Премьер-Министр Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Павлодар облысында болып, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының даму қарқынымен, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту барысымен танысты, сондай-ақ облысты кешенді дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Павлодардың «Жасыл белдеуін» құру қажет
Үкімет басшысы ең алдымен мемлекеттен қолдау алып, 1 700 га жерде заманауи суару технологияларын қолдана отырып, картоп өсірумен айналысатын «AgroTrade PV» ЖШС шаруа қожалығына барды. Мұнда қуаттылығы 10 мың тонна көкөніс қоймасы салынды, сондай-ақ қазіргі уақытта жылына 10 млн тонна сүт өндіретін тауарлы сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Жобаға салынған инвестициялардың жалпы көлемі – 11 млрд теңге, оның 7,6 млрд теңгесі «Аграрлық несие корпорациясы» желісі бойынша жеңілдікпен несиелендіру және 2,7 млрд теңгесі субсидиялау есебінен салынды.
«Қазіргі азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерінің шиеленісуі және тамақ өнімдері бағасының өсуі аясында заманауи су үнемдеу технологиялары қолданылатын ауыл шаруашылығы жобаларын дамытуға баса назар аудару керек. Мұндай жобаларды басқа өңірлерде де қолға алу қажет деп санаймын. Мемлекеттік қолдау арқылы бұл үлкен әлеуметтік және экономикалық нәтиже бермек», деді Премьер-Министр.
Ә.Смайыловтың өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесуінде тұқым өсіру шаруашылығын субсидиялау, ауыл шаруашылығы техникасы мен минералдық тыңайтқыштарды сатып алу, мал шаруашылығын дамыту және құс шаруашылығын қолдау мәселелері көтерілді. Үкімет басшысы көтерілген әрбір мәселе бойынша егжей-тегжей түсініктеме беріп, облыс басшылығына бақылауда ұстауды тапсырды.
Одан кейін Премьер-Министр жылына 250 мың тонна алюминий өндіретін Қазақстан электролиз зауытының қызметімен танысты. Бұл зауыт өнімді ішкі нарыққа бағыттайды, сондай-ақ Түркия, Нидерланд, Бразилия, АҚШ, Италия, Болгария, Польша, Норвегия және басқа да бірқатар елге экспорттайды. Ол зауыттың облыс экономикасына айтарлықтай үлес қосып, өзінің әлеуметтік міндеттеріне жауапкершілікпен қарайтынын айтты. Сонымен қатар өндіріс қарқынын және экспортқа бағдарлануды сақтап, жаңа өткізу нарықтарына шығу қажеттігін айтты.
«Шығарындыларды азайту және өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу – облыс тұрғындары үшін бүгінгі ең өзекті мәселе. Сондықтан осы бағытта елеулі нәтижелер қажет. Ірі кәсіпорындар алдыңғы қатарлы экологиялық таза және қолжетімді технологияларға көшуі керек. Тау-кен металлургия және энергетикалық өнеркәсіп кәсіпорындары өндіріс қалдықтарын азайту, қайта өңдеу және қайта пайдалану жөніндегі стратегияны әзірлеуі қажет», деді Ә.Смайылов.
Облыс әкімдігіне Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен және кәсіпорындармен бірлесіп, шығарындыларды азайту мен өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеудің заманауи технологияларын қолдану бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Бұдан кейін Үкімет басшысы әр жылдары «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары бойынша мемлекеттік қолдауға ие болған архитектуралық шыныпакеттер мен шыныдан жасалған интерьер заттарын шығаратын «Стекломир» ЖШС кәсіпорнына барды. Компания өнімдері ішкі нарықта және көрші мемлекеттерде сатылады. Құрылыс саласын дамыту аясында құрылыс материалдарына қажеттілік артып келе жатқанын атап өтті. Осыған байланысты Үкімет осы өндірістік бағытты барынша қолдауға әзір.
«Біз отандық құрылыс материалдарын өндірушілердің белсенділігін қолдаймыз. Мұндай кәсіпорындар бізге құрылыс шығындарын едәуір азайтуға және әлемдік бағалардың ауытқуына тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді», деп түйіндеді Премьер-Министр.
Ана мен бала өлімін азайту керек
Үкімет басшысы «Достық» шағын ауданының құрылысы барысын тексерді. Оның бірінші кезегін 2023 жылы аяқтау жоспарланған. Қазіргі кезде мұнда 6 жаңа көппәтерлі тұрғын үй салынды, тағы 11 үйдің құрылысы мен инженерлік коммуникациялар тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шағын ауданда 2 мың оқушыға арналған екі мектеп, 600 балаға арналған екі балабақша, дене шынықтыру-сауықтыру кешені және жедел жәрдем стансасы салынады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа тұрғын үй саясатының негізгі қағидаты, әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру болуға тиіс екенін еске салды.
«Павлодар облысының әкімдігі тұрғын үй құрылысын дамыту, сондай-ақ жылу желілерін жаңғырту және реконструкциялау бойынша барлық шараларды қабылдауы қажет. Павлодарлықтарды жылумен және ыстық сумен үздіксіз қамтамасыз етуге ерекше назар аударған жөн», деп атап өтті ол.
Қазіргі уақытта Ресей тарапымен елдің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыру туралы келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтты. Сондай-ақ «Заманауи мектеп» өңірлік бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жүргізілген 880 оқушыға арналған №7 жалпы білім беретін мектепке барды. Елімізде білім беру саласын дамыту бойынша жүйелі шаралар қабылданып жатқанын атап өтті: жаңа мектептер салынып, мемлекеттік тапсырыс пен гранттар саны артып келеді. Атап айтқанда, Павлодар облысында жыл соңына дейін 6 700 оқушыға арналған 5 мектеп ашу жоспарланып отыр.
