• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 21 Тамыз, 2022

Экспорт көлемі өсті

2437 рет
көрсетілді

Жыл басынан бері маусымға дейінгі аралықта Қазақстанның өзге елдермен тауар айналымының құны 63,7 млрд долларға жеткен. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39,3 пайызға немесе 45,7 млрд долларға көп.

Биыл қаңтар-маусымда Қазақ­станның экспорты 56,3 пайызға өсіп, 42,2 млрд долларды құраған. «QazTrade» АҚ мәліметі бойынша, шикі мұнай сату – 84,7 пайызға, уран – 2 есеге, ферроқорытпа – 57 пайызға, сублимацияланған, тұндырылған немесе коллоидты күкірттен басқа күкірт – 3,2 есеге, бидай – 54,1 пайызға, мыс және катодты мыс – 16,5 пайызға және тас көмір тасымалы 2,1 есеге артуына байланысты жалпы экспорттық өсімге қол жеткен.

Өз кезегінде импорт 14,6 па­йызға өсіп, алты ай ішінде еліміз 21,4 млрд доллардың өнімін сырттан сатып алған. Негізінен импортталған та­уарлар – автомобильдерге арналған шанақтар (2,5 есе), бөлшек сауда үшін өлшеніп салынған дәрілік заттар (36,9 пайызға), қара металдардан жасалған өзге де бұйымдар (2,2 есе), мыс кендері мен концентраттары (5,3 есе), автомобильдер және тракторларға арналған бөлшектер мен керек-жарақтар (41,3 пайызға) және телефон аппараттары (22,7 пайызға).

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Сонымен қатар шикізаттық емес тауарлар да сырт елдерге біршама тәуір саудаланған. Оның алты айдағы айналымы – 31,6 млрд доллар және былтырғы ұқсас кезеңнен 20,6 па­йыз немесе 26,2 млрд долларға көп. Алғашқы жарты жылдықта шикізатқа жатпайтын тауарлардың экспорты 33,5 пайызға өсіп, 12 млрд долларға жеткен. Ал сырттан құны 19,6 млрд доллар болатын шикізаттық емес тауарларды сатып алыппыз. Әрине, бұл тұрғыда әлі де болса теріс сальдода екенімізді байқау қиын емес.

Жалпы, сауда экспорты бойынша негізгі сауда серіктес елдердің бестігіне – Ресей, Қытай, Италия, Түркия және Оңтүстік Корея кіреді.