Әңгімеміз – әскерден алған әсер. Кабинетте отырғаннан гөрі әскери техниканың кабинасында отырып сия төккен тәуір деп шештік. Сөйтіп, елорданың шетінде орналасқан Қазақстан Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің құрамындағы 68665 десанттық-шабуылдаушы әскери бөлімін бетке алдық. Сарбаздардың бір күндік өмірімен танысып, бір жылдық ғұмырының мәнісіне үңілдік.
Қарулы Күштердің элитасы
Бұл жақтың аурасы бөлек болатынын бармай жатып сезгенбіз. Өткізу бекетінен өте бере еңсеміз көтеріліп, бойымызды патриоттық рух кернеді. Әскери техникалардың макетін көргенде ұлан-ғайыр атырапты қасық қаны қалғанша қорғап қалған батыр бабалардың батыл бейнесі көз алдымызға келді. Сап түзеген сарбаздар алдымыздан шыққанда елдің ертеңіне нық сеніммен қарадық. Қаламды қаруға ауыстырып көріп едік, салмағынан-ақ сарбаздардың салмақты өмірге қадам басқанын сезіне түстік.
Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына – 30 жыл. Ел тыныштығын Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы және Әскери-теңіз күштері сияқты алып құрылымның сарбаздары кірпік қақпай күзетіп жүргені белгілі. Біз ат басын бұрған 68665 десанттық-шабуылдаушы әскери бөлімі Құрлық әскерлерінің құрамында. Аталған бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары-бөлім бастығы, подполковник Талғат Құлмановтың айтуынша, әскери бөлім 2003 жылы құрылған. Әу баста жеке десанттық-шабуылдаушы батальоны мәртебесі берілгенімен кейіннен штаттық өзгерістер орын алып, десанттық-шабуылдаушы бригадасы болып аталыпты. Яғни ауқымы кеңейе түскен. Әскери саладан хабары аз жандар біле бермеуі мүмкін, бұл әскер Қарулы Күштердің элитасы болып табылады. Жоғарғы Бас қолбасшының резерві саналады. Нұр-Сұлтан қаласындағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, бейбіт және соғыс жағдайында қауіп төнген аймақтарға шұғыл жетуге және кенеттен туындаған тапсырмаларды орындауға жұмылдырылады. Шекараға жақын орналасқан әскерлерге көмек көрсетіледі. Бітімгершілік операцияларына қатысу миссиясы тағы бар. Мұндағы Құрмет қарауылы ротасы сарбаздары елімізге сапарлап келген мемлекеттердің президентін, өзге де құрметті меймандарды күтіп алу сияқты ресми іс-шаралардың басы-қасында жүреді. Ал осындай маңызды міндеттерді мүлтіксіз орындап келе жатқан десанттық-шабуылдаушы бригадасының қатарынан табылу – сарбаздарға үлкен абырой!
Талапқа сай сайыпқырандар
Десанттық-шабуылдаушы бригадасының сарбазы болу бақыты екінің біріне бұйыра бермейді. Талаптары жоғары. Мұны бойы биік, денесі мығым, сапта түп-түзу тұрған сарбаздарды көргенде аңғардық. Сен тұр, мен атайын деп тұрған кілең білекті жігіттер.
Талғат Құлмановтың айтуынша, сарбаз әскери бөлімнің табалдырығын аттамас бұрын өз туған жерінде жіті медициналық тексерістен өтеді. Кейін психологиялық бағыттағы жұмыстар жүргізіледі. Десанттық-шабуылдаушы бригадасы қатарынан табылу үшін әскерге шақырылушының бойы 175 сантиметрден жоғары, дене салмағының индексі 18,5 кг/м жоғары болуы керек. Спортқа икемді, жүйке жүйесі қалыпты жігіттер іріктеуден іркілмей өтетінін атап өткен жөн. Кейін ант қабылдамастан бұрын әскери бөлімге әр жерден жиналған жігіттермен бір ай тиісті жұмыстар жүргізіледі. Ант қабылдаған соң, мамандық бойынша дайындық жұмыстары басталады. Сол мамандық бойынша бір жыл бойы білімін жетілдіріп, шымырлығын арттыра түспек.
– Күзгі және көктемгі әскерге шақыру науқанын есепке алсақ, жыл сайын біздің бөлімге 400-ге жуық сарбаз қатарға қосылады. Әр жылдары әр өңірдің жігіттері сапқа тұрады. Мәселен, былтыр мерзімді әскери борышын өтеушілер Алматы, Қарағанды және Түркістан облыстарынан шақырылды. Оған дейін Қостанай облысы, Алматы және Шымкент қалаларының өрендері ант қабылдаған болатын. Мерзімді әскери борышын өтеушілерден бөлек, келісімшарт негізінде еңбек етіп жүрген әскери қызметшілер бар. Былтыр әскер қатарын толықтырғандар осы жылдың қараша айында туған жеріне оралады. Десе де, келісімшарт бойынша қызметін жалғастыруға ниет білдіргендер аз емес. Жыл сайын сарбаздардың шамамен 15-20 пайызы осында қалады, – дейді Т.Құлманов.