Жұмыс сапары барысында Премьер-Министр 2015 жылы іске қосылған 160 төсектік орынға шақталған облыстық перинаталдық орталыққа барып, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жыл сайын артып келе жатқанын, сондай-ақ облыста нәрестелер мен аналар өлімі көрсеткіштері жоғары екенін атап өтті.Осыған қоса түрлі ауруы бар балаларды оңалту үшін жағдай жасау – әкімдіктің осы саладағы негізгі міндеттерінің бірі екенін айтты.
Сонымен қатар жеңіл балқитын автомобиль дискілерін шығаратын «Вектор Павлодар» ЖШС кәсіпорнында да болды. Бұл өндіріс 2017 жылы жеке инвестициялар есебінен іске қосылған. Қазіргі уақытта шығарылған өнім экспортқа және отандық автозауыттарға жеткізіліп жатыр.
«Мемлекет осындай компанияларға қажетті қолдау көрсетуге дайын. Павлодар облысының әкімдігі импортты алмастыратын жобаларды іске асыруды кеңейтуі қажет», деп түйіндеді Үкімет басшысы.
Премьер-Министр таяуда жоспарлы жөндеуден шыққан Павлодар мұнай-химия зауытына барды. Кәсіпорын директоры Қуаныш Бишімов 8-27 шілде аралығында жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, зауыттың 7 айдың қорытындысы бойынша дизель отынын, бензинді және басқа да өнім түрлерін шығару бойынша көрсеткіштерді асыра орындағанын хабарлады. Үкімет басшысы мұның күзгі дала жұмыстары қарсаңында маңызды екенін атап өтті.
ПМХЗ басшылығы өз кезегінде кәсіпорынға келіп түсетін мұнайдың сапасы және жабдықты сатып алу кезінде еркіндікті барынша қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. Үкімет басшысы тиісті шешімдер қабылдау үшін мемлекеттік органдарға аталған мәселелерді пысықтауды тапсырды.
Ертіске автокөлік көпірі салынады
Премьер-Министр Әлихан Смайылов өңірдің кешенді әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді. Кеңес барысында облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, сондай-ақ Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов және Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник баяндама жасады.
Үкімет басшысы Павлодар облысы тау-кен өндіру, металлургия, химия өнеркәсібі және құрылыс саласы бойынша белсенді түрде дамып келе жатқан еліміздің аса маңызды индустриялық өңірлерінің бірі екенін атап өтті. 2022 жылы облысты дамытуға шамамен 134 млрд теңге қарастырылған, оған қоса республикалық бюджетті нақтылау аясында қосымша 23 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.
«Бұл қаражат өңірдің әлеуметтік қажеттіліктеріне, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, агроөнеркәсіп кешенін қолдауға және басқа да инфрақұрылымдық жобаларға бағытталған. Сапалы нәтижелерге қол жеткізу үшін олардың мақсатына сай пайдаланылуын және тиімді игерілуін қамтамасыз ету қажет», деді Ә.Смайылов.
Сондай-ақ өңірде азық-түлік өнімдерінің жетіспеушілігі мен бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша жоспарлы түрде жұмыс жүргізу қажеттігіне назар аударды.
«Бұл мәселе Үкімет деңгейінде үнемі қаралып отырады. Барлық қажетті құралдар мен механизмдер анықталған. Оларды белсенді түрде қолдану керек», деді ол.
Үкімет басшысының айтуынша, тағы бір өзекті мәселе – өңір экономикасын әртараптандыру. Осы мақсатта биыл жеке инвестициялар есебінен 44 млрд теңгеге жуық сомаға 66 жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Одан бөлек, 1,7 трлн теңгеден астам сомаға тағы 48 жоба жобалау сатысында тұр.
Кеңесті қорытындылай келе, Премьер-Министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктеріне облыс әкімдігімен бірлесіп Ертіс өзені арқылы өтетін автомобиль көпірін салуға, «Ленин – Ертіс – Русская поляна» және «1-МАЭС – Басқамыс – Разумовка» жолдарын реконструкциялауға, сумен жабдықтау объектілерін салуға және жылумен жабдықтау желілерін жаңартуға қаражат бөлу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Сонымен қатар әкімдікке Екібастұздың жылу энергетикалық орталығына техникалық аудит жүргізу және оның тиімді жұмысын қамтамасыз ету бойынша нақты ұсыныстар енгізу, сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» компаниясымен бірлесіп жыл соңына дейін нормативтік жай-күйдегі жолдардың үлесін республикалық желі бойынша 97%-ға дейін және жергілікті желі бойынша 93%-ға дейін арттыру тапсырылды.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдікпен бірлесіп өңірдің суармалы учаскелеріне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу жобаларына, ал Денсаулық сақтау, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктеріне әкімдікпен бірлесіп Павлодардағы №1 көпбейінді аурухананы реконструкциялауға қаражат бөлу мүмкіндігін қарау тапсырылды.
Сонымен қатар Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне кәсіпорындардың кешенді экологиялық шешімдерге жедел көшу мәселелерін қарауды, ал Оқу-ағарту министрлігіне әкімдікпен бірлесіп, үш ауысыммен оқытатын мектептер, оқушы орындары мен мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі орын жетіспеушілігі проблемаларын шешу үшін шаралар қабылдап, сондай-ақ жаңа оқу жылының басталуына сапалы дайындық жүргізуді тапсырды.
«Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешу орталық мемлекеттік органдар мен облыс әкімдігінің бірлескен тиімді жұмысына байланысты. Барлық әріптесімді осы бағытта белсенді түрде жұмыс істеуге шақырамын», деп түйіндеді Ә.Смайылов.
Павлодар облысы