз алтын алып, барша жанкүйерді қуантты. Сондай-ақ команда қоржынын күміс және қола медальдармен толтырған басқа да спортшыларымызға айтар алғысымыз шексіз. Бұл жарыста барлығы 125 өреніміз спорттың 16 түрі бойынша бақ сынады.
Жалпы есепте Түркияға тең келер ешкім болмады. 341 (145-107+89) жүлде олжалаған жарыс қожайындары жарыс кестесінде жеке-дара көш бастады. Өзбекстан екінші орынды иеленді. Көршілеріміз 158 (51+42+65) медаль еншіледі. Үшінші орында – Иран. Парсы елінің өкілдері 133 (39+44+50) жүлдеге қол жеткізді. Төртінші сатыға жайғасқан Әзербайжанның қоржынында 99 (29+36+34) жүлде бар. Бесінші орында – Қазақстан. Сондай-ақ ТОП-10 команданың қатарына Марокко (15+13+34), Индонезия (13+14+29), Бахрейн (9+7+7), Қырғызстан (8+8+15) және Алжир (7+12+23) құрамалары енді. Исламиадада барлығы 18 мемлекеттің әнұраны шырқалып, 34 елдің туы көкте желбіреді.
Анадолы елінде «Қазақстан құрамасы табысты өнер көрсетті ме, әлде бұл нәтижеге көңіліміз толмай ма?» деген сауалға жауап алу үшін бұған дейінгі жарыстардың нәтижелеріне зер салған жөн. Ислам ынтымақтастығы ойындарының тұсауы 2005 жылы Сауд Арабиясында кесілді. Мекке, Медине, Жидда және Таиф қалаларында ұйымдастырылған додада жерлестеріміз 27 (13+8+6) жүлде алып, жалпы есепте үшінші орынды олжалады. Біз тек саудиялықтар мен мысырлықтардан қалып қойдық. Екінші жарыстың жалауы 2009 жылы Иранның бас шаһары – Тегеранда желбіреуге тиіс еді. Бірақ саяси жағдайға байланысты өтпей қалды. Үшінші Исламиаданы Индонезияның Аалембанг қаласы қабылдады. Оңтүстік Суматра аралында өткен дүбірлі додаға қазақстандықтар қатысқан жоқ. 2017 жылғы жарыстың шымылдығы Әзербайжанның астанасы – Бакуде түрілді. Каспий теңізінің арғы жағалауында отандастарымызға 19 (2+5+12) жүлде бұйырды. Екі алтынды да біз боксшылар сайысында жеңіп алдық. Нәтижесінде, 14 орынға тұрақтадық. Міне, осы деректердің өздері-ақ биылғы Ислам ынтымақтастығы ойындарында Қазақстан құрамасының сәтті өнер көрсеткенін анық аңғартып тұр.