Украина президенті Владимир Зеленский мен Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған және БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш кездесті. Үштіктің маңызды басқосуы Украинаның батысындағы Львов қаласында ұйымдастырылды.
Ердоған алдымен Потоцкий сарайында Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті. Тараптар стратегиялық серіктестік деңгейіндегі Түркия-Украина қарым-қатынастарының барлық аспектісін талқылады. Осыдан кейін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің қатысуымен үшжақты кездесу өтті. Небәрі 40 минутқа созылған кездесу барысында Украинадағы қақтығыстан бастап, бірқатар маңызды мәселе талқыланды.
Зеленский Біріккен Ұлттар Ұйымымен Киев-Мәскеу арасындағы астық келісіміне мұрындық болған Ердоғанның Украинаға сапарына қуанышын білдіріп, «Түркия президентінің Украинаға сапары – мықты елдің мықты қолдауы» деп бағалады. Ресей-Украина қақтығысы басталған 24 ақпаннан бері Украинаға алғаш рет барған президент Ердоған ортақ баспасөз мәслихатында: «Украинаның жер тұтастығы мен егемендігін қолдайтынымызды тағы бір рет атап өтейін» деп ұстанымын айқын көрсетті. Украина мен Ресей арасындағы соғыстың үстел басында шешілетініне сенім білдірген Ердоған дипломатиялық процесті жандандыру үшін халықаралық қауымдастықтың көбірек жауапкершілік алуы керегін алға тартты.
Украина президенті Львовтағы кездесуде Режеп Тайип Ердоғанмен астық кәсіпорнын жақсарту мүмкіндігін, Запорожье АЭС-ы төңірегіндегі жағдайды және басқыншылардың ядролық қарумен бопсалауын, Ресей уақытша басып алған Украина территориясынан астықтың ірі көлемде ұрлануы секілді мәселелер талқылағанын айтты. Тараптар қорғаныс саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне де тоқталған.
Түркияның Анадолы агенттігінің хабарлауынша, Украинаның қақтығыс кезінде қираған инфрақұрылымын қалпына келтіру үшін Анкара мен Киев арасында келісімге қол қойылды. Келісім бойынша екі ел арасында қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін арнайы жұмыс тобы құрылады. Арнайы топ Украинадағы жолдар, көпірлер, су және электр инфрақұрылымы, ауруханалар мен мектептер сияқты нысандарды қалпына келтіру бойынша жұмыстар атқарады.
Келіссөздердің басты тақырыптарының бірі – жаһандық ядролық апат қаупін арттыратын Запорожье атом электр стансасы төңірегіндегі әскери белсенділік. Бұл туралы Ердоған баспасөз мәслихатында: «Запорожье атом электр стансасы төңірегінде жалғасып жатқан қақтығыстарға алаңдаушылық білдіреміз. Жаңа Чернобыльді бастан өткергіміз келмейді», деді.
Украина президенті Зеленский де бейсенбі күні Біріккен Ұлттар Ұйымын Запорожье атом электр стансасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге шақырды.
Зеленский Львовта БҰҰ Бас хатшысы Гутерришпен кездескеннен кейін: «БҰҰ қауіпсіздікті, осы стратегиялық орталықты әскерлерден және Ресей күштерінен толық босатуды қамтамасыз етуі керек», деді. Сондай-ақ Украина президенті ресейліктердің нысанға жасаған шабуылын «әдейі жасалған» деп сынады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Гутерриш Ресей басып алған Запорожье атом электр стансасындағы жағдайға алаңдаушылық білдіріп, ол жерге жасалған кез келген залал «суицид» болатынын және әскерлерден босатылуы керегін алға тартты.
Түркия президенті Ердоған баспасөз мәслихатында Түркияның Украинаға жасаған гуманитарлық көмегіне де ерекше тоқталды. «Қақтығыс басталғаннан бері біз украин халқының шұғыл гуманитарлық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін 98 жүк көлігі гуманитарлық көмек жібердік және 325 мыңға жуық украиндықты уақытша елімізге қабылдадық», деді ол.
Сонымен қатар үшжақты кездесуде Украина-Ресей қақтығысын дипломатиялық жолдармен тоқтату мақсатында Украина астығын әлемдік нарыққа шығару үшін құрылған механизмнің белсенділігін арттыру мәселесі жан-жақты талқыланды.
Гутерриш БҰҰ-ның қыс келмей тұрып Украинадан астық экспортын арттырғысы келетінін айтты. Гутерриш Украина мен Ресейдің Түркия мен Біріккен Ұлттар Ұйымының арасында жасалған астық экспорты келісімін мақтап: «Алдағы қысқа қарай операцияларымызды кеңейту үшін бар күшімізді саламыз», деді.
Ал бейсенбі күні Киев жасаған мәлімдемеде астық тасымалдайтын 25-ші жүк кемесі Украинадан шыққаны туралы ақпарат тарады.