Жоғарыда Құрмет қарауылы ротасы жайлы жаздық. Одан бөлек, десанттық-шабуылдаушы бригадасы құрамында «Алдаспан» батальоны, минаатқыш батареясы, «Қалқан» арнайы мақсаттағы десанттық-шабуылдаушы батальоны, әуеге қарсы қорғаныс батареясы, танкішілер ротасы бар. Атауларына қарап, сарбаздар сол бағытта ғана маманданған деп ойлап қалуыңыз мүмкін. Шын мәнінде кез келген ротаның сарбазы парашюттен секіріп, техника мен қарудың кез келген түрін қолдануға машықтанған. «Сегіз қырлы, бір сырлы» демекші, пулеметші де – өзі, мерген де, барлаушы да – бір өзі.
Парашют дегенге елең ете қалғаныңыз анық. Себебі биіктіктен секіру оңай емес. Сарбаздар болса 850 метр биіктіктен секіреді. Әрине, оған дейін арнайы дайындықтан өтеді, денсаулығы жіті тексеріледі. Әр сарбаз жылына кем дегенде 3 рет биіктіктен секіретін көрінеді. «Әр секірген сайын қорқыныш жоғалмайды. Сол үрейді жеңу үшін шынығамыз. Өміріңнің қауіпсіздігі өз қолыңда. Парашютті дұрыс жинай білу де аса маңызды. Қателік жіберуге болмайды», дейді сарбаздар.
Жалтарғандарға жауап
Соңғы уақытта әскери бөлімдерде сарбаз өлімі жиілеп кеткені белгілі. Жазатайым оқиға болса бір жөн. Өз-өзіне қол жұмсағандар көп. Жұртшылықты алаңдататыны да сол. Бейбіт күнде ұлдарынан айырылу кез келген ата-анаға оңай емес, әрине. Осы ретте, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан армиясындағы әскери қызметшілер арасында өлім-жітімнің жиілегеніне ерекше назар аударып, арнайы комиссия құруды тапсырған болатын. Президент келеңсіздіктердің себебін тергеп-тексеру, әскери қызметшілер арасындағы заңсыздықтарды жою және келешекте әскердегі мұндай теріс іс-әрекеттерді болдырмауды нақтылап, осындай жағдайға жол берген офицерлер жазаланатынын ескерткен еді.
Тоқетері сол, әңгіменің төркіні әлімжеттікке келіп тіреледі. 68665 десанттық-шабуылдаушы әскери бөліміне ат басын бұрғанда да сол түйткіл мазалай берді. Әскери бөлім бастығына да сұрақты турасынан қойдық. Әскерде әлімжеттік бар ма? «Бар» деген жауапты күтпесек те, басшылық әскердегі ахуалды баяндап берді.
– Бұл жерде бір уақытта мерзімді әскерге шақырылғандар ғана жүр. Былайша айтқанда, әлімжеттік көрсететін адам да жоқ. Келісімшарт негізінде жүргендердің жасы олардан әжептәуір үлкен. Бөлек казармада жатады. Қысқасы, өз араларында кикілжің туындамаса, ешкім қысым жасап, сес көрсетпейді. Соңғы кезде кейбір әскери бөлімде болып жатқан қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында әр сарбазбен психологиялық жұмыстар жүргізіледі. Сарбазды шымыр етіп шынықтыру бір бөлек, тәрбиелік, құқықтық бағыттағы сабақтар да өткізіледі. Әр сабақты, психологиялық әңгімелерді өз саласының білгір мамандары жүргізеді. Жарғыдан тыс қарым-қатынасты болдырмауға тырысамыз. Қай жерде жауынгерлік даярлық жақсы ұйымдастырылса, сол жерде әскери тәртіп бұзылмайды, – дейді Талғат Құлманов.
Сарбаздың бір күндік кестесін жіпке тізіп керек емес шығар. Анығы сол, мұндағы әр уақыт бағалы әрі мақсатты жұмсалады. Сарбаздың әскери өмірі таңнан тұра сала жүгіріп, сабақ оқумен шектелмейді. Әскерден жалтарғандардың көбі солай елестететіндей көрінеді. Мұнда бос уақытта кітап, газет-журнал оқып, теледидар көріп, музыкалық аспаптарда ойнауға жағдай жасалған. Казарманың жанына шағын футбол алаңы салыныпты. Арнайы спорт залы да бар. Сарбаздар жыл бойы әскери бөлімдер арасында ұйымдастырылатын түрлі спорттық сайыстарға қатысады. Өнерпаз сарбаздар мереке сайын, жалғыз мейрам күндері ғана емес, айына бір рет концерт ұйымдастырады екен.
Талғат Құлмановтың айтуынша, әр сарбаздың ата-анасымен кері байланыс орнатылған. Олар үшін «Ашық есік» күні ұйымдастырылып, әскердегі өмірді көрсету дәстүрі қалыптасқан. Әскери бөлім бастықтарының ұялы телефон нөмірі ата-аналарға берілген. Кез келген уақытта байланысып, баласының жағдайын сұрауға мүмкіндік бар. Ұялы телефон демекші, сарбаздарға аптасына екі рет (сенбі-жексенбі) ағайын-туыспен хабарласуға болады. Айтпақшы, сарбаздарға жақсы тәртібі үшін 10 күнге (жолға кеткен күндер есепке алынбайды) демалыс беріледі. Әр аптаның қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен сарбаздар бір күнге сейілдеуге босатылатынын да атап өткен жөн.
Сарбаздардың ас мәзірі көпшілікті қызықтыратыны анық. Бізге сарбаздармен бірге түскі ас ішу сәті түсті. Асханадағы тамақтар молынан үлестіріледі екен. Кейбір отбасылардың дастарханынан жиі табыла бермейтін салат та, жеміс те бар. Витаминдер де таратылады. Талғат Құлмановтың айтуынша, басқа-басқа десанттық-шабуылдаушы әскери бөлімінің ас мәзіріне ерекше мән берілетін көрінеді. Себебі мұндағы жауынгерлік дайындықтың қарқыны жоғары. Сәйкесінше, күш көп жұмсалған сайын ас мөлшері де молынан үлестірілмек.
Үлкен өмір баспалдағы
Аталған әскери бөлімнің жетістіктері аз емес. Еліміздің кез келген аймағында ұйымдастырылатын оқу-жаттығу жиындарына қатысу өз алдына халықаралық армия ойындарында бақ сынап, үздік нәтижелер көрсетіп келеді. Мәселен, 2020 жылы Мәскеу қаласында Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай ұйымдастырылған жауынгерлік сайыста «Үздік бригада» атағын жеңіп алған. Ол іс-шараға ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқанын атап өткен жөн. Елімізде өткізілетін жауынгерлік сайыстарда да әрдайым үздік үштіктің қатарынан табылады. Білім беру мекемелерінде ұйымдастырылатын патриоттық тәрбие беру бағытындағы іс-шараларға белсенді атсалысып, жастардың рухты болып өсуіне үлес қосып келеді.
Әскердегі мән-жайды басшылардың аузынан ғана естімей, сарбаздарды да әңгімеге тарттық. Қатардағы жауынгер Арсен Ошанов әскерге Алматы облысының Талғар ауданынан шақырылыпты. «Көзді ашып-жұмғанша туған жерге оралатын уақыт та таяп қалды. Жан қалауымен келгендіктен еш өкінбеймін. Көп нәрсені үйрендім. Өмірге деген көзқарасым өзгерді. Әскерге дейін аспаз мамандығын оқып жатқан едім. Әрине, қасық ұстау мен қару ұстаудың айырмашылығы – жер мен көктей. Әскерден оралған соң мамандығым бойынша еңбек етіп, елімнің дамуына үлесімді қосқым келеді», дейді ол.
Иван Староселец Қарағанды қаласынан шақыртылыпты. Кішкентай кезімде әскери киім киюге құмар болдым. Мектеп қабырғасында жүргенде десанттың формасын киіп жүрдім. Алғашқы әскери пәні мұғалімі «Елордаға ДШБ қатарына қосыласың» деп айтып жүруші еді. Мінекей, қазір еліміздегі ең үздік әскери бөлімдердің бірінде борышымды өтеп жатырмын. Замандастарыма әскерден қашпауға кеңес беремін. Үлкен өмірдің баспалдағы әскерден басталатынына көзім жетті», дейді сарбаз.
Келісімшарт бойынша қызмет етіп жүрген сержант Бекзат Пайзмаханов – Жамбыл облысының тумасы. 2016-2017 жылдары осы бөлімде мерзімді әскери қызметін өтеп, 2017 жылдан бастап келісімшарт негізінде қызметін жалғастырып жатыр. Бүгінде взвод сержанты. «Мұнда келісімшарт негізінде қызмет етіп жүргендерге барлық жағдай жасалған. Бөлімнің дәл түбінде орналасқан әскери қалашықта тұрамыз. Отбасының әр мүшесіне тегін медициналық көмек көрсетіледі. Балаларды тегін үйірмеге беру мүмкіндігі қарастырылған. Өзге де артықшылықтары мол. Мемлекет барынша қамқорлық танытып келеді. Біз де Отанымызды аянбай қорғауға күш саламыз!», дейді Бекзат.
Әскери бөлімде бір күнімізді өткізіп, ерекше әсермен оралдық. Иә, дені сау, ақыл-ойы жетілген әрбір азамат Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Келешектің тұтқасы болар ер азаматтарымыздың жасынан жігер-қайраты толысып, ширақ қимыл иесі атануы отбасыдағы тәрбиеден бастау алмақ. Тәуелсіз еліміздің еңсесін тік ұстайтын жастарымыздың патриоттық сезімі биік, күш-қайраты толық, жігері жалынды болғаны жарасымды емес пе?